Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:10

Газадағы қырғын мен Ақ үйдегі жиын

Трамп
Фото: zhasalash.kz

АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні Ақ үйде Газаға қатысты жиынға төрағалық етпек.

 Ақ үйдің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф бұл кездесуде «ауқымды жоспар» құрылатынын, соғысты жылдың соңына дейін аяқтау туралы талқы болатынын мәлімдеді. Осы күні Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Израиль СІМ басшысы Гидеон Саармен бөлек кездеседі.

«Ақ үйде президенттің төрағалығымен үлкен жиын өткіземіз және ертесіне ауқымды жоспарды дайындаймыз», – деді Уиткофф Fox News арнасына берген сұхбатында. Оның айтуынша, Израиль ХАМАС-пен келіссөздерді жалғастыруға дайын екенін білдірген. Ал ХАМАС та мәмілеге ашық екенін көрсеткен.

Уиткофф «ауқымды жоспар» әзірленіп жатқанын айтқанмен, мазмұнын ашпады. Кездесуге кімдер қатысатыны да ресми түрде толық аталған жоқ. Бұл жағдай бүгінгі жиынға үміттен гөрі күмәнді көбірек күшейтіп отыр.

Дегенмен бұқаралық ақпаратта Тони Блэр мен Джаред Кушнер Ақ үйде Трампқа «соғыстан кейінгі Газа» бойынша ұсыныстарын таныстырады деген ақпарат шықты. Бұл кездесудің форматы тікелей бітім келіссөзі емес, АҚШ ішіндегі саяси-стратегия екенін аңғартады.

Трамп 2024 жылы сайлау науқаны кезінде де, қаңтарда қызметке кіріскен соң да Газадағы соғысты жылдам тоқтатуға уәде берген. Ол президенттігінің басында болған қысқа бітім екі айға жетпей 18 наурызда Израиль шамамен 400 палестиндікті өлтіргеннен кейін бұзылды. Соңғы апталарда Газада аштықтан зардап шегіп жатқан палестиндіктердің, соның ішінде балалардың суреттері әлемді дүр сілкіндіріп, Израильге бағытталған сын күшейді. Қазірдің өзінде Израильдің өз ішінде тұтқындардың босатылуын және Газадағы соғыстың тоқтатылуын талап еткен жаппай наразылық шерулері өтіп жатыр.

Вашингтон нені көздейді?

Ақ үй гуманитарлық дағдарыс ушығып, жаһандық сын күшейген шақта «белсенді әрекетке кірістік» деген белгі бергісі келеді. Бірақ жоспардың түсіндірілмеуі оны пиар-қадам ретінде қабылдату қаупін күшейтеді. Бұған қоса Вашингтон Израильмен стратегиялық байланысын сақтап, сонымен бірге гуманитарлық қысымды азайтуға тырысады. Алайда әлемдік қауымдастық Ақ үйдегі жиынынан нақты қадам күтеді. Бірақ тәжірибе көрсетіп отырғандай, Трамптың уәдесі мен шынайы нәтиже арасындағы алшақтық орасан. Трамп «жеті соғысты тоқтаттым» деп мақтанады, бірақ олардың ешқайсысы тоқтамағанын (тіпті кейбірі басталмағанын) беделді басылымдар әлдеқашан жазған. Сонда Ақ үйдегі бұл басқосу шынымен де қан төгісті тоқтататын бастама ма, әлде Трамптың саяси сахнадағы кезекті «үлкен шоуы» ғана ма?

Бір нәрсе анық, бұл жолы да АҚШ президенті өзін әлемді құтқарушы ретінде жарнамалап, тарихқа енгісі келетіндей әсер қалдырады. Ал Газадағы соғыс күн сайын бірнеше мың адамның өмірін жалмап бара жатыр.

Тегтер: