Газ кіргеннен не пайда?
Қарағанды қаласын газбен қамту міндеті 2021 жылдан бері жүргізіліп келеді. Облыс орталығына тартылған газ құбырының ұзындығы 1100 шақырымды құрап отыр.
Жоспар бойынша шаhарға көгілдір отын жеткізу 4 кезең бойынша іске асырылады. Ол жұмыстарды атқару 16 іске қосу кешеніне бөлінген. Қазір бірінші және екінші кезеңнің құрылысы толық аяқталды, үшіншісі биыл қыркүйек айында тапсырылады. Қалаған кезеңдер әлі жобалану үстінде. Әуелгі үш кезеңді қаржыландыруға республикалық бюджеттен 10 млрд теңге қаржы бөлінген. Қазыбек би ауданы әкімдігінің берген мәліметі бойынша бүгінде Қарағанды қаласы бойынша 6 мыңға жуық абонент орталықтандырылған газ құбырына тартылған. Үшінші кешен қосылғанда 2 мың үйдің ауласына газ келеді. Атқарушы билік өкілдерінің пайымдауынша, 2035 жылға дейін кеншілер қаласындағы 24 мың жер үй, 30 шағын және орта бизнес нысаны мен 100 өндіріс газбен қамтылады. Күні кеше ғана облыстық монополияға қарсы басқарма газдың әр текше метрі үшін төлемақы құнын 37 теңге етіп белгіледі. Алайда, әкімдіктегі стратегиялық жоспардың орындалуы тұрғындардың әлеуметтік ахуалына тікелей байланысты екені анық. Жұртқа арзан отын жеткенмен, оны орнату құны «айлығы шайлығына жетпей отырған» қарашаға тауқымет тудырып отыр. Жалақысы 100 мыңға жетпейтін жандар мен тұрмысы тұралаған тұрғындарға газ тарту расымен арман.
– Біздің аудандағы жер үйлерге газ былтыр тартылды. Ұста шебері болып істейтін көршім алғашқылардың бір болып үйіне газ орнатты. Ол сол кезде көгілдір отын кіргізуге бір миллион теңге жұмсағанын айтты. Үйіміздің жанындағы газ құбырына қосылу осыншама қымбат тұратынын естігенде, шошып кеттім. Біз секілді көпбалалы отбасылар мұндай қаржыны қайдан тапсын? Небәрі бір аптада жұтылатын менің еңбекақыммен қай банк несие бере қойсын? Отағасы екеуміз одан да қызуы аз, арзан көмірді місе тұта тұрайық деп шештік. Бәлкім, балаларымыз ер жеткенше газ тартудың бағасы арзандар деген үміттемін, – дейді Михайловка ауданындағы жер үйде тұратын Лена Иост.
– Былтыр үйімнің іргесіне келіп тұрған газға қосылсам деп қатты ынтықтым. Бірақ қаржылық шығыны бастан асады екен. Амалсыз шешіміме тоқтау салдым. Көмірден бас тартуымның негізгі себебін айтсам, біріншіден, үй үлкен әрі қоршаудан алыс тұрса, шығыны жоғары. Ал баспанаңыздың жылыту жүйесі, ыстық суы, моншасы газбен жылысын десеңіз, қызмет ақысы одан да қымбатқа түседі. Ол үшін арнайы қазандық алуға тура келеді. Мәселен, жүз шаршы метрден көп әрі көмірмен жылытатын пешті газға ауыстыруға, құбыр тартуға және өзге ұсақ-түйек жұмыстарға 700-800 мың теңге кетеді. Биылғы баға көтерілмесіне кім кепіл? Тағы бір ескеретін жәйт, көлемі екі есе үлкен құбыр тартылған жерден 2 шақырым алыс тұрған үйлерге одан көп ақша кетеді, – дейді Михайловка тұрғыны Еркебұлан Мадияр.
Мемлекет қазынасының миллиондаған қаржысына тартылған газ құбыры[U1] ның рақатын Қарағандының қақ ортасында тұрған Михайловка ауданының тұрғындары көре алмай отыр. Осындағы 4 мың жеке секторға газ келіп тұр. Алайда, бүгінге дейін бір мың адам сұйық отынды үйлеріне әкелген. Қалған 3 миллион қара халық пұшайман қалде. Бас пайдасын көксейтін аймақтағы үйге газ тартатын мердігер компаниялар халықтың базынасын елең қылар емес. Нарықтың заңдылығымен сөйлейтін өңірдегі осы 18 жекеменшік компаниялар шекті баға белгілеуге келгенде, тым сараң. Керісінше, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Қызмет ақысын қақан қазықтай 700-800 мың теңгеден бастап, 1 миллион теңге деп ұстап отыр. Алматы облысындағы мердігерлер де, 4 жыл бұрын жұртқа осындай баға ұсынған. Кейін бәсекелестер көбейген соң, орнату ақысы арзандады.
Биліктен қауқар бар ма?
Осыдан екі күн бұрын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев әлеуметтік желідегі парақшасында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға газ жүйесіне қосылу үшін облыстың тұрғын үйді жаңарту қорынан 5 жылға пайызсыз несие берілетінін хабарлады. Ол биыл аталған бағдарлама аясында 300 үйді қамтитынын, келесі жылы 500 үйге осындай жеңілдік қарастырылғанын айтты.
— Мәселе солай болған күннің өзінде, атқарушы билік газ тартатын мердігерлер алдына бағаны арзандату жөнінде мәмілеге отыру керек. Себебі қаражат мемлекет қазынасынан төленетін болғандықтан, билік қалай да, елдің мүддесіне бұра тартуы ләзім. Бір облыста үйге газ кіргізетін 18 компания бар деген аз көрсеткіш емес. Демек, әкімдікке арзан бағада қызмет көрсететін бәсекелесті таңдауға мүмкіндік бар. Жалғыз-ақ жолын таба білу қажет, – дейді экономика ғылымының докторы Аяпберген Таубаев.
Мамырдың 16-да, Астанада өткен газ саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардың алғашқы форумында «ҚазақГаз» ұлттық компаниясының төрағасы Санжар Жаркешов елімізде нақты анықталған газ қоры 3,8 трн текше метр, болжамдық ресурс көлемі 62 трн текше метр шамасында деп елге сүйіншіледі. Бірақ қазақ жерінің қойнауынан табылып жатқан табиғи ресурстардың игілігін қазақ қашан көреді? Ол бұлдыр болашақтың еншісіндегі мәселе. Бүгін бізді алаңдататыны, аулаға кірген газды төрімізге енгізе алмай отырғанымыз сор.
Үкімет пен мүйізі қарағайдай министрлер елдің қалтасын қағып, үмітін тауысқан түйінді шешуге дәрменсіз. Бұл бетімізбен көгілдір отынмен күн көретін кезге жетер ме екенбіз?