Газаға қарсы 189 қазақстандық соғысып жатыр
Бұл туралы Al Jazeera басылымы хабарлады. Есеп бойынша, Израиль әскерінде шетелдік паспорттары бар 50 мыңнан астам адам бар. Көбі - АҚШ, Франция және Ресей азаматтары.
Газадағы қақтығыстарға қос азаматтығы бар 189 қазақстандық қатысуы мүмкін. Сондай-ақ, әскерде 264 өзбекстандық, 146 әзірбайжандық, 112 түрік, 52 қырғызстандық және 31 түрікменстандық азамат қызмет ететіні айтылған.
Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынған. Қылмыстық кодекстің 172-бабы шетелде қарулы қақтығысқа қатысқан жағдайда 5-тен 9 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. Ал 170-бап бойынша ауыр зардаптар болған жағдайда 20 жылға дейін соттау және азаматтықтан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салайық, 2023 жылғы 7 қазаннан бастап соғыс басталғалы Газада кемінде 72 мың адам қаза тапқан.