Гендерлік саясат және Қазақстан қоғамы
Отбасылық демографиялық және гендерлік саясат мәселесі Қазақстанда қолдау тапқанына біраз жыл болды.
Нәтижесінде, қоғамдағы әйелдердің мәртебесі мен саясаттағы рөлі, әйелдердің дамуына кедергі келтіретін кері стереотиптер мәселелері шешімін тауып, гендерлік теңдік орнады деп нақты айта аламыз.
Жалпы әйелдер теңдігі, гендерлік мәселелер төңірегінде елімізде көптеген даулы жағдайлар туындап жатады. Оның себебі, соңғы уақытта елімізде орын алып жатқан отбасылық жанжалдардың көбеюі еді. Мәселен, соңғы жылдары өзге дінге кіріп, әйелдерін бала-шағасымен қоса өртеген қатігездіктің өзі неге тұрады? Ал мұндай сұмдықтардың алдын алу үшін әрине, осындай ұйымдардың құрылғанын құп санаймыз. Сондай-ақ еліміздің әр өңірінде әйелдерді қолдау барысында «Аналар кеңесі» құрылып, биыл оның құрамы да біршама кеңейді. Соның аясында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында республика көлемінде әйелдердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлігін дамыту, билік құрамындағы әйелдер санын көбейту мен отбасылық құндылықтарды арттыра отырып, зорлық-зомбылық пен кемсітушіліктің барлық түрін жою жұмыстары жүргізіледі.
Ал әйелдердің құқығын таптатпау мақсатында әрі тұрмыстық-гендерлік зорлық-зомбылық туралы жуырда үлкен отандық сериал жарық көрді. Сериал «Жалғыз емессің» деп аталады. Сериалды көре отырып, әр әйел өзіне өмірлік кеңес ала алады. Бұл туралы Балалар қауіпсіздігі және отбасын дамыту саласындағы сарапшы Динара Құсайын: ««Жалғыз емессің» сериалында әр кейіпкердің өзіндік өмірлік хикаясы бар. Бірақ барлығы бір кезеңдерде қиын жағдайға тап болған. Оның әр сериясында сенім телефондары мен инфографика, әлемдегі және Қазақстандағы зорлық-зомбылық проблемасы туралы зерттеу нәтижелерінің деректері көрсетілген.
Жалпы сериал «Біріккен Ұлттар ұйымы әйелдер» құрылымы мен Орталық Азия, Ауғанстан елдері үшін «Жарық сәулесі» бастамасының аймақтық бағдарламасы ынтымақтастықта, Еуропалық одақ пен Қазақстан Республикасының қолдауымен «Тринити» продюсерлік орталығында түсірілді. Отбасылық, тұрмыстық-гендерлік зорлық-зомбылықты жою мақсатында түсірілген сериалды «Айту» бағдарламасынан, не болмаса теледидардан тамашалауға болады. Одан бөлек, өзіміз де еліміздегі жоғары оқу орындарын аралап, қыздармен кездесіп, сериалды ұсындық. Себебі Қазақстандағы мүгедектердің тоқсан пайызы зорлық-зомбылық көрген жандар. Сонымен қатар әрбір үшінші адамның өз өміріне қатысты өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік жоқ. Бұл мәселені Қазақстандағы БҰҰ Халық қорының ЮНФПА ұлттық зерттеу орталығының зерттеуі бойынша шыққан нәтиже. Сол себептен де сериалдың атауы «Жалғыз емессің» деп аталады. Бұл болашақ үшін маңызды шешім қабылдауға, қорқыныш пен ауырсынуды жеңген әйелдің тарихы көрсетіледі» деп пікір білдірді.
Алдағы уақытта елімізде әр әйел жоғарыда аталған сериал арқылы өз құқықтарын біле отырып, өмірлерін түзеп, жаңа белеске шығуда сабақ алатындары сөзсіз деп ойлаймыз.