Газа секторы: Геноцид ошағынан туризм орталығына дейін

Таяу Шығыстағы қақтығыс жаңа деңгейге шықты. 15 қыркүйекте Израиль үкіметі Газа секторына жаяу әскер кіргізіп, үлкен операция бастады. Бұл Тель-Авив Газаны толық басып алуға бел буғанын аңғартады. Демек, әлем жұрты асыға күтіп отырған келіссөз бен бейбіт келісімнен үміт аз, Таяу Шығыс от пен оқтан жақын арада арылмайды деген сөз.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газаны толық бақылауға алуға ниетті екенін тамыз айында айтқан. Ал осы айдың басында Израиль әскері Газаның шетіне жетіп, ай ортасында қалаға шабуылдауға дайындалып жатқаны хабарланған. Ақыры сол жоспар жүзеге асып отыр. Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) қарқынды шабуылға көшті.
ЦАХАЛ операцияның басты мақсаты – ХАМАС-ты жойып, солардың қолындағы 48 тұтқынды босату екенін айтып жүр. Израиль Газада ХАМАС-тың бас штабы, туннельдері, қару-жарақ қоймалары орналасқан деп санайды. Сондай-ақ қалада ұйымның 3 мыңға жуық содыры бекінген. 16 қыркүйек күні таңертең Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац әлеуметтік желіде «Газа жанып жатыр. Сарбаздарымыз ерлікпен күресіп жатыр. Біз тұтқындарды босатып, ХАМАС-ты толық талқандауға бел будық», – деп жазды.
Ал Биньямин Нетаньяху Газаны ХАМАС-тан тартып алмай тоқтамайтынын айтты. Оның сөзінше, Израиль Газаға иелік етуге ниетті емес, бірақ қаланы Палестина билігіне де, ХАМАС-қа да беруге қарсы. «Біз секторды басқаруға құлшынып отырған жоқпыз. Оны бізге қауіп төндірмей және Газа халқына жақсы өмір сүруді қамтамасыз етіп, дұрыс басқара алатын араб күштеріне тапсырғымыз келеді», – деді Израиль үкіметінің басшысы.
Тель-Авив тарапы соғысты тоқтатудың бірнеше шартын атап отыр. Атап айтқанда, ХАМАС-ты толық қарусыздандыру, кепілге алынғандарды толық босату, Газа секторын демилитаризациялау және Газа секторындағы қауіпсіздікті бақылауды Израильге беру. Осы шарттардың өзі аймақта не ЦАХАЛ, не ХАМАС қалады дегенді білдірсе керек.
Операцияны бастамай тұрып Израиль билігі тұрғындарды Газаны тастап, оңтүстіктегі гуманитарлық аймақтарға көшуге шақырған. Соның нәтижесінде шамамен 300 мың адам қаладан кеткен. Бірақ қалада әлі де 700 мыңнан көп адам тұрып жатыр. Оларды қауіпсіз жерге көшіру оңай шаруа емес. Шетелдік басылымдардың хабарлауынша, 15 қыркүйекте Израиль әскері алдымен Газаға әуеден соққы жасап, кейін қалаға танкілер кірген. Израиль әскерінің мұндай қарқынды шабуылы тұрғындар өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Израиль қорғаныс министрі «Газа жанып жатыр» дегенді бекер айтып отырған жоқ. ЦАХАЛ қалаға шабуылды күшейте түсті. БАҚ-та сәт сайын Газа орталығына Израиль соққылары түсіп жатқаны жайлы ақпарат тарауда. Палестина билігі қаза болғандар мен жараланғандар санының артқанын хабарлап отыр. 16 қыркүйекке қараған түнде әскерилер Газа қаласын жаппай бомбалаған, жаяу әскерлер қала ішіне дендеп кіре бастаған.
Израиль әуе күштері Газа қаласының солтүстік бөлігін, тұрғын аудандарды, сондай-ақ гуманитарлық пункттерді бомбалаған. Салдарынан көптеген азаматтық инфрақұрылым, аурухана, мектеп бүлінген. Су, жарық, медицина қызметіне қол жеткізу қиындаған. Көп жерде байланыс үзіліп, азық-түлік, таза су мен электр энергиясы жетпей жатыр.

Израильді кім қолдап отыр?
Тель-Авивтің басты қолдаушысы да, қорғаушысы да АҚШ екені анық. Әлемнің біраз елдінде террористік ұйым деп танылған ХАМАС-қа қарсы соғысып жатқандықтан, әу баста Израильді жақтайтындар көп болған. Бірақ Нетаньяху үкіметі уақыт өткен сайын қорғаныс шеңберінен шығып, айналасына соғыс уын шаша бастады. Сарапшылар көп мемлекеттің, халықаралық ұйымдардың, азаматтық қоғамның Израильге қатысты көзқарасы өзгеріп жатқанын айтады. Әлемнің әртүкпірінен Тель-Авивке қарсы халықаралық сын мен дипломатиялық қысым өсіп келеді.
Мысалы, Халықаралық Амнистия, Human Rights Watch, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитеті және т.б. ұйымдар Израильдің әрекетін айыптап, мәлімдеме жасады. Сондай-ақ кейбір Еуропа елдері де Тель-Авивтің әскери операцияны тым күшейтіп жібергеніне, майдан даласында қарапайым тұрғындардың тым көп қаза тапқанына және гуманитарлық дағдарысқа байланысты наразы болып отыр. Ал АҚШ үкіметі Израильдің өзін-өзі қорғау құқығы бар екенін айтып, әскери көмек көрсетуді жалғастырып жатыр. Бірақ АҚШ-тың өз ішінде де бұл соғысты айыптап, Израильге сын айтатын адамдар аз емес.
16 қыркүйекте БҰҰ комиссиясы тәуелсіз зерттеу жүргізіп, Израиль Газа секторында палестиналықтарға қарсы геноцид жасап жатыр деген шешімге келгенін жариялады. Мамандар Израиль әскерінің Газада жүргізіп жатқан соғыс қимылдары шектен шығып, геноцид деңгейіне жетті деп отыр.
БҰҰ комиссиясы жариялаған баяндамада Израиль үкіметін көп адам өлтірді, соғыс өртінде қалған жұртқа гуманитарлық көмек жеткізуге кедергі жасады, адамдарды мәжбүрлеп қоныс аударды және бала тууды тоқтатуға әрекет жасады деп айыптады. Халықаралық ұйым бұл жағдайға Израильдің жоғары лауазымды шенеуніктері, соның ішінде премьер-министр Биньямин Нетаньяху кінәлі деп санайды.
Бірақ Израиль сыртқы істер министрлігі бұл баяндаманы үзілді-кесілді жоққа шығарып, оны «бұрмаланған және жалған ақпарат» деп атады. Сондай-ақ комиссияның үш сарапшысын «ХАМАС өкілі» деп айыптап, комиссия тек ХАМАС-тың өтірігіне сенетінін айтты. «Комиссия есебі мүлде өтірік. Керісінше, ХАМАС Израильде геноцид жасауға әрекеттенді – 1 200 адамды өлтіріп, әйелдерді зорлады, тұтас отбасын тірідей өртеген. Тіпті барлық еврейді өлтіру басты мақсаты екенін ашық жариялаған», – деп мәлімдеді Израиль сыртқы істер министрлігі.
Шетелдік сарапшылардың айтуынша, Израиль мен ХАМАС арасында ұрыс басталғаннан бері БҰҰ мұндай айыптауды алғаш рет жариялаған. Мұның өзі Тель-Авивтің әлемдік қауымдастық алдындағы беделі төмендей бастағанын білдіреді.
Әрине, Израильді тұтас әлем айыптап жатыр деуге келмейді. Қазіргі соғыс жағдайына байланысты адамзат пікірі екіге жарылып отыр. Қарсы тарапта террорлық ұйым деп танылған ХАМАС тұрғандықтан әлемдік қауіпсіздік пен терроризмге қарсы күресті жақтайтын адамдар Израильдің жеңіске жеткенін қалайды. Қолдаушылар көшін АҚШ үкіметі бастап тұрғанын айттық. Нетаньяху осы жолғы әскери операцияны да Ақ үйден «бата алып» барып жасады. Газаға жаяу әскер кірмес бұрын Нетаньяху мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио кездескен. Сол кездесуде Рубио операцияға президент Дональд Трамп қолдау танытып отырғанын, тіпті операцияның тез арада басталғанын қалайтынын жеткізген.

Газаның болашағы қандай болады?
Қылышын қайрап келген Нетаньяху Газаны алмай қоймайтын сияқты. Бірақ мұның оңайға соқпайтыны анық. Қаладағы бетпе-бет соғыста Израиль әскері үлкен шығынға ұшырауы мүмкін. Оның үстіне қаладағы миллиондаған тұрғынның өміріне қауіп төнеді. Оларды эвакуациялау да күрделі шаруа. БАҚ операция басталғанға дейін Газадан 300 мың тұрғын кеткенін айтты. Бірақ қаладан кете алмай отырған адам көп. Біріншіден, көп адамның оңтүстікке баруға ақшасы жоқ. Екіншіден, адамдарды эвакуациялайтын қауіпсіз жол жоқ, барлық жолға Израиль соққы жасаған.
Болашақта Газа қаласының орнында сән-салтанаты жарасқан туристік курорт бой көтереді деген ақпарат бар. Сондай-ақ аймақта заманауи өндіріс ошақтары салынуы мүмкін. Тіпті Газа секторы Gaza Reconstitution, Economic Acceleration and Transformation Trust қоры арқылы басқарылады деген де болжамдар айтылып жатыр.
Нетаньяху Газаны Палестинаға да, ХАМАС-қа да емес, бейбіт араб күштеріне береміз деген сөзіне сену қиын. Ол мұны әлемдік қауымдастықтың назарын басқа жаққа аудару үшін айтқан болуы мүмкін. Өйткені ол тағы бір сөзінде аймақтағы қауіпсіздікті Израиль бақылауы керек дегенді алға тартқан. Сондай-ақ биыл ақпанда Дональд Трамп Газа секторын АҚШ «бақылауға» алып, оған «иелік ететінін» мәлімдеген. «Қажет болса, біз бұл аймақты бақылауға аламыз, оны дамытамыз, мыңдаған жұмыс орындарын ашамыз. Бұл бүкіл Таяу Шығыс мақтанатын нәрсе болады» деген еді Трамп.
Соған қарағанда, соғыс аяқталып, Газа қаласы ХАМАС содырлары мен бейбіт палестиналықтардан тазартылса, оны АҚШ бақылауға алатын сияқты. Ал онда АҚШ әскері бара ма, жоқ па, белгісіз. Ақ үй басшысы бұл сұраққа тіке жауап беруден жалтарып, «біз қажет нәрсені ғана жасаймыз» деп орағытқан. Шамасы, Израильдің Газаны толық бақылауға алуға ұмтылуы, оны АҚШ-тың қолдауы және Газа тұрғындарын басқа жаққа көшуге үгіттеу әрекеттердің бәрінің нәтижесі бір нүктеде тоғысатын сияқты. Газа АҚШ пен Израильдің қолына өтіп, солардың пайдасына жұмыс істейтін арнайы аймаққа айналуы мүмкін.
Палестинада бұған тосқауыл қоя алатын қауқар жоқ. Тіпті араб елдері де, БҰҰ да Трамп пен Нетаньяхуға «қой» дей алмайтын сияқты. Еуропа елдері соғысты тоқтатуға сеп болады деген үмітпен Палестинаны мойындауды жоспарлап отыр. Қазір Палестинаны БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің 147-сі тәуелсіз ел деп таниды. Ал АҚШ пен Еуропаның жетекші елдері бұл қатарға қосылған жоқ. Ұлыбритания, Франция, Канада, Австралия және Бельгия БҰҰ Бас ассамблеясында Палестинаны мойындау жоспарын жариялады. Батыс елдері мұны Израильді соғысты тоқтатып, бейбіт келіссөзге шақыратын қысым жасау құралы ретінде пайдаланбақ.
Израиль бұл бастамаға қарсы шығып, бұл әрекетті ХАМАС-ты мойындау деп санайтынын жариялады. АҚШ та Еуропа елдерінің бұл жоспарына үзілді-кесілді қарсы. Мұндай қайшылыққа толы қимылдар әлем елдерінің арасына от тастап, үшінші дүниежүзілік соғыс қаупін өршітуі мүмкін. Қазір онсыз да халықаралық тәртіп дағдарысқа ұшырап, мемлекеттер жаппай қарулана бастады. Кейінгі 10 жылда әскери салаға бөлінетін шығындар үздіксіз артып келеді, 2024 жылы рекордтық деңгейге жетіп, 2,7 трлн доллар болған. Сарапшылар әлемді дүниежүзілік соғыстың елесі кезіп жүргенін айтады. Ресей мен Украина арасындағы соғыс жалғасып жатқанына үш жарым жыл болды. Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс та 2023 жылы қазан айынан бері жалғасып жатыр.
Қуаныш Қаппас