Гендерлік саясат нені міндеттейді?
Қоғамда әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық болып отыр.
Көбіне тұрмыстық зорлық зомбылық салдарынан әйелдер мен балалар зардап шегіп жатады. Мұның барлығы отбасындағы береке-бірліктің жоқтығы, жоқшылық, жұмыссыздық, қызғаныш, ішімдікке салынудың әсерінен туындайды.
Ресми статистикалық мәліметтер бойынша елімізде әрбір үшінші отбасында, әйелге не балаға күш көрсетуге қатысты 30 пайыздан аса қылмыстық іс тіркеледі. Жалпы әйел теңсіздігі жайында мәселе ХХ ғасырдан бері айтылып, талқыланып келеді. Дегенмен, гендерлік саясат туралы айтылғанда елдегі пікір екіге бөлінеді. Оның себебі, қазіргі таңда оқыған әйелдердің көптігі, ерлермен қай салада болсын тең құқылы еңбек етуі, әйелдердің билікке араласуы біздің қоғам үшін әлі де жат ұғым. Себебі біздің қоғамда «әйел ерден бір саты төмен болуы керек» деген ұғым бар. Дұрыс ұғым. Алайда Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы әйелдердің қауіпсіздігіне бағытталған еді. Сондай-ақ Мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығының бірі – ана мен баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту. Осыған орай еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында гендерлік саясатты жүзеге асыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып келе жатқандығын баса айтуға болады. Ал біздің қазіргі қоғам әйелдердің қауіпсіздігіне қатысты қандай жұмыс атқарып жатыр дегенге келсек, жылда неке институтын нығайтуға, отбасы беделін арттыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақтың әлеуметтік және мәдени сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында «Бақытты обасы – мықты мемлекет негізі» тақырыбында форумдар өткізіліп жүргені бәрімізге аян. Сондай-ақ әйелдердің кәсібін дөңгелетуге қатысты шағын несие қарастырылған. Ал қазіргі қоғамда әйелдерге қатысты қандай да кемшін тұстар бар ма? деген сұраққа «Ата-аналар» одағының өкілі Бағила Балтабаева гендерлік саясат мәселесі толық зерттеліп бітпеген, мәселесі көп жағдай деп түсіндіреді. Сондай-ақ ол отбасылық гендерлік саясатқа қатысты «Ата-аналар» одағы бүгінгі күні одақ мүшелері бірнеше жұмыстық топтар бойынша қызмет атқарып келеді. Оның ішінде – бала құқығына қатысты біздің қоғамға, тәрбиемізге жат баптардың күшін жойды. Жалпы одағымыздың атқаратын әлі жұмыстары көп. Гендер сөзінің мәніне үңілсек, қарапайым тілде түсіндіргенде ер мен әйелдің отбасындағы саясаты. Яғни, ер адам қашанда әйелден бір саты жоғары тұруы. Бірақ әйел төмен болды екен деп, әйелдің ешқандай құқығы тапталмайды. Қазіргі заманда ғана емес, сонау ата-бабамыздың кезінен әжелеріміз отбасындағы барлық жауапкершілікті өз орнын біле отырып, жан-жақтағы жұмыстарды игере білген. Яғни, бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеткен. Гендерлік саясатты осы екі-ақ ауыз ұғыммен түсіндіруге болады. Бірақ бала тудым, қоғамға мынадай қызмет етіп жатырмын, бастықпын демей, ерінің мысын баспаған. Әрқашан өзінің орнын білген, – дейді.
Ал қазіргі таңда әйелдерге қатысты қандай қолдау қажет деген сұраққа келсек, қоғам белсендісі Бағила Балтабаеваның айтуынша, әйел адамға ең бірінші жақындарынан қолдау қажет. Яғни, «Бүгінгі күні әйелдерге мүмкіндіктер көп. Қандай салада жұмыс істеймін десе де, ешқандай тосқауыл жоқ. Барлық салада жұмыстарын атқарып, өсіп-өніп, жоғары лауазымды орындарында қызмет етіп жатқан жайлары бар. Сондықтан бүгінгі күні жалпы әйел адамдарға тек қана қоғамнан, өзінің отбасынан, тілеулестерінен, ұжымынан ғана қолдау керек шығар. Ал мемлекетте әйелдерге барлық жағдай жасалған. Тек қана жұмыс істеймін деген ниеті, мүмкіншілігі болса, барлық есік айқара ашық. Ал көпбалалы аналар мен жалғызбасты аналар, үй-жайы жоқ, қиын жағдайға тап болған әйелдерге үкімет тарапынан білім жағынан, жұмыс жағынан көмек болса деп ойлаймын. Ал үйінде балаларымен жұмысқа шыға алмайтындарға бала санына байланысты жәрдемақысын көбейтсе, әжептәуір көмек болар еді, – дейді қоғам белсендісі Бағила Балтабаева.
Әрине, әйел-ана отбасының ұйытқысы, ұрпақ тәрбиешісі. Келешек ұрпақтың саналы, білімді болуы үшін де әйелдердің еңбегі зор. Сол себепті бүгінгі таңда әйелдерді қолдау мақсатында мәселелердің барлығы мемлекеттік деңгейде шешімін тауып жатқандығы белгілі. Мұның бәрі еліміздегі гендерлік саясаттың дұрыс бағытта жүргізіліп келе жатқандығының белгісі.