Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:50

Газада белгілі журналист ХАМАС мүшелерімен қақтығыста қаза тапты

Салех Аль-Джафарави
Фото: Abdelhakim Abu Riash/Al Jazeera

Газа секторында белгілі журналист Салах әл-Джафрауи (лақап аты — Мистер Фафо) 12 қазанда солтүстік Газа бөлігінде ХАМАС содырлары мен өзге топтар арасындағы қарулы қақтығысты түсіріп жүрген сәтінде оққа ұшты.

 Ол «ХАМАС-тың интернет жұлдызы» атанған және Израильде де танымал тұлға болған. БАҚ дерегінше, ол Дагмаш тобымен болған атыс кезінде көз жұмған.

Соғыс бойы ол Газа қаласынан тікелей эфир жүргізіп, бомбалау астында видео түсіріп келген. Айтылып жүрген дерекке сай, соғыс кезінде ол шамамен 13 миллион доллар көлемінде қайырымдылық жинаған, алайда бұл қаражаттың қайда кеткені белгісіз. Салах әл-Джафрауи екі жылдық соғысты аман өткеріп, соғыс тоқтаған бірінші күні өз жерлестерінің оғынан қаза тапты.

12 қазанда атыстар кезінде Дагмаш тобының 52 мүшесі және ХАМАС-тың 12 содыры қаза тапқаны хабарланды. Сонымен қатар, атыс кезінде ХАМАС жетекшілерінің бірі Бассем Наимның ұлы да оқ жарақатынан көз жұмған.

Ресми емес дереккөздер мұны соңғы жылдардағы ең қанды палестиналық ішкі қақтығыстардың бірі деп атады.

ХАМАС пен Дагмаш арасындағы шиеленіс

ХАМАС жауынгерлері Дагмаш тобы тұратын ауданға жедел жәрдем көліктерімен кіріп, оларды Израильмен байланысы бар деп айыптаған.

Дагмаш тобы — Газа секторындағы ең ықпалды әрі қарулы әулеттердің бірі. Бұған дейін де олардың ХАМАС-пен қақтығыстары болған. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі шиеленіс сектордағы тұрақтылыққа қауіп төндіріп, кек алу тізбегін туғызуы мүмкін.

ХАМАС амнистия жариялады

Осы оқиғадан кейін ХАМАС-тың Ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік министрлігі амнистия жариялады. Қарулы топтар мен ұсақ қылмыстарға қатысқан, бірақ қан төгіске араласпағандар 19 қазанға дейін өз еркімен берілуі тиіс.
Министрлік мәлімдемесінде:

«Берілуден бас тартқандарға ең қатаң жаза қолданылады», — делінген.

Айта кетейік, Израиль мен ХАМАС Газада соғысты тоқтату бойынша келісімге келді. 8 қазан күні кешке Трамп Truth Social желісінде жариялаған мәлімдемесінде екі тараптың бейбіт келісімнің алғашқы кезеңі бойынша ортақ мәмілеге келгенін хабарлады.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху 9 қазанда үкімет отырысын өткізіп, келісімді ратификациялау және тұтқындарды елге қайтару мәселесін талқылайтынын мәлімдеді.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, ХАМАС та израильдік тараппен келісімге келгенін растады. AFP агенттігіне сілтеме жасаған ХАМАС өкілдері тұтқындардың 2000 палестиналық тұтқынға айырбасталатынын, бұл процесс келісім жасалғаннан кейін 72 сағат ішінде жүзеге асатынын хабарлады.

ХАМАС қозғалысының 2023 жылғы 7 қазандағы Израильге шабуылы Таяу Шығыстағы жаңа шиеленістің бастауы болды.

Ол кезде қарулы топ Израиль аумағына басып кіріп, бейбіт тұрғындарға қарсы шабуыл жасады. Шамамен 1200 адам қаза тауып, 250 адам тұтқынға алынды. Кейін олардың бір бөлігі айырбасталды, кейбірі босатылды, ал қалғандары тұтқында қаза тапқан.

Осы оқиғадан кейін Израиль ХАМАС-қа соғыс жариялап, Газа секторына ауқымды бомбалау мен құрлықтағы операциясын бастады.

ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 67 мыңнан астам палестиндік қаза тауып, 169 мыңнан астам адам жараланған. Алайда статистикада қанша адамның ХАМАС жауынгері, қаншасы бейбіт тұрғын екені нақты көрсетілмеген.

Қыркүйек айының соңында Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Вашингтонға сапары барысында Дональд Трамп ұсынған бейбіт жоспарға келісім берген еді.

ХАМАС өкілдері де қазан айының басында кейбір шарттарды қолдайтындарын білдірген.
6 қазанда Мысырда екі тараптың қатысуымен арағайын елдердің делдалдығымен алғашқы келіссөздер өткен болатын.