Газа қаласында Израиль соққысынан журналистер қаза болды

Арабтың Al Jazeera телеарнасы хабарлағандай, оның журналисі Анас әл-Шариф Газа қаласында журналистер орналасқан шатырға Израиль жасаған шабуыл салдарынан төрт әріптесімен бірге қаза тапты.
Телеарнаның мәліметінше, қаза болғандар қатарында Al Jazeera тілшісі Мұхаммед Крейке және операторлар Ибрагим Захер, Мұхаммед Нуфал мен Моамен Алива бар. Олар Газа қаласындағы «Әш-Шифа» ауруханасының бас қақпасы маңында орнатылған шатырда болған.
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторында қаза тапқан Al Jazeera телекомпаниясының журналисі Анас Жамаль әл-Шарифтің өлімін растады. Әскерилердің нұсқасы бойынша, оның журналистік қызметі – тек бүркемелеу, ал шын мәнінде ол Джабалия қаласында ХАМАС-ты басқарып, Израильге зымыран шабуылдарын ұйымдастырған. ЦАХАЛ оның террористік ұйымға қатысын барлау деректері мен Газада табылған құжаттармен түсіндірді.
Бұған дейін, 10 тамыз күні, Тель-Авивте 100 мыңнан астам адам Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуның Газа секторындағы әскери операцияны кеңейту жоспарына қарсы акцияға шыққан. Наразылар соғысты тоқтатып, ХАМАС ұстап отырған шамамен 50 тұтқынды босатуды талап етті.
Axios басылымының жазуынша, Газа қаласын басып алу туралы шешім қауіпсіздік жөніндегі министрлер кабинеті он сағаттық талқылаудан кейін қабылдаған. The Washington Post дереккөздері кейбір жоғары лауазымды әскери басшылар, соның ішінде Бас штаб бастығы Эяль Замир, бұл шешімге қарсы болғанын хабарлаған. Сарапшылардың бағалауынша, операция бірнеше айға созылып, аумақты толық басып алуға әкелуі мүмкін.
Нетаньяху бұған дейін қақтығыс аяқталғаннан кейін Израильдің Газа секторын аннексиялау ниеті жоқ екенін және бақылауды уақытша басқару органына беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген.