Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:18, 07 Желтоқсан 2024

Газетті «Қазпошта» өлтіреді! – Парламентте айтылған бір сөздің мәні

Қазпошта
Коллаж: Әсел Балтақызы

Сәрсенбіде өткен мәжілістің жалпы отырысында әрі бесаспап, әрі жылдам депутаттар біраз заң жобаларын қарап тастады. Қазақстандағы пошта қызметі, бюджет кодексі, ҰБТ-сыз грант, «Болашақ» бағдарламасына бакалаврды енгізу, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгеріс енгізу, т.б. 

Күн тәртібінде бірінші болып «Қазпоштаның» жайы қаралды. Бұл заң 2016 жылы қабылданған, содан бері жыл сайын өзгеріп келеді. Ол әдет осы жылы да жалғасын тапқан. Еліміздегі ірі логистикалық жүйелердің бірі саналатын ұлттық компанияның қарызы да, естіп жүрген сыны да жетерлік. Заң жобасы бұған дейін таныстырылған, онда пошта нарығын пошта саласындағы уәкілетті органның қызметін жетілдіру, пин-код енгізе отырып құқықты растау, жеткізу процесін оңайлату, пошта қызметін шағын ауылдарға жеткізу сияқты жалпылама мәселелер қаралған. Депутаттар Нұртай Сабильянов, Еділ Жаңбыршин мен Екатерина Смышляева баяндама жасап, заң жобасына 61 түзету енгізілгенін, оның бәрі мұқият қаралғанын айтып, жан-жақты мақтай келіп, заң жобасын бірінші оқылымда қабылдауды сұрады.

Кейбір депутаттар басқа мәселені жиып қойып, «жөнелтілімдерді QR коды немесе хабарлама арқылы тарату алаяқтарға жол ашпай ма? Жаңа өзгерістерден кейін азаматтардың жеке деректері таралып кетпей ме?» деген күдік айтып еді, бас баяндамашы Смышляева «қажетті механизмдер электронды үкімет порталы арқылы жүреді, сондықтан азаматтардың өз рұқсатынсыз жеке деректердің ашылуына жол берілмейді. Ал алаяқтардан қорғану қарапайым жолмен жүреді, келген кодты телефон арқылы хабарламайсыз, «посылкаңызды» алған кезде ғана бересіз», – деп, тыныштандыра салды.

Осыдан соң жалпы отырысқа келген «Қазпошта» басшысы Әсел Жанасова сөз алып, заңның жиі өзгеріске ұшырауын технологиялық-нарықтық өзгерістермен түсіндіруге тырысты. Бір қызығы, Жанасова қыза келіп «Қазпоштада» ақша жоқ екенін айтып салды. Қарыздары мен шығындары көп екен. Бірақ биыл «плюске» шығыпты (бұл туралы Жаңбыршин де майын тамызып айтқан). Әрине, аздаған қиындықтар бар (жұрттың сынап жүргенін айтса керек), бірақ оның бәрі уақытша қиындықтар ғана. Жанасова депутаттардың алдында да, соңындағы журналистер алдындағы брифингте де алдағы бес жылда аяққа нық тұрамыз деп сендіруге тырысты. Дегенмен «бес жылдық жоспарын» ашып айтпады. Соған қарағанда, оның «жоспары» – алдағы бес жылда кім бар, кім жоқ дегенге саятын, «судан өткенше» айтылатын шығарып салма сөз сияқты.

Айтпақшы, ол «Қазпоштаның» қызметкерлері аз айлық алатынын да мойындады. Мойындағанда, толық жүктемедегі пошташылар 160 мың теңге алады, ал жұрт айтып жүрген болымсыз жалақы 0,2 немесе 0,5 жүктемемен жүрген жұмысшыларда ғана. Яғни өзі 1 млн 200 мың теңге жалақы алатын бас пошташы үшін 160 000 теңге де аз ақша емес. Ал жартылай немесе тиіп-қашып істеп жүрген пошташылар басқа жақтан да ақша тауып, күнін көре алады... 160 000-ды көтеру, 0,2 немесе 0,5 пайыздық жүктемемен жүргендерді азайту, пошта жұмысына ынталандыру үшін не істеп жатқанын айтпады.

Жанасова мәселеге Балаева да араласса дейді

2022 жылдан бері «Қазпоштаны» басқарып келе жатқан Жанасова статистика мен пайыздарды үйіп-төгіп, әр сұраққа алғысын айтып отырған. Бірақ газет-журнал мен оларды таратуға байланысты сауалға келгенде аздап тосылғандай болды. Іштей осы тақырыптың қозғалатынын біліп келгендей. Қозғалмай-ақ қойса деп отырғанда депутат Елнұр Бейсенбаев:

«Сіздер «Қазпоштада» 3 мың мекеме, 20 мың қызметкер бар дейсіздер. Бірақ компанияның тарапынан ұйымдастыру шаралары әлсіз. Газет-журнал жеткізуге қатысты мәселе баршамызға белгілі. Оны шешу үшін, баспагерлермен, редакциялармен байланысқа назар аударылып жатыр ма? Қазақ тілді кітаптар мен мерзімді баспасөздерді насихаттау мақсатында не істеліп жатыр? Ақша табамыз, қарыздарымызды жабамыз дегеннен бөлек, идеологияға мән беріліп жүр ме? Осыны әлеуметтік жоба ретінде қарастырып, атқару ойда бар ма? Бұған депутаттардың да, заңның да, министрліктің де керегі шамалы. Жергілікті әкімдіктермен келісіп іске кіріссе, «Қазпоштаның» өз құзыреті де жетеді», – деді.

Сондағы бас пошташының айтқаны:

«Газетті «Қазпошта» өлтіреді» деген сөз бар. Десек те, біз тапқан пайдамыздың 10 млрд теңгесін газет-журналды жеткізуге жұмсап отырмыз. Бұл орайда, бір газеттің тарифі 17 теңге тұрады. Шын мәнінде мұндай ақшаға автобусқа да міне алмайсың. Сондықтан осы жағын да ескеріп, қаржыны арттыру керек. Қазіргі таңда тарифке қатысты келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бір жағынан бұл мәселеге мәдениет және ақпарат министрлігі араласса...».

«Келіссөздер жүргізіп жатырмыз» – жаттанды жауап. Дегенмен осы және осыған жалғас соңғы сөйлемде бір шындық бар. Жанасованың жүргізіп жатқан келіссөзін осы төңіректен іздесек, оның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сөзін өткізе алмай жүргенін аңғаруға болады. «Қазпошта» 1993 жылдан бері ешқандай министрлікке қарамайды. Қазір тікелей Қазақстан үкіметіне қарайтын мемлекеттік кәсіпорын. Құрылтайшысы да – үкімет. Жанасованың мәжілістің төріне келіп тұрып, премьер-министр Олжас Бектеновті емес, министр Балаеваны ауызға алғанына қарағанда байланыс министрлігінің қол астындағы баяғы кезін сағынып жүрген сияқты. Әлде, Бектенов те өз күніңді өзің көр деп, тыңдамай қойды ма екен... деген де ой келеді.

Жалпы, «Қазпоштаның» қызметіне байланысты «Жас Алаш» газетінің редакциясына оқырмандар жиі қоңырау шалып тұрады. Негізгі айтатындары – газеттің кешігіп жететіні. Аптасына екі рет шығатын газетті кейде қосып апаратыны, кейде бір апталап алмай қалатындары туралы... Өзі де интернет пен әлеуметтік желі пайда болғалы ақпараттық рөлін қайтару үшін не істерін білмей жүрген газеттер «Қазпоштаның» арқасында тіпті шабандап қалып жатыр (дәл қазір баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр, газет және «Қазпошта» мәселесі көп талқылануда). Аптасына екі рет шығатын біздің газетімізді қосып апарып жүргенде, күнде шығатын (бес мәрте) «Егемен Қазақстанның» күні не болып жатыр екен деп ойлайсың. Оған қатысты қойылған сұраққа Жанасованың берген жауабы әлгі...

Енді, күн тәртібіне қойылған заңнамаларға қатысты бірер сөз. Бюджет кодексі. Төменгі палата ҚР жаңа бюджет кодексін қабылдап, сенаттың қарауына жіберді. Енді квазисектордың кірістері туралы парламент пен қоғамға ашық есеп беретін болады. Оған қоса, айыппұлдар мен шағын және орта бизнестен түсетін салықтар жергілікті бюджеттерге аударылады. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов «депутаттар үкіметтен келген бюджетке концептуалды өзгерістер енгізді. Әсіресе Ұлттық қор ресурстарын тиімсіз жұмсау мәселесі назарда болды» деп, өз командасына ризашылық білдіре сөйледі.

Одан кейін «Мәдениет туралы» заңға толықтырулар енгізу туралы мәселе де депутаттар тарапынан көп қарсылыққа ұшырамай, өте шықты. Енді беделді халықаралық олимпиадалар мен халықаралық ғылыми жобаларда жүлдегер болған оқушыларға «Болашақ» стипендиясы арқылы бакалавриатта білім алу құқығы беріледі. Және халықаралық ғылыми жобалардың жүлдегерлері ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік білім беру грантын ала алады. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің баяндамасы – білім саласының үздіктерін олимпиада чемпиондары секілді бағаламай жүрміз деген сынға жауап секілді көрінді.

Отырыста тағы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілетін түзетулер екінші оқылымнан қабылданды. Алайда оның ішіндегі бір пункт ақжолдықтардың көңіліне жақпапты. Депутат Азат Перуашев айыппұлдарға қатысты өзгерістерге қарсы шығып, шенеуніктерге айып тақты. Ол ақ жағалылар айыппұлды сылтауратып, шағын және орта бизнесті бопсалайтынын, Қазақстан «Штрафстанға» айналып бара жатыр деп тулаған болды. Бірақ бұл мәселе де, одан кейін қаралған «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісім» және «Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сингапур Республикасы арасындағы еркін сауда туралы және жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім» де көп талқылаусыз-ақ қабылданып кете барды.

Парламенттің кезекті бір күні осылай дау-дамайсыз, тыныш қана өте шықты.

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: