Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 05 Шілде 2024

Газ жыры.Былай тартса, халық көтеріледі, былай тартса, өндіруші өледі

газ
Фото: total.kz

Қазақстан билігінің арқасына аяздай бататын, «былай тартса, арба сынып, былай тартса, өгіз өлетін», шешуі қиын шытырман проблеманың бірі – жанармай жыры.

Мұнай-газ маңындағы олигархтардың жетегіне еріп, жанармай бағасын көтерейін десе, қарапайым халық наразы болады. Халықтың қалауын орындап, бағаға шек белгілесе, өндірушілер жағадан алады. Қысқасы, осы мәселеге келгенде үкіметтің шақшадай басы шарадай болатыны бар.

Бәріне қолды бір сілтеп, нарық заңына тапсыруға болар еді, бірақ біздің елде әділ нарық та жоқ. Барлық сала монополистердің, олигархтардың қолында. Оларға салса бағаны аспанға бір-ақ шарықтатқалы отыр. Оған елдің экономикасы мен халықтың тұрмыс өресі дайын емес.

Билік 2021 жылғы наурызда нарыққа араласпаймыз деп автогаз бағасын еркіне жіберген. Бірақ оның соңы Қаңтар оқиғасына әкеп соқты. Ел тарихындағы ең ірі қанды оқиғаның тұтануына тамыздық болған жанармай бағасы екені белгілі. Батыс аймақтарда басталған «газ – 50!» ұраны әлеуметтік-саяси талапқа ұласып, тұтас елді шарпыған.

Осыдан кейін аузы күйген билік аяғын аңдап басуға мәжбүр болды. 2022 жылы жанармай бағасын мүлде өзгерткен жоқ. Бірақ былтырдан бастап мысықтабандап болса да қымбаттатып жатыр. Биыл 1 шілдеде автогаз құны 8-10% өсті. Осы ақпаратты естіген жұрт желіде «үкімет Қаңтар оқиғасын ұмытты ма?» деп жазып жатыр. Біз баға неге өсті, биліктің бұл қадамы дұрыс па деген сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Баға қалай құбылды?

Әрине, баға бір орында тұрмайтыны анық. Бірақ ол нарық талабына сай болуы керек. Үкімет саудагерлердің тәбетін тектей алмаса, жағдай ушығып кететіні белгілі. Мысалы, 2017 жылы 130 теңгеден сатылған АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 2021 жылдың басында 149 теңге болды. Яғни 4 жылда 19 теңге ғана өскен. Ал Қаңтар оқиғасының алды, 2021 жылдың аяғында 180 теңгеге жетті.

2021 жылғы наурызға дейін автогаз құны аймақтарға байланысты 50-73 теңге еді, сол жылдың аяғында 80-130 теңгеге бір-ақ шықты. Демек, бір жылда бензин – 30 теңге, автогаз – 30-60 теңгеге қымбаттаған. Осыған қарап, Қаңтар оқиғасы болмаса, жанармай құны қазір қанша болатынын шамалай беруге болатын сияқты.

Қанды қаңтардан кейін билік амалсыз бағаны бақылауға алды. 2022 жылы қаңтардан 2023 жылы сәуірге дейін газ бағасы 50-75 теңге болса, АИ-92 бензині 182 теңге, АИ-95 бензині 215 теңгеден сатылды. Кейін бензин бағасы 205 теңгеге, дизель 295 теңгеге өсті. Осы баға әлі сақталып тұр.

Бірақ автогаз жайлы бұлай айта алмаймыз. 2023 жылы маусымда газ 4-6 теңге қымбаттап, 50-81 теңге болды. Ал биыл жыл басынан бері баға екі рет өсті. Қаңтардан бастап автогаз 54-86 теңгеден сатылды. Араға алты ай салып, баға тағы 8-10% өсіп отыр. Осы аптадан бастап жүргізушілер көгілдір отынды 59-89 теңгеден құйдырады.

Баға жалғасты өседі. Энергетика министрлігі газ құнын бензин бағасының 70%-ына жеткізуді жоспарлап отыр. Қазір АИ-92 бензині 205 теңге тұратынын ескерсек, алдағы уақытта автогаз құны 145 теңгеге жетеді. Сол мақсатта газ бағасы жылына екі рет жоғарылайды. Былтыр энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов елдегі газ өңдеу зауыттарын жетілдіру үшін автогазды қымбаттатып жатырмыз деп ақталған.

Автогаз неге қымбаттады?

Энергетика министрлігі мұның бірнеше себебін ұсынып отыр. Ең бастысы – қазір газдың саудадағы бағасы өндірістің өзіндік құнынан төмен дейді. Яғни өндірушілер бір тонна газды 60-70 мың теңгеге өндіріп, 40 320 теңгеге сатып отыр екен. Бағаны жалғасты тежей берсек, инвесторлардың бұл саладан көңілі қалып, басқа өнім шығаруға бет бұратын көрінеді.

Сондай-ақ елде сұйытылған мұнай газына сұраныс артып келеді. Әсіресе газбен жүретін машина мінетіндер көбейген. 2024 жылы ішкі нарықта газ тұтыну көлемі 2,4 миллион тоннаға жетіпті, отандық өндірушілер бұл сұранысты қанағаттандыра алмай отыр. Оның үстіне, Қазақстанда газ бағасы көрші елдердің бәрінен төмен. Бұл «көлеңкелі бизнеске» жол ашады дейді министрлік.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев отын жетіспеушілігін өндіріс көлемін арттырып емес, тұтынушыларды «қорқыту» арқылы шешпек. Министр былтырдан бері жүргізушілерді автогазбен жүретін машина мінбеуге шақырып жүр. Ол бірде газ қазіргідей арзан болып тұра бермейтін, күннен күнге қымбаттайтынын айтса, енді бірде тұтынушы тым көп болса, тапшылық орнайтынын айтады.

Алмасадам Сәтқалиев

«Болашақта газ жетіспеушілігі болса, Қазақстанға сырттан газ тасуға тура келуі мүмкін. Сол кезеңде газ құятын бекеттер бензинмен бірдей баға қояды. Сондықтан көлік иелеріне газ баллон орнатуға асықпау керектігін бірнеше рет ескерттік», – деген еді министр.

Сарапшылар пікірінше, биыл газ тұтыну мөлшері тағы 200 мың тонна артып, тапшылық 30-40%-ға жетуі мүмкін екен. Газ қоры бойынша әлемде 22-орында тұрған елде не үшін газ тапшы болады? Билік елде өндіруші аз екенін айтады. «Теңізшевройл» сияқты ірі кеніштер ішкі нарыққа өнім жеткізбейді. Ішкі баланс «ҚазМұнайГаздың» арқасында сақталып отырған көрінеді.

Бірақ шенділер айтқысы келмейтін тағы бір себеп бар. Біздің елде мұнай өңдеу зауыттары жоспарлы-жоспарыз жөндеу жұмыстарына жабылып қалады. Бұл нарықтағы өнімді азайтып, бағаны көтеру үшін керек дейді білетіндер. 2021 жылы бұл мәселеге мемлекет басшысы да назар аударған. «Мұнай өңдеу зауытын жаңарту сапасы туралы бірінші рет айтып отырған жоқпыз. Оларды жетілдіруге екі триллион теңге бөлінсе де, зауыттар неге жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына жабылады? Бұл жауап беруді қажет ететін маңызды сұрақ» деген болатын президент.

Мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, елде автогаз өндірісі төмендеп, сұраныс артып келеді. Бұған төмен баға әсер етіп отыр.

Абзал Нарымбетов
Фото: linkedin.com

«Қазақстанда газ бағасы көрші елдерден 2-3 есе төмен. Мұндай төмен баға газ өндірушілерді ынталандырмайды. Автогаз – кен орындарынан тікелей шығатын өнім емес. Кен орнынан мұнай шығады, онымен бірге газ шығады. Газды пайдаға жаратудың түрлі жолы бар, оны автогазға немесе көгілдір отынға айналдырады, жер қабатына кері жіберуі немесе жағып жіберуі мүмкін. Сондықтан кәсіпорын өзіне тиімді жолды таңдайды, егер автогаздың бағасы тиімді болса, автогаз өндіреді.

Ресми дерек автогаз өндірісі жыл сайын азайып бара жатқанын дәлелдеп отыр. Ал сұраныс, керісінше, артып жатыр. Арзан баға тұтынушыларды тартады. Автогазбен жүретін машина санының көбейіп жатқаны – осының дәлелі. Бізде ғылыми графика бар, ол бойынша жылдық газ өндірісі 1,6 млн тонна (бұл ТШО мен «Жайықмұнайды» қоспағандағы көрсеткіш). Ал сұраныс жыл сайын артып бара жатыр. Сұранысқа сай өнім шығарамыз деген жоспар қағаз жүзінде қалып отыр. Сондықтан ортадағы бостықты ТШО немесе «Жайықмұнайдан» алып толтырады. Ал олар газды қазіргі нарықтағы бағасымен емес, қымбат бағамен береді. Бағадағы айырмашылық субсидия арқылы жабылады», – дейді сарапшы.

Автогаз саласында жылдар бойы қордаланып қалған мәселе бар екені анық. Оны дәл қазір шешу мүмкін емес. Мұны министр Сәтқалиев өзі мойындап, «бұл отын түріне қатысты жуық арада шешілмейтін үлкен мәселе барын айтуға мәжбүрміз» деп, жанарымен жер шұқыған еді.

Жанармай бағасы жалғасты өсе ме?

Шенділер «біздің елде жанармай арзан» деп бекер шулап жүрген жоқ. Бұл баға әлі де өсетінін білдіреді. Жоғарыда автогаз құны бензин бағасының 70 пайызына жететінін айттық. Әрине, бензин бағасы да бір орында тұрмайды. Демек, газ бен бензин қол ұстасып, қымбаттай береді.

Былтыр қыркүйекте ұлттық экономика министрлігі жанармай бағасы 2 есе өсуі мүмкін екенін болжаған. 2025 жылы ЕАЭО аумағында электр энергетикасы, газ, мұнай және мұнай өнімдері саласында ортақ қаржы нарығы қалыптасады. Яғни одаққа мүше елдерде мұнай, газ және мұнай өнімдерінің бағасы теңеседі. Одақтастарымызды «қуып жету» үшін бізге бағаны біраз көтеруге тура келеді.

Сарапшылардың айтуынша, мемлекеттер ортақ нарыққа дайын еместігін ескеріп, бұл жоспар 2027-28 жылдарға кешіктірілді. Бірақ баға өсімі жалғаса береді, бірнеше жылдан кейін одақ елдеріндегі баға теңесуі мүмкін. Ал оған дейін Қаңтар оқиғасының дүмпуі басылса, билік бағаны еркіне жіберуі ғажап емес. Өйткені бағаны байлап ұстағаны үшін үкімет мұнай өндірушілердің бетіне қарай алмай, «ұялып» жүр.

Сарапшы Абзал Нарымбетов жанармай бағасын мемлекет бақылауынан босатуды қолдайды. Бірақ оған халықтың табысы мен танымы сай келмейтінін айтты.

«Біздің елде автогаз ғана емес, мұнай, электр энергиясы бағасын да мемлекет реттейді. Экономика тұрғысынан алып қарағанда бұл тиімсіз, нарықтық экономикаға сай келмейді. Біз шектеу арқылы жергілікті өндіріске тосқауыл қойып отырмыз. Кәсіпкерлер өндіріске қажетті жабдықты шетелден доллармен алады, ал шығарған өнімін елде теңгемен, шекті баға бойынша сатуға мәжбүр. Салдарынан салған қаржысын қайтарып алуға көп уақыт жұмсайды, бұл бизнеске тиімсіз. Сол үшін отандық және шетелдік кәсіпкерлер Қазақстанда өнеркәсіп ашуға аса ынталы емес. Сондықтан баға кәсіпкерлерге қолбайлау болмағаны жөн.

Бұл мәселенің бір жағы. Екінші жағында халық тұр. Көпшілік шектеулі бағаға үйреніп қалған, оны өзгерту де оңайға соқпайды. Бағаның өсуі халыққа қиын тиеді. Мұнай ресурсы көп кей елде, жанармай бағасы қымбат. Өйткені ол елдерде халықтың табысы жоғары, қымбат өнімді сатып ала алады. Ал бізде көпшіліктің кірісі төмен, біз әлемдегі азық-түлікке жалақысының жартысын жұмсайтын елдердің біріміз. Ал Еуропа жұрты тамаққа табысының 10-30 пайызын ғана жұмсайды. Сол үшін бағаны көтеру үшін ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсарту қажет. Яғни алдымен халықтың табысын арттыру қажет, содан кейін нарық заңына үйретіп, бағаны еркіне жіберу қажет. Бұл 4-5 жылда орындауға болатын оңай жұмыс емес», – дейді маман.

Қуаныш Қаппас 

Тегтер: