Гендерлік теңдік: Әйелді басшы етіп тағайындағаннан мәселе шешіле ме?
Қазірде гендерлік саясат, отбасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жиі қозғалады.
Жуырда Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия ірі холдингтер мен компанияларда әйелдердің үлесін арттыру жайлы мәселе көтерді. Жалпы ұлттық компанияларда әйелдердің үлесін арттыру гендерлік теңдікті реттей ме?! Мұндай бастама бізге не береді?! Бұл жөнінде «Экономика және құқық» институтының маманы Жанар Күнтуғанқызымен тілдестік.
– Жанар ханым, ұлттық компанияларда, холдингтерде әйелдердің үлесін арттыруды 30 пайызға жеткізу туралы бастама көтеріліп жатыр. Бұл гендерлік теңдікті түзейтін бағыт па?!
–Иә, мұндай бастама көтерілді. Мысалы, еліміздегі белгілі әл-ауқат қоры саналатын «Самұрық-қазына» ұлттық компаниясы бұл межеге жеті жылда жетуді жоспарлап отыр. Компания бұған қатысты «Гендерлік теңдік» жобасымен жұмыс істемек. Қазіргі уақытта бұл қордың директорлар кеңесі мен басшылық құрамындағы әйелдердің үлесі 13 пайызды құрайды екен. Болашақта «Самұрық-қазына» қоры бұл көрсеткішті «30 пайызға жеткіземіз» деп мәлімдеді.
– Жалпы мұндай бастамаға қалай қарайсыз?! «Гендерлік теңдікті арттырамыз» деп, әйелдерді басшылық қызметке алуға міндеттеу қаншалықты дұрыс?!
– Негізінде, біздің елде гендерлік теңдікті арттыру – қажеттіліктен туындап отыр. Себебі қазір қоғамда әйелдерге тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету деректері көп кездесіп жатыр. Қазір мен «әйелдерді басшылыққа қызметке алу керек. Үлесті көбейту қажет» дей алмаймын. Бұл ретте мемлекеттің ұстанып отырған өзіндік саясаты бар. Сол саясатпен жүргеніміз дұрыс. Біз үшін қазір әйелдің қоғамдағы орнын айшықтап алу маңызды. Ол үшін ең әуелі әйелдің денсаулығын арттыру, шалғай ауылдардағы елеусіз қалған әйелдердің мәртебесін өсіру, білімін жетілдіріп, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік жасағанымыз жөн. Мысалы, қалалы жерде әйелдер қызмет істесін делік, ал ауылдағы әйелдердің проблемасын қайтеміз?! Ауылдық аймақтарда әйелдерге қызмет көрсететін орталықтар жоқтың қасы. Оларға психологиялық қолдау беретін мамандар жетіспейді. Тіпті медициналық жағынан сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндіктері жоқ ауылдық аймақтар бар. Міне, бізге алдымен осы мәселелерді шешу керек. Гендерлік теңдіктің астарында ол әйелдің денсаулығы, отбасылық жағдайы, бала-шағасының көңіл күйі, барлығы қамтылады. Әйелді басшы етіп сайлағаннан мәселе шешіле қоймайды. Әйел қоғамда өз орнын алып, қызметте өсуі үшін алдымен оның отбасындағы жағдайы дұрыс болуы керек. Өзінің дені сау болып, өмірге дені сау ұрпақ әкелуі тиіс. Сондықтан шалғай ауылдардағы әйелдер мәселесін бірінші кезекке қойған жөн.
– Үкімет сол шалғай ауылдардағы ана мен баланың денсаулығын түзеу үшін біршама бағдарламалар қабылдады. Ауылда тұратын аналарға көмек көрсету мақсатында құқықтық, медиативтік көмек көрсететін жүрдек пойыздар желісін тәжірибеге енгізді. Бұл бастамалар өз нәтижесін берді деп ойлайсыз ба?!
– Тек қана былтырғы жылы «Саламатты Қазақстан» пойызы 17 аймақтың 121 шалғай станциясымен жүріп, барлығы 90 мың адамға қызмет көрсетіпті. Соның басым бөлігі әйелдер. Сол жобадағы медиаторлар мен заңгерлер жалпы саны 9 мыңнан астам азаматқа көмек көрсеткен. Оның 5 720-сы әйелдер болған. Соның ішінде 611-і өңірлік әйелдер кәсіпкерлік орталықтарына жіберілген, 98-і жұмысқа орналастырылған, 388-і өз балаларына алимент ала бастаған, 60-ы шағын бизнес ашуға құжаттарды ресімдеуге көмек көрсетті.Былтыр бұлпойыз жұмысына алғаш рет әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі өңірлік комиссиялардың әлеуеті жұмылдырылған. Олардың күшімен шалғай ауылдардың тұрғындарын құрамға жеткізу ұйымдастырылған. Бұдан соң «Туған елге саяхат» қайырымдылық пойызы жобасы ұйымдастырылды. Бұл жоба бойынша да талай әйелдердің проблемалары тыңдалып, шалғайдағы ауылдардан 300 аз қамтылған отбасы Қазақстанның тарихи көрнекті орындарына барып, демалыстарын экскурсиялық пойызбен өткізді. Меніңше, мұндай жобалар керек. Әйелдердің бір сәт сергуі үшін, қым-қуыт тірліктен бір сәт босап, өздеріне-өздері көңіл бөлуі үшін аталған жобалар шалғай ауылдарға баруы қажет. Ондағы мәселелерді мамандар көздерімен көргені абзал.
– Шалғай ауылдардағы әйелдердің бизнеспен айналысуына қандай мүмкіндіктер жасауға болады?!
– Ол үшін әлеуметтік бағыттағы үздік идеялар мен жобаларды қолдау және ілгерілету мақсатындағы жобаларды қолға алу керек. Былтыр республикалық деңгейде «АруАна» үздік әйелдер жобасы байқауы өткізілді. Бұл жобаға ұсынылған 148 жобаның ішінен үздік 10 жоба таңдалды. Аталмыш байқауға әйелдер агробизнес, құқық, қылмыс, тағы басқа салаларға қатысты жобаларын ұсынған. Осындай жобалар ауылдағы әйелдерге де өте қажет деп ойлаймын. Гендерлік теңдікті ауылдан бастау керек. Бізде көбіне ауылдағы әйелдердің құқы бұзылып жатады. Осыны ескерген абзал. Ауыл – ұлттық идеологияның қаймағы. Сол қаймақтың бұзылмауы үшін ауыл әйелдеріне жайлы өмір туғызып, әлеуметтік жағдайын көтерген абзал.
Қ.САЙЛАУ