«Газпром» қазақстандық газды өндіру жобаларына қызығушылық танытып отыр
Қазақстан үкіметі мен ресейлік «Газпром» газ саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге келді.
Санкт-Петербург халықаралық газ форумы аясында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Газпром» ЖАҚ басшысы Алексей Миллермен кездесті. Тараптар газ саласындағы ынтымақтастықтың барысы мен болашағын талқылады.
Кездесу барысында Скляр мен Миллер табиғи газды жеткізу, тасымалдау және өңдеу, сондай-ақ оны геологиялық барлау және өндіру саласындағы ынтымақтастыққа бағытталған келісімге қол қойды.
Ағымдағы жылдың маусым айында «Газпром» мен «НК QazaqGaz» АҚ Өзбекстандағы тұтынушылар үшін ресейлік табиғи газды Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдау бойынша қызмет көрсету туралы келісімге қол қойды. Ал қазан айында осыған орай Қазақстан, Ресей және Өзбекстан президенттері қатысқан осы келісімнің жүзеге асырыла бастауына байланысты салтанатты шара өтті.