Газа секторында ХАМАС-қа қарсы жүздеген адам шеруге шықты

Газа секторының солтүстігінде жүздеген палестиналық Израильге қарсы соғысты тоқтатуды талап етіп, ХАМАС-қа қарсы наразылық білдірді.
Наурыздың 25-і, сейсенбі күні Газа секторының солтүстігінде жүздеген палестиналық шеруге шығып, Израильге қарсы соғысты тоқтатуды талап етті. Көбі ер адамдардан құралған шерушілер секторды басқаратын радикалды исламшыл ХАМАС тобына қарсы ұрандар айтты, деп хабарлайды AFP куәгерлерге сілтеме жасап.
Шеруге қатысушылардың бірі оны кім ұйымдастырғанын білмейтінін айтты. «Мен халық атынан: «Соғысты тоқтат» деп хабарлауға келдім. Қысымнан қорқып, фамилиясын айтудан бас тартқан Мұхаммед есімді ер адам ХАМАС қауіпсіздік қызметкерлері наразылық шеруін таратып жатқанын көргенін айтты.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Газа секторында жағдай күрделі және шиеленіскен күйде қалып отыр. Израиль Қорғаныс министрі Израиль Кац егер ХАМАС тұтқындарды босатудан бас тартса, Израиль Газа аумағының үлкен бөлігін бақылауға алып, топты жоюға дейін баратынын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме 18 наурызда Израильдің әуе және жер үсті шабуылдарын жаңартқаннан кейінгі жағдайға байланысты жасалды.
Соңғы аптаның ішінде Израильдің әуе шабуылдары нәтижесінде кемінде 23 палестиналық қаза тауып, жалпы алғанда шамамен 700 адам көз жұмды. Израиль әскері солтүстік және оңтүстік Газа тұрғындарын эвакуациялауға бұйрық берді, бұл аймақтағы 2,3 миллион халықтың көп бөлігін көшіруге мәжбүр етті және азық-түлік пен су тапшылығына әкелді.
Гуманитарлық жағдай да ауырлап барады. 7 қазан 2023 жылдан 11 наурыз 2025 жылға дейінгі аралықта Газа Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, кемінде 48 503 палестиналық қаза тауып, 111 927 адам жарақат алған.
Сонымен қатар, ХАМАС жариялаған жаңа видео екі израильдік тұтқынның ауыр жағдайын көрсетіп, соғысты тоқтатуға шақыруда. Бұл видео халықаралық қауымдастықта атысты тоқтату келісімін жаңартуға деген қысымды күшейтті.
Жалпы алғанда, Газа секторындағы жағдай тұрақсыз болып, гуманитарлық дағдарыс тереңдеп барады.