Газ жыры: Бектенов не дейді, Сәтқалиев не дейді?
Энергетика министрлігі ақпан айынан бастап жанар-жағармай мен сұйытылған газдың бағасы қымбаттайтынын ескертті.
Бұған қатысты үкімет басшысы Олжас Бектенов алыстан орағытып, «жанар-жағармай мен сұйытылған газ бағасының қатты өсуіне жол бермейміз» дей салған. Алайда энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев кеше ғана ақпан айынан бастап қымбатшылық басталатынын айтты. Бұл жолғы қымбатшылыққа себеп: енді үкімет жанармай мен сұйытылған газ бағасына қатысты мемлекеттік реттеу тетігін жойып, бұл функцияны нарықтың өзіне қалдырылғалы отыр.
Орташа есеппен алғанда, бұған дейін сұйытылған газ бағасы бір жерлерде 54 теңге болса, бір жерде 85 теңге болып келген. Енді қазіргі шек 59-дан 90 теңгеге дейін болмақ. Ең жоғарғы шекті министрлік «64-тен 98 теңгеге дейінгі деңгейде белгілейміз» деп отыр. Ал жанармай бағасына қатысты Сәтқалиев министр болғаннан бері Қазақстандағы АИ-92 бензині бағасындағы айырмашылық өзге елдермен салыстырғанда 40 пайыздан 138 пайызға дейін арзан екенін, дизель отынының арзандығы 20 пайыздан 79 пайызға дейін жететінін айтып жүр. Министрдің айтуынша, бұл өз кезегінде саланы жаңғыртуға кедергі келтіреді. Арзан отынды әртүрлі заңсыз схемалар арқылы шетелге тасуға ықпал етеді.
Алайда сала мамандары энергетика министрлігі мен үкіметтің мұндай бастамалары мұнай-газ саласын жаңғырта қоюы екіталай екенін айтады. Біз қазір газды қымбатқа сатып, жанармай бағасын шарықтатқанымызбен, бұдан мұнай-газ саласына инвестиция түсіп, сала өркендей қоймайды. Өйткені бұл арада көрші Ресейге қатысты кілтипандар да бар. Мәселен, қазір Еуроодақ (ЕО) өзінің шекарасынан қазақстандық сұйытылған газды өткізбей жатыр. ЕО шекарасында, атап айтқанда, Беларусьтің Польшамен арасындағы шекарада қазақстандық кеніш Теңізден шыққан сұйытылған газ тиелген вагондар қаңтарылып қалған. Өйткені Польша кедені мұның қазақстандық газ екеніне күмән келтірген. Олардың ойынша, «қазақстандық газ» деген атты жамылып, ресейлік газ Еуропаға сатылып кетуі ықтимал. Қазір Польша кедені құжаттарды қатты тексеріп жатыр.
Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, шекарада тұрып қалып кешеуілдеудің салдарынан басқа аймаққа сұйытылған газды тасуға теміржолда цистерналар жетпей жатқан көрінеді. Қазір Брюссельдегі Қазақстан елшілігі ЕО-ның санкцияларға жауапты комиссиясымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда әзірге еш нәтиже жоқ. Бұл үрдіс, әрине, «Теңізшевройлдың» жұмысына кедергі келтіріп, елде өнім тапшылығын туғызады. Шығарған өнімін уақытында Еуропа нарығына өткізе алмаған компанияның табысы төмендейді. Бұдан барып ішкі нарықта да өнім қат болып, баға аспандай береді.
Былтыр жыл соңында ЕО салған 16 санкциялар пакетінде Ресейдің сұйытылған газына да тыйым бар болатын. Сол кезде-ақ сарапшылар бұл үрдістің бізге тікелей әсер ететінін, енді Ресей өз газын өткізетін тиімді нарық іздей бастайтынын, сөйтіп, біз арқылы Қытайға газын сататынын, тіпті газ сату барысында «Қазақстан санкцияларды айналып өтуге көмектесуші ел ретінде күдікке ілігуі мүмкін» екенін былтыр да айтқан.
Сәтқалиев кешегі бұйрығына жауап бере алмай отырып 50 жылға жоспар құрады
Әлемдік экономиканы бақылаушы және саясаттанушы Әсем Қасымханованың ойынша, ЕО санкциясы күшіне енгелі бір айдан енді асты. Әсері бізге әлден білініп жатыр. Үкімет енді жанталаса сұйытылған газ бен жанар-жағармайдың қымбаттайтынын жеткізуде. Аталған өнімді бұрынғыдай арзан күйінде сата да алмайтынымыз тағы анық. Себебі Қазақстанның газы уақытында Еуропаға сатылмай қалды. Мұнай-газ өңдейтін компаниялардың табысы кеміді. Табысы кеміген компаниялар салықты да аз төлейді. Бұдан бүтіндей бір сала ғана емес, ел экономикасы демігеді. Енді осы олқылықтардың орнын толтыру үшін үкімет пен энергетика министрлігінің газ бағасын реттеуді нарықтың өзіне тапсырудан басқа амалы жоқ.
«Газ саласына инвестицияның болмауы, үкіметтің саланы дамытуға көңіл бөлмей келуінің нәтижесінде елде онсыз да газ тапшы болған. Тіпті былтырдан бастап «2024-2025 жылдары шикізат тапшылығының салдарынан газ экспорты тоқтайды» деген сөздер де айтылды. Экспорт тоқтаса, ішкі бағаны да үкімет күшпен ұстап тұра алмайды. Себебі газды өңдеушілерге экспорттан табыс түспейді де, еріксіз ішкі нарықтағы өнім құнын көтеруге тура келеді. Бізде бұл саладағы қордаланған мәселелерді шешу үшін шұғыл, ұтымды шешімдер емес, керісінше, үнемі ұзақ мерзімді дамыту құжаты қабылданады. Қазақстанда газ саласын дамытудың 2022-2063 жылдарға арналған жоспары бекітілді. 2023-2074 жылдарға арналған мұнай-химия саласын дамытуға арналған жобаларды іске асыруға арналған жоспар бар. 2023-2055 жылдарға арналған энергия тиімділігі мен газды ұқыпты тұтыну жоспары бар. 2055, 2063, 2074 жылдарға дейін кім бар, кім жоқ?! Неліктен мұндай жоспарлар жасалады?! Қазір бір саланы 4 жыл басқарып отырған министр кетіп, екінші бір министр келсе, бұрынғы министрдің не істеп, не бітіргенін білмей дал боламыз. Ал енді 2074 жылға дейін жобалардың сауатты, ұтымды, тиімді атқарылатынына кім кепілдік береді?! Тіпті бұған дейінгі бес жылдық мерзімде орындалуы тиіс мемлекеттік бағдарламалардың өзінің нәтижесі құмға сіңгендей болды емес пе?! Негізінде, энергетика министрлігінің 2023 жылғы маусым айындағы бұйрығында «Қазақстанның ішкі нарығындағы газдың бағасы 2023 жылы 12,2 пайыз, 2024 жылы 9,1 пайыз, 2025 жылы 10,8 пайыз, 2026 жылы 11 пайыз, 2027 жылы 8,6 пайызға өседі» деп белгіленген. Ал енді аталмыш ведомство «газдың бағасын еркін айналымға жібереміз» деп ең максималды шек 64 пен 98 теңге деп отыр. Сонда биыл 10,8 пайызға емес, газ бағасы 20 пайызға дейін қымбаттап кетпек. Сәтқалиев осылайша қысқамерзімге құрылған өзінің жоспарына, шығарған бұйрығына жауап бере алмай отыр. Ал 2074 жылға дейін газ саласының дамып, жанданып кететініне қалай жауап береді?» – дейді Әсем Қасымханова.
Ал энергетика министрлігінің берген деректеріне сүйенсек, бәрі керемет болатындай көрінеді. Мысалы, былтыр бұл салада 200 жоба іске асып, 300 мыңнан астам адам газ игілігіне қол жеткізген. 1 700 шақырым құбыр салынған. Биыл мемлекет тарапынан 45 жоба жүзеге асатын көрінеді. Осыған байланысты 65,9 млрд теңге қаражат қарастырылған. Биыл барлық жоба жүзеге асса, республикадағы газдандыру деңгейі 62 пайызға артпақ. Ал сұйытылған газ тапшылығы биыл 20-25 пайызды құрауы мүмкін. Қазірде газ қозғалтқышы бар автокөліктердің саны артқан. Бұл көрсеткіш 2023 жылы 491 мың автокөлік болса, былтыр 582 мыңға жеткен.
Жалпы, газ – бұл автогаз, жылу ғана емес, газдың арқасында ыстық суға қол жеткізу, электр энергиясын өндіру, өнеркәсіптік кәсіпорындардың оны пайдалануы тұрғанын алға тартқан мамандар сұйытылған газдың тапшылығы мен қымбаттауы тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін қиын болатынын айтуда. Газдың қымбаттауы электр энергиясына да, бағаны да күрт арттырады. Бұл онсыз да жоғары инфляцияны асқындырады.
Өндірісті көрмеген адамдар жоба жасайды
Мұнай-газ саласының қайраткері, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның президенті болған Меңдеш Салиховтың ойынша, газ тапшылығы және оның қымбаттауымен үнемі бетпе-бет келуіміздің басты себебі үкіметте отырған министрлердің дұрыс жұмыс істей алмауында, сауатсыздығында.
«Энергетика министрлігінде отырғандардың көбі шетелде оқып келгендер. Өндірісті көрмегендер. Тәжірибелері жоқ. Өндірісті көрмеген адамдар отырып алып ұсыныс айтады, жобалар жасайды. Олай болмайды. Өндірісті көрген, зауыттардың, кен орындарының жайын білетін адамдар болмаса, бұл саланы кабинетте отырып алып дамыта алмаймыз. Мәселен, мұнай-газ саласында табыстың көбі шетелге кетіп жатыр. Біздің үкімет кезінде Қашағанды игерушілермен келісімге келгенде «Өнімді бөлу келісімі» жасалған. Бұл келісімде 80/20 пайыздық формуласы қолданылады. Сонда мұнайдан түскен ақшаның 80 пайызын игеріп жатқан шетелдік инвестор алады. Бізде қалатыны 20-ақ пайыз. 2042 жылғы лицензия мерзімі аяқталғанша біз Қашағаннан табыс көрмейміз. Егер елдегі мұнайдың 30 пайызы ғана елде дайын өнімге дейін өндірілетін болса, біз сұйытылған газға да, жанармайға да, дизельді отынға да, мазутқа да, күкіртке де қарық болар едік. Осыны зерттеместен, ғылыми-технологиялық базаны жетілдірместен бізде «түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр» дейді. Бізде мәселеге ғылыми тұрғыда қарау жоқ. Сауатты мамандар легін жасақтау жоқ. Мұнай өңдейтін компанияларды мемлекеттік бақылау жоқ. Бұған Ресейге салынған санкциялардың екпінін қосыңыз. Әрбір кен орындарының қасында, мұнайды өңдейтін зауыттардың жанында ғылыми-зерттеу орталықтары болуы керек еді. Олар алған өнімді ең соңғы дайын өнімге дейін жеткізу жағын мамандарға үйретіп, кәсіби-техникалық орта қалыптасуы қажет еді. Оның бірі болмаса да болашаққа жоспарларды құра береміз, сол құртады», – дейді М.Салихов.
Алайда аталмыш министрлік кен орындарының және мұнай өңдейтін зауыттардың жанынан ғылыми-зерттеу зертханаларын, ғылыми орталықтар ашу жайлы жақ ашпайды. Жалпы, өңірлерде сұйытылған газ жетіспей немесе қымбаттап кетсе, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев түрлі-түрлі сылтауларды айтудан жалықпайды. Ол бұған біресе бекеттерге уақытында сұйытылған газды жеткізе алмаған әкімдерді, біресе автогазбен жүретін көліктерді, біресе автогаз көліктермен елге қыдырып келетін туристерді кінәлаған. Логикаға салсақ, сұраныс көлемі артқан жағдайда елде сұраныс пен ұсынысты теңестіретін халыққа дайын өнім ұсынатын мұнай өңдейтін зауыттар (МӨЗ) салынуы керек емес пе?! Алайда Қазақстан әлем бойынша мұнай қоры жағынан 12-орында бола тұра энергетика министрлігі елде төртінші мұнай өңдеу зауытын салуды былтыр ғана ұсынды. Оның өзінде жылына 10 млн тонна өнім өндіретін зауытты 2030 жылға дейін жобалап, 2032 жылы құрылысын бастау қажет.Бұған дейін министрлер 2030 жылға дейін деп жоспарлар құрушы еді. Енді 2050, 2055, 2063, 2074 жылдарға дейін жоспар құра беретін болды...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ