Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:29, 13 Шілде 2021

Газ сасыған қаладан далам артық

None
None

Жанып тұрған шөлдегі жалғыз жаяу...

       Белгілі саясаткер, қоғам қайраткері Дос Көшімнің алпыстың алтысына аяқ басқанда, Арал теңізінің табанынан жылдың ең бір ыстық мезгілінде жалғыз, жаяу өткені туралы хабар кейбіреулерге күтпеген жаңалық болған шығар, бірақ біз үшін тұрақты авторымыздың осы бір жеке жобасы тосын мәселе емес-ті. Дос Көшімнің 80-жылдары Кеңес Одағының «Адам және шөл» ғылыми-спорттық экспедициясының негізгі құрамында Орта Азия мен Қазақстанның барлық дерлік шөлдерін жаз айларындағы ең бір ыстық кезеңде жаяу жүріп өтіп, одақтық, әлемдік рекордтар (1988 жылы шілдеде  Аралдан Нүкіске жасаған 620 шақырымдық сапары әлі күнге дейін шөлден автономиялық өту жөнінде әлемдік көрсеткіш болып табылады) жасағанын біреу білсе, біреулер білмеуі мүмкін. Дос ағамыздың бұл сапарға дайындықты бір жыл бұрын бастағанын да жақсы білеміз. Сондықтан біз бүгінгі сұхбатымызды сол уақыттағы сұрағымыздан бастағанды жөн көрдік:

– Осы бір аса қиын да қатерлі сапардың сіз үшін не қажеті болды? Алдыңызға қандай мақсат қойдыңыз?

   – Әрине, ең қысқа жауап – «өзімнің қызығым үшін» деген бір ауыз сөз шығар. Мен далада жүргенді ұнататын жанмын. Содан ләззат аламын, рахаттанамын. Ал егер сол сапарлар қауіп-қатермен, қиыншылықпен өтетін болса, мен үшін ол нұр үстіне нұр болады. «Табиғатты жеңдім» деген сөзді жек көремін (Табиғат – ана болса, оны «жеңудің» өзі ақымақтық қой), мүмкін, сен өзіңді, өзіңнің әлсіздігіңді, қиындықтан қорқу сезімін жеңетін боларсың. Меніңше, осындай сапарлар өзіңді, өзіңнің жігеріңді, күшіңді сынап көрудің нақты жолдары болар. Біреу түсінеді, енді біреулер «осы ыстықта не жын қуып бара жатыр» деп таңданады, күледі, мазақ қылады. Біз өзіміз түсінгіміз келмейтін мәселені мазаққа айналдыруға құмармыз.

      Екіншіден, бұл «Аралды жаяу кесіп өттім» деп мақтану, атымды шығару үшін емес немесе атақ алып, марапат жинау үшін емес (1984 жылы Қарақұмды кесіп өткеніміз үшін ҚССР Ғылым академиясының Құрмет грамотасымен, ал 1988 жылы Арал-Нүкіс сапары үшін ДОСААФ-тың «Құрмет белгісімен» марапатталдық. Гиннесс кітабына дейін қолымыз жетті. Бұл саладағы марапаттар жеткілікті), азаматтарымызды далаға шығару үшін жасаған қадамым. Баяғыда осындай сапарлар көп болатын. Шетелдерде экстремалды саяхаттар әлі күнге дейін миллиондаған жандардың беріле айналысатын саласы. Біреулер қалтылдаған қайықпен жалғыз өзі мұхитты кесіп өтсе, енді біреулер таудың шыңына шығуға тырмысатын, ал енді бір жанкештілер өткел бермес буырқанған тау өзенімен ағуды сағынатын. Кейін отбасы болып, көгілдір экранның алдына байланып қалдық, қазір оны да қойып, бұрыш-бұрышқа отырып телефон шұқылауға көштік.

        «Турист» деген сөз Дубай мен Египетке барып, суға түсіп, қарындарын сипап жататын адамдарға қатысты қолданылатын болды, ал «саяхатшы» деген тамаша сөз, романтикалық ұғым ұмытылып кеткен сияқты. Сондықтан менің кішкене сапарым біреулерге ой салып, енді біреулерді ұйқысынан оятса екен деп ойладым. Үшіншіден, «экстремалды туризм» деген ұғым бар. Мен оны «жанкешті жиһанкездік» деп аудардым. Бұл – туризмнің қазақ жерінде ең кенже қалып, өте баяу дамып келе жатқан саласы. Ал біздің даламыз, шөлдеріміз нағыз экстремалды туризмді дамытуға арналған жерлер. Оны тек қазақтар ғана дамытады. Мүмкін, келесі жылы тағы бір қиын соқпақтармен өтерміз. Ал Қаратерең мен Барсакелместің арасы әлемдік марафонға сұранып тұр.

        Меніңше, Қазақ елінің туризмі Қожа-Ахмет Ясауидің кесенесімен немесе Астана қаласының жансыз ғимараттарымен шектеліп қалмауы керек. Жанкешті жиһанкездік барысында қазақтың даласымен, адамдарымен, проблемасымен, адам аяғы баспаған таза, табиғи сұлулығымен тікелей танысуға мүмкіндік туады. Айтыла-айтыла ақжем болып қалған, ақпараты құлағыңды сарсылтқан жерлерді емес, бұрын ешкім бармаған не бара алмаған, тәуекелдің қайығы ғана көтеретін ғажайыптардың куәсі боласың. Әрине, бұған жан-жақты дайындық керек және қайсарлық пен жүректілік қажет. Сол арқылы біз жастарды елін, жерін сүюге, қиыншылықтарды жеңе білуге тәрбиелейміз.

– Сапарыңыз қалай өтті, оқыс оқиғалар мен күтпеген жайттар болды ма?

  – Мойындауым керек, сапар өте ауыр болды. Әрине, бесжылдық тәжірибе босқа кетпейді, мен өзімді не күтіп тұрғанын жақсы білдім. Бірақ жасымыз ұлғайса да, күш-қуаттың азайғанын мойындағымыз келмейді. Екінші күні 37 шақырым жүрсем, одан кейінгі күндері 20 шақырымнан зорға асатын болдым. «Мен ұрлыққа шыққанда Ай жарық болды» дегендей, мен жолға шыққан күндері онсыз да күйіп тұрған күн жанып, қайнап кетті. +45-46 градус, кейде 50-дің үстіне шықты. Қысқасы, шөл сапарындағы екі дилемма күрделі мәселеге айналды.

       Бірінші дилемма. Шөлде күн астында көп жүре алмайтының белгілі, сондықтан жүру мен ұйқыға бөлінетін уақыт бір-бірімен «таласқа» түседі. Егер таңғы сағат 8-9-дан кешкі 8-ге дейін жүрістің тоқтайтынын ескерсек және түнгі салқынмен кем дегенде бес сағат ұйықтап алу қажеттілігін мойындасақ (онсыз сусыма құмды есіп, бір күн бойы жүретін күш-қуатты жинай алмайсыз), бұл жерде жеңіл шешім таба алмайтынымыз анық. Мен таңғы сағат төрт жарымдарда тұрып, бесте жүрісті бастап, сегіздерде аяқтап, 15 шақырымдай жол жүрсем, кешке сегіздерде қайтадан жолға шығып, он жарымға дейін жүріп отырдым. Бұл да 10-12 шақырым. Ал жер бедері жүруге ауырлық қылса, 10 шақырым да жүре алмайсыз. Демек, не ұйқыны қысқарту керек, немесе күнделікті жүретін жолыңды азайтуың шарт. Бұл дилемма көп жағдайда ұйқының емес, жолдың пайдасына шешіледі.   

       Екінші дилемма. Менің күніне бір жарым литр су ішемін деген межем, анығын айтсам  талпынысым, жүзеге аспайтын арман екені бірінші күні-ақ белгілі болды. (Барлық зерттеулер шөлдегі бір күндік судың мөлшерін 4-4,5 литр деп белгілейді). Суды көп алып жүрсең – ауырлық та көбейеді, демек, жүрісің де баяулайды. Ал өзіңе қажеттіліктен аз алатын болсаң, салмағың жеңілдейді, бірақ келесі суға жете алмау қаупі туындайды. Мен осы бір шешімі ауыр дилеммада тәуекелдің жолын таңдауға мәжбүр болдым. Жолқапшықтың ауырлығы күш-қуаты шектеулі адамды мүлдем тұралатып кететінін түсінгендіктен, артық су алғаннан гөрі «суды аз ішу» әдісіне көшуге тура келді. Айтпақшы, жолға алып шыққан тамағымды жеп те жарытқан жоқпын, алты күннің ішінде бір рет қана тамақ жылытып жедім, аузыма бес-алты малта салдым, үш-төрт құрма жедім, бір рет шай қайнатып іштім. (Шөлде адамның тамаққа тәбеті де болмайды. Бірде, 80-жылдары, біз Қарақұмда тоғыз күн нәр татпай жүргеніміз есімде). Қысқасы, күнде менің ағзамнан шыққан 3-4 мың килокалорияның орнын толтыратын қорек мүлдем болмады.

       Аптап ыстықтың адамның жігер-күшін, қарсылығын басып тастайтын қасиеті бар екенін де ұмытпалық. Ештеңе істегің келмейді. Керек десеңіз, шай қою үшін сіріңке жағудың өзі артық қозғалыс сияқты. Оның орнына қозғалмай жата бергің келеді. Мүмкін, тамақ ішудің қажетсіздігі де осы ыстықтың әсері болар.

      Дайындық барысында шөлден өту үшін қандай киім, қандай құрал-жабдық, қандай тамақ т.т. қажет деген сұрақтарға жауапты өзіме іздеуге тура келді. Туристік сайттардағы мәліметтердің басым көпшілігі альпинистер мен машинамен саяхат жасаушыларға арналған. Ал шөлге саяхат жасаушылардың форумында бір күндік сафариға киетін киім-кешек, ақыл-кеңесті табасыз. Мысалы, бір адамдық аса жеңіл шатырлар (600-800 грамдық) туралы мәліметте «біздің шатырымыздың матасы жаңбырды жібермейді» деген, мен үшін мүлдем қажеті жоқ ақпарат болса, енді біреулер «мен мынадай фирманың аяқкиімімен үш сағат Сахарада жүрдім, қолайлы екен» деп мақтайды. Шөлге арналған жеңіл азық-түлік мүлдем жоқ деуге болады, сублимацияланған тамақтардың барлығы дерлік тау басына шығатын жандарға арналған. Сондықтан өзімнің күндік тамағымды өзіме дайындауға, ойластыруға тура келді. Құрттан малта езіп, кепкен құрма алып, суы сығып алынған тамақ дайындап, нанды кептірудің жолдарын меңгердім. Телефон мен маңдайшамның энергиясын толтыру үшін «Алиэкспрестен» жинамалы күн батареясына тапсырыс беріп, мылтықтың орнына (4 келі салмақты алып жүру кімге керек?) сигнал беретін пистолетпен «қаруландым». Қысқасы, 33 жылдан кейін, техника мен ғылымның жаңа кезеңіне сай, қайтадан тәжірибе жинақтадым. Құдайға шүкір, пәлендей оқыс оқиғаға душар болған жоқпын, бірақ соңғы күні өмірде бұрын болмаған құм дауылының астында қалдым. Түні бойы шатырымды желге бермей алысып, таңға жақын шаршап ұйықтап кетіппін. Сол күні мен жатқан жерден жүздеген шақырым жердегі Қаратерең ауылындағы бірнеше үйдің шатырларын жел жұлып алып кетіпті.

­ – Ойлағаныңызға қол жеткіздіңіз бе? Мәреге жеткенде қандай көңіл күйде болдыңыз?

­– Менің алғашқы жоспарым Қаратереңнен Барсакелмеске барып-келіп (260 шақырым), содан соң Аралдың арғы бетіне (160 шақырым) шығу болатын. Алайда қазір  Барсакелместе адамдар да, су да  жоқ екен. Бес күннің суын көтеріп, Барсакелмеске дейін баруға болар, бірақ қайтар суды қайдан аламын? Екіншіден, Барсакелмес қорығына кіру үшін арнайы рұқсат қағаз керек екен, өкінішке қарай, ондай мәліметті маған ешкім  бермепті. Қысқасы, жобамның бірінші кезеңінен бас тартып, бір күндік «бой үйретуден» (адаптациядан өту) кейін Аралды кесіп өтуге аттануға тура келді. Бұл жобада мен Аралдан осыншама уақытта шығып, осынша шақырым жүріп өтуім керек деген белгілі бір мақсат қойған жоқпын. Сондықтан бұрын сирек болатын биылғы ыстыққа шыдас беріп, төтенше бір жағдайларға ұшырамай, аман-есен өткеніме қуаныштымын.

       Айта кету керек, жолда Аралдың бүгінгі өте ауыр жағдайын өз көзіммен көрдім, білдім. Биылғы қарсыз қыстың қуаңшылығының салдары онсыз да экологиялық апат аймағы болып табылатын Арал өңірін қауіпті қыспаққа алғаны көрініп тұр. Жылқышылар жас құлындарын сатып, биелерін сақтап қалуға тырысқанын естіп, бір шөкім шөбі жоқ, тақыр құмның үстінде жайылып жүрген қойларды көріп жүрегім ауырды. Мәреге жеткенде жеңісіме қуанғаным жоқ, мен өткен өңірдің жұтты жағдайына қапаландым. Сонымен қатар осы жолда кездескен, менің сапарыма қол ұшын берген, соңғы суларымен бөліскен, жапан даладағы жолдан бұрылып, «аға, жеткізіп тастайық» деген азаматтарға деген ризашылық сезімім ұшан-теңіз. Арал ауданы әкімінің орынбасары Бектемір інішектен бастап, Қаратереңдегі Серікбай, Кешубай, Ақбастыдағы Марат бауырларымның көмегі болмаса, бұл жобаның барысында талай қиыншылық болатыны анық еді.

– Алда тағы қандай белестер, мақсаттар бар? Осының бәрі сізге не үшін қажет?

   – Барсакелмеске жаяу барып-келу мақсатымды басы бүтін жинап қойған жоқпын. Келесі жылдары не жалғыз, немесе мен сияқты «мазасыз жандармен» бұл жолды да жүріп өтуіміз әбден мүмкін. Осыдан соң Бетпақдаланы кесіп өткім келеді. Денсаулық болса, Үстірттен өту де ойымда бар. Айта кету керек, қазір елімізде жаяу жүрумен айналысып жатқан адамдар бар екен, менімен олар да хабарласып жатыр. Мүмкін, келешекте туризм комитетімен бірлесіп, шөлден өтуге арналған халықаралық жарыстар ұйымдастырармыз. Мұндай жарыстар Сахара шөлінде, Австралияның Виктория шөлдерінде жыл сайын өткізіледі

     «Осының бәрі неге керек?» дейсіз ғой. Бұл маған бұрын да, осы жолда да сан рет қойылған сұрақ. (Біздің жас кезімізде «Земля Санникова» деген кино болған. Фильмнің соңында «Санниковтың жерін» іздеп табамыз деген алты адамның бәрі осы жолда ажал құшып, ең соңында жалғыз қалған жанкештіні жергілікті тундра тұрғындары тауып алып, нартаға салып әкеле жатады. Сонда қар тұрғынының өлім халіндегі жанкештіге қарап тұрып: «Әй, адамдар-ай, адамдар-ай! Неге сендердің тыныш өмір сүргілерің келмейді? Неге сен өмір бойы жолда жүресің? Сен не іздейсің? Саған неге тыныштықтың қажеті жоқ?» – деген монологы бар. Мен үшін жол – мәңгілік қозғалыс, тіршілік, мүмкін, өмірдің өзі болар.

         Саяси-қоғамдық өмірге берген 33 жылымның да көпшілігі жолда, ауылдар мен қалаларда, кездесулерде өтті. Әрине, ондағы мақсат мүлдем басқа, бірақ өмірге бойлай кіріп, жыл сайын жүздеген азаматтармен кездесіп, сөйлеспей, өмірдің, қоғамның шындығын қалай білесің? Ал қарапайым тілмен айтсам, газ сасыған қалада үйге тығылып отырғаннан таза ауаға, біздің тамаша жерімізге, табиғатымызға, сан қилы кездесулері мен қызықтары, қиыншылықтары мен азаптары қатар жүретін жолға ештеңе жетпейді.     

     

Тегтер: