Газадағы бір жылдық майдан мен Бейруттағы ғасырдан да ұзақ түн
Ливанда түн тыныштығы жоқ. Израиль әскері Ливанның оңтүстігінде қарулы операциясын жалғастырып жатыр. Жаяу әскермен қатар, әуе күштері арқылы «Хезболланың» Бейруттағы инфраструктуралық нысандарын атқылап, бұл аймақты бір жола соғыс майданына айналдырды.
Сенбіден жексенбіге қараған түні Израиль Бейруттың оңтүстігін ракеталармен толассыз атқылады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, әуе соққылары кем дегенде жарты сағат бойы толастамаған. Жарылыстан кейінгі Бейрут аспанын торлаған өрт пен қызыл-сары жалын бірнеше шақырымнан алаулап көрінген.
BBC-дің Бейруттағы тілшісінің хабарлауынша, кем дегенде алты үлкен жарылыс болған. Әр жарылыстың арасында ұшып жүрген дрон дауысы естілген. Бір жарылыс жанармай бекетінде болғанға ұқсайды. Себебі аспанда қызыл жалыннан шар пайда болып, айналасын түгел өртке ораған.
CNN-ның сондағы тілшілері бұл түнгі шабуылды соңғы уақытта болған ең ірі, толассыз шабуылдардың бірі деп бағалады.
Израиль армиясы Бейруттағы «Хезболланың» террористері бар жерлерді атқылағанын растады. Шабуылға бірнеше сағат қалғанда қай жерлердің әуе нысаны болатынын ескертіп, хабарлама таратқан. Және радиусы 500 метрдегі тұрғындарға ол жақтан кетуге кеңес берген. Әуежай маңындағы аудан сенбі күні-ақ атқылауға ұшыраған.
Сенбі күні таңертең Израиль армиясы «Хезболланың» таудағы, тұрғындар тығыз орналасқан аймақтағы қару-жарақ қоймаларын атқылаймыз» деп хабарлаған. BBC «бейбіт тұрғындарға алдын ала ақпарат жеткен» деп жазды. Бұл хабарды естіген кей тұрғындар Сирияның солтүстігіне қарай босып, сол жақта жан сақтаған.
БҰҰ-ның дерегі бойынша, ЦАХАЛ-дың әуе шабуылдарынан соң Ливаннан Сирияға ауа көшкен босқындардың саны күрт артқан. Олардың ұзын саны 200-300 мың адам болуы мүмкін. Жұма күні кешке Израиль авиациясы шекараны кесіп өтетін негізгі пункті атқылып, автокөлік жолын талқандап тастаған. Енді босқындар Сирияға тек жаяу ғана өте алатын болып қалды. Тұрғындарға алдымен сендерді атқылаймыз деп ескертіп алып, кейін басқа елге өтетін жолды да қиратып тастау, ливандықтарды қуып жүріп атумен тең емес пе деген сауал да туындайды.
Ал израильдік әскерилердің сөзінше, Ливанға басып кіргелі бері жаяу әскер «Хезболланың» 440 адамын өлтірген. «Хезболланың» өзі бұл ақпаратқа ләм деп жауап берген жоқ. Соңғы күндері «Хезболла» Ливанның оңтүстігінен 700 ракета ұшырғанын да Израиль айтып отыр.
Сонымен қоса, «Хезболланың» жерасты жолдары, шекаралық аймақтағы шахталары, Ливанның оңтүстігіндегі командалық орталығы болған бір мешіттің қирағаны да айтылды.
Триполи қаласындағы бір тұрғын үйге де бомба түскен. Ол жерде ХАМАС-тың бір қанатының лидері Саид Аттала әйелімен, балаларымен бірге қаза тапқан. ХАМАС Аттала, әйелі және екі қызы «сионистік бомбалаудан» ажал құшқанын растаған.
BBC-дің Таяу Шығыстағы тілшісі Нафисе Конавар: «Бейрут бір жола соғыс аймағына айналды. Өткен түні 12 әуе соққысы болды. Барлық БАҚ «Дахия» деп атайтын аудан аты араб тілінен аударғанда «қала маңы» деген мағына береді. Сол себепті әуе шабуылы жасалған жер Бейрут емес деген түсінік қалыптасып жатыр. Шын мәнінде бұл аудан қаланың шығыс бөлігінде орналасқан. Бейруттың бір бөлігі саналады.
Қала үстінен күні-түні Израильдің дрондары ұшады. Олар жәй ұшып өтпейді, я кетпейді. Олардың ызыңы қала аспанында тұрақтап қалғандай. Үнемі гүжілдеп тұрады. Қаланың әр бұрышында уақытша лагерьлер пайда болды. Үйлері қираған тұрғындар сонда тұрып жатыр. Мен осы хабарды жазып жатқанның өзінде жарылыстардың дауысы естіліп тұр» деп жазды.
Жексенбі күні азанда Бейруттің оңтүстігінде халық жарылыстан оянды. Бұл қыркүйек айында «Хезболлаға» қарсы Израильдің күрт күшейген шабуылдарының ішіндегі ең күштісі болды. Ливан билігі бұл бомбалаудан 23 адам қаза тапқанын хабарлады.
AFP агенттігі жексенбі күні таңертең Бейруттың оңтүстігіне тағы бір әуе соққысы жасалғанын жазды. Reuters жариялаған суретте қаланың үстін түтін торлап, қара түнекке айналғаны көрініп тұр.
«Бұл түн өте қорқынышты болды. Айналамыздағы ғимараттар шайқалды. Басында жер сілкініп жатыр екен дедім. Ондаған соққы болды, бәрін санап үлгермедік, даусы құлақ жаратындай еді», – деді Reuters агенттігіне Бурдж аль-Бараджнех ауданының тұрғыны Ханан Абдулла.
BBC Verify түнгі шабуылдардан кейінгі әлеуметтік желілерде жарияланған видеотаспаларға анализ жасаған. Бір видеода Бейруттың әуежайға апаратын негізгі бір жолында жарылыс болып, өртке тұншығып жатқаны көрінген. BBC Verify анықтауы бойынша жарылыс жанармай бекетінде болған. Спутник суреттерімен салыстырып, адресін де нақтылаған. Видеолар жарылыс болған соң екі сағаттан кейін әлеуметтік желілерге тарай бастапты.
ЦАХАЛ жексенбі күні Израильдің әскерилері Газаның солтүстігіндегі Жабалия ауданын қоршауға алғанын да айтқан. Тыңшылардың мәліметіне сәйкес, тура осы жерде ХАМАС өз позициясын қайта күшейте бастаған. Бұл аймаққа ЦАХАЛ-дың 162-дивизиясы шабуыл жасап, 26 адам қаза тапқан.
Израиль қорғаныс әскері ауданды түгел қоршауға алған. Қазіргі уақытта операциясы әлі жалғасып жатыр.
«Жойылған нысандардың ішінде қару-жарақ қоймасы, жерасты жолдары, террористік ұялар және әскери ғимараттар бар» делінген ЦАХАЛ-дың ресми хабарында.
Израильдің әскерилері Газаның солтүстігі әлі де қауіпті соғыс аймағы деп есептейді. Жексенбі күні тұрғындар эвакуациялануы керек жерлердің картасын жариялаған. Сондай-ақ Газаның оңтүстігіндегі Аль-Мауаси гуманитарлық аймағының кеңейтілетінін айтқан. Палестинаның шенеуніктері мен БҰҰ анклавтағы бірде-бір жерді қауіпсіз деп санауға болмайды деп мәлімдеді.
Ливан мен Газа секторында қатар соғыс жүргізіп жатқан Израильдің Газадағы соғысына 1 жыл толды. Былтыр 7 қазанда палестиналық ХАМАС ұйымы Израильдің оңтүстігіне басып кіріп, шабуыл жасаған. Бұл – соңғы ширек ғасырдағы Таяу Шығыста орын алған ең ірі әскери конфликт. Сол күні-ақ Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «бұл соғыс» деп мәлімдеді. Содан бері атыс-шабыс тоқтаған жоқ. Он мыңдаған адам қаза тапты.
Екі фронтта да үстемдік етіп тұрған Израильдің қазір тоқтайтын сыңайы байқалмайды. Бір жыл бойы Таяу Шығыстың есін екеу, түсін төртеу етіп тұрған соғыс өрті қашан басылары да әзірге белгісіз.
ХАМАС та, «Хезболла» да осы аймақтардағы ең ірі, мыңдаған әскері мен жүздеген қару-жарағы бар жойқын күш. Бірі – Газа секторында қауіп төндіріп тұрса, екіншісі – Ливанның аспанына қара бұлт үйіріп тұр. Бұл екеуін өзінің ата жауы санайтын Израиль жақын күндері Таяу Шығысқа тыныштық бермейтін сияқты.
Қасым Арықбай