Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:02, 18 Мамыр 2021

Газеттер сатылып жатыр

None
None

Басылымдарды жекешелендіргеннен кім ұтады, кім ұтылады?

Биліктің жүргізіп отырған саясатының кейде ақылға сыймай кететіні рас. Қайбір жылдары  үкімет бастап, парламент қостап, президент қол қойып, жерді жаппай сату, шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту жөніндегі заң қабылданды. Халық наразылық білдірген соң, заңға алдымен мораторий жариялады, ақыры күні кеше шетелдіктерге жалға беруге мүлдем тыйым салынды.

Үкімет қызды-қыздымен жоғары оқу орындары мен ауруханаларды да жекешелендіруді қолға алған. Ұстаздар қарсылығынан кейін  енді университеттерді жекешелендіруге болмайтын заң жобасы қаралып жатыр. Бізде маңызды шешімдердің, заңдардың  асығыс, елдің пікірімен санаспай қабылдана салатынына бұдан артық мысалдарды келтіру қиын шығар, сірә. Жекешелендірудің құрығына аудандық, қалалық газеттер де ілінді. Мұның соңының немен аяқталарын кім білсін?!

Осыған байланысты Түркістан облысында газеттердің мүлкін түгендеу, бағалау шаралары басталғалы жатыр.  Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, облыстағы аудандық, қалалық газеттердің тізімдері былтыр желтоқсанда үкіметтің қаулысымен бекітілген  «2021-2025 жылдарға арналған жекешелендірудің кешенді жоспарына» еніп қойған. Яғни 80-90 жылдық тарихы бар басылымдардың тағдыры жоғарыдан әлдеқашан шешіліп қойған деген сөз. Редакцияларды әлдебіреулердің қанжығасына байлап бере салатын шешімді қабылдаған кезде биліктегілер кіммен ақылдасты, кімнің пікіріне жүгінді ­- ол жағы белгісіз.

Бізге белгілісі, қазіргі уақытта аудандық, қалалық газеттер тіршілігін жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде жасап жатыр. Өз күнін өзі көре алатын мекеме болғандықтан, мемлекет тарапынан ақша бөлінбейді. Табыс көзі — жазылым ақысы және мемлекеттік тапсырыс. Газеттер онсыз да бәсекелестік жағдайында жұмыс істейді. Ал енді оларды жаппай жекешелендіруден кім ұтады, кім ұтылады? Біз алдымен өзі басқарып отырған газеті сатылатын болып, әрі-сәрі күй кешіп жүрген директор — бас редакторлармен хабарласқан едік.

Түркістан қалалық «Түркістан» газетінің бас редакторы Мәлік Дәулетовтің айтуынша, жекешелендіру мүлдем құрдымға апарып соғуы мүмкін.

  • Газетті аукционда кімнің сатып алатынын алдын ала айту қиын. Шығармашылық саладан хабары жоқ адам келсе,  құрдымға кетпегенде не болады?! Мұндай жағдайда ол онсыз да өз күнін әзер көріп отырған газетке тек табыс көзі деп қарайды. Түскен пайданы қалтасына құяды. Шығынды азайту үшін штат санын қысқартады. Ал мұның неге апаратыны айтпаса да түсінікті. Қазір аудандық, қалалық газеттер онсыз да жекеменшіктің күйін кешіп жатыр. Мемлекеттік сатып алулар бір көзден берілмейді, оны конкурсқа қатысып, бәсекелестік жағдайында ұтып аламыз. Мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды.  Сондықтан біз әкімдікке газетті сенімгерлік басқаруға беруді ұсынып отырмыз. Бағымызды сынап көріп, газетті сенімгерлік басқаруға алсақ, сол арқылы шығармашылық ұжымды сақтап қалсақ деген жоспарымыз бар, ­­- деді М.Дәулетов.

       «Түркістан» газетінің бүгінде 5000 таралымы бар. Редакцияның отырған ғимараты, көлігі әкімдіктің балансында. Ал басылымның меншігінде компьютерлер мен жиһаздар ғана. Олардың жалпы құны 1-2 миллион теңгенің көлемінде.

Түлкібас аудандық «Шамшырақ» газетінің директоры — бас редакторы Марат Қалтаев:

  • Үкіметтің газеттерге қатысты саясатын қазір зиялы қауым, тіпті биліктегілердің өздері де қолдап отырған жоқ. Неге десеңіз, аудандық газеттер сол ауданның тыныс-тіршілігін көрсетіп отыр емес пе?! Жақсы газетті кәсіби мамандар ғана жасайды. Қазір біздің ұжымда ҚазҰУ, Еуразия университеті, Қазақ-түрік университетінің журналистика факультетін бітрген мамандар жұмыс істейді. Ертең олардың жағдайы не болады?  Сондықтан бұл мәселенің әлеуметтік, қоғамдық маңызының бары алдын ала ойластырылмаған сияқты. Ал біз ары-бері ақылдаса келе, газетті сенімгерлік басқаруға алсақ деп отырмыз. Басылым бес жыл бойы мемлекеттің бақылауында болады. Одан кейінгісін уақытында көре жатармыз, — дейді.

       Айта кетері, «Шамшырақ» газетінің бүгінде жеке ғимараты, көлігі, сонымен бірге баспаханасы бар. Таралымы 6000-нан асады. Басылым биыл өзінің 90 жылдығын атап өткелі жатыр. 

Ал Кентау қалалық «Кентау шұғыласы» газетінің 88 жылдық тарихы бар.

  • Басылымдарды  мемлекеттің меншігінде ұстаған тиімді еді. Біздің редакция ұжымы тек газетпен шектелмей, әлеуметтік желі арқылы да белсенді ақпарат таратып отыр. Осындай шығармашылық әлеуеті жоғары ұжымның жұмысы жекеменшікке өткен соң не болады? – деді бас редактор Қайрат Зайнишев.

      «Кентау шұғыласының» 3000-нан астам таралымы бар. Жылына мемлекеттен 10 миллион теңгенің шамасында тендер алады. Басылым аукцион арқылы сатылғалы жатқанға ұқсайды. Сатып алуға қаладағы және шетте жүрген 5-6 азамат қызығушылық танытып отырған көрінеді.

Ал Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» газетінің бас редакторы Мұрат Бекейдің айтуынша, газеттің меншігінде ешқандай мүлік жоқ. Ғимарат, көлік және басқа да дүниелер аудандық әкімдіктің меншігінде. Яғни ертең газет сатылатын болса, аукционға басылымның бір жапырақ куәлігінен басқа ештеңе тігілмейді деген сөз.

  • «Газет сатылады» дегенді естіп, біраз кәсіпкер келіп, мән-жайды сұраған. Куәліктен басқа ештеңенің жоқ екенін білген соң, теріс айналып кетіп қалды, — дейді бас редактор.

    «Сарыағаштың» ұжымы да газетті сенімгерлік басқаруға алсақ деген ниетте отыр. 

Арыс қалалық «Арыс ақиқаты» газетінің бас редакторы Әбдімәлік Ағыбай:

  • Газетті ұжым болып сатып алу жағын қарастырып отырмыз. Себебі ерте ме, кеш пе, бәрібір жекешеленеді. 86 жылдық тарихы бар газетті сақтап қалудың бұдан басқа амалы жоқ, — деді.

      Ә.Ағыбайдың айтуынша, бұл басылымның да  отырған ғимараты, көлігі әкімдіктің меншігінде. Редакция еншісіндегі  компьютер, жиһаз сияқты мүліктердің жалпы құны 2 миллион теңгенің төңірегінде болуы мүмкін.

Біз жекешелендіру мәселесімен айналысып жатқан Түркістан облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Әбдірахман Тасыбаевпен де хабарласқан едік. Оның айтуынша, газеттер жергілікті әкімдіктердің меншігінде. Сондықтан басылымдарды аукцион арқылы сата ма немесе сенімгерлік басқаруға бере ме — оны аудан, қала әкімдіктерінің өздері шешуі тиіс.

Ертең газеттер жекешеленген соң, редакциялар әкімдіктің иелігіндегі ғимараттарын, көліктерін пайдалана бере ме, әлде қайтаруы тиіс пе? Әкімдіктер жекешеленіп кеткен мекемеге артықшылықтар жасай ала ма? Бұған енді заң рұқсат ете ме? Газетті жекеменшікке немесе сенімгерлік басқаруға алу үшін редакциялардың өкіметке әжептәуір қаражат төлеу керектігі тағы бар.  

Жалпы, соңғы екі жылдағы карантиндік шаралар газеттердің жұмысына біраз қиындық алып келді. Таралым түсті. Яғни табыс көзі азайды. Үкімет онсыз да өз күндерін өздері көріп отырған аудандық, қалалық басылымдарға жәрдемдесудің орнына, керісінше, қып-қызыл шығын, үлкен проблема тауып беріп отыр.

Тегтер: