Гендерлік теңдік: дәстүр және құқықтық сауаттылық
Соңғы бес жылда әйел мен ердің теңдігі, гендерлік саясат жөнінде түрлі-түрлі бастамалар, жобалар қолға алынды.
Әу баста гендерлік теңдік дегенде үрке қараған қазақ қоғамы қазір бұған үйренісе бастады. Бүгінде саясат сахнасында жүрген әйелдердің қарасы көп. Ал енді сол әйел қауымы құқықтық сауатты ма?! Осыдан бірер жыл бұрын бірқатар сала мамандары «елде әйелдерден гөрі, ер азаматтар құқықтық сауатты» деген пікір білдірген-ді. Ал қазір ресми деректерге жүгінсек, елдегі әйел қауымының құқықтық сауаты өсе бастағанын байқаймыз.
«Аналитик» талдау және сараптау орталығы мамандарының берген деректеріне көз жүгіртсек, соңғы үш жылда қазақстандық әйелдердің заң аясында сауаты өсе бастағанын аңғарамыз. Мәселен, пандемияға дейін республикада әйелдердің 33,2 пайызында құқықтық білімі бар екені белгілі болған. Ал ерлер арасында бұл көрсеткіш 61,1 пайызды құраған. Былтыр бұл көрсеткіш әйелдер арасында өсіп 53,4 пайызды құраса, ерлер арасында 47,6 пайызды құрапты.
Дегенмен мамандар елдегі әйелдер қауымының құқықтық сауатын арттыру әрқашанда маңызды екенін айтады. Заң саласының маманы Жандос Өмірәлиевтің сөзіне сүйенсек, әйелдердің заңгер мамандығын алып шығуы, бұл салада жоғары оқу орнын бітіруі олардың құқықтық сауатының жоғары екеніне дәлел бола алмайды. Әйел ең алдымен өзін қорғай алуы қажет. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан әйелдер өзін-өзі қорғай алмай жатады. Гендерлік саясатта осыны ескерген абзал. Біз дамыған зайырлы қоғам ретінде әйелдердің құқықтық сауатты болуына мән бергеніміз жөн. Әйел өзінің құқықтық талабын сауатты жеткізе алуы керек» дейді маман.
Гендерлік теңдік мектептен басталу керек
Маманның ойынша, бізде қыз балалардың құқықтық сауатын арттыруды мектеп қабырғасынан бастау керек. Оларға мектеп кезінен бастап өзінің құқығын таптатпауды, белгілі бір кәсіп меңгеруді, қоғамға сіңісуді үйретуі керек.
«Бізде қыз балаға «қонақсың» деп бала кезінен тұрмысқа шығуға үндейді. Қазір жоғары білім алмай, мектеп бітіре салысымен тұрмысқа шығып кететін қыздар бар. Оқуға түскен күннің өзінде университетті тәмамдамай жатып тұрмыс құратын қыздар да жетерлік. Оқуын орта жолдан тастап, отбасылық өмірдің қиыншылығын көтере алмай адасып жүргендер де болады. Осының барлығы сауатты білімнің жоқтығы. Тұрмыстың тауқыметіне көніп, ұрып-соғуға төзіп жүретін нәзік жандар да бар. Сондықтан құқықтық сауаттылықты мектеп жасынан арттыру керек. Құқық негіздері сабағына гендерлік теңдікке қатысты да сағаттар қосылғаны жөн», – дейді заңгер Ж. Өмірәлиев.
Бұдан бөлек, маманның ойынша, қыз балаларды мектеп қабырғасынан белгілі бір кәсіпті меңгеруге баулыған жөн. Маман «қыз балалар мектепте жүргенде тігіншілік, шаш қию, кондитерлік өнімдерді пісіру тәрізді заттарды үйреніп шықса, үлкен өмірге қадам басқанда өзіне жеңіл болады» деп есептейді.
Дәстүрден гөрі, заңға жүгінген жөн
Ал әлеуметтанушы Аймара Тілеукинаның айтуынша, біздің әйелдердің көбі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраса да заңнан гөрі, дәстүрге көбірек жүгінеді. Осыдан барып елімізде әйелдердің құқы аяққа тапталып жатады.
Әйелдердің бірқатары күйеуінің ұрып соққанына төзіп, бірнеше жыл жүреді. Заңға жүгініп, өзін қорғайтындары некен-саяқ.
«Әсіресе ауылдық жердегі әйелдер соққыға жығылып жатса, ауылдың үлкендері барып басу айтып, оларды қайта ымыраластырып жатады. Әйелдердің арасында заңгерге жүгіну, ақыл-кеңес алу дегенді білмейтіндер басым», – дейді маман.
А.Тілеукинаның пайымдауынша, гендерлік теңдікті, отбасы құндылығын насихаттауда ауылдағы әйелдердің құқы ескерілуі тиіс. Ауылда арнайы орталықтар ашылып, әйелдерге кеңестер беруге, заңдық тұрғыда көмектер көрсетуге ұмтылғаны жөн.
Еңбекақы теңдігі де ойлантуы қажет
Бұдан бөлек, мамандар еңбекақы төлейтін кезде де өз құқығын талап ете алмайтын әйелдер барын мысал етті. Бұл мәселе де гендерлік теңдік тақырыбының әлсіз тұсы. Мысалы, қазір экономикалық белсенді халықтың 48,5 пайызы әйелдер. Соның ішінде олардың 31,2 пайызы ер азаматтарға қарағанда төмен жалақы алады.
«Негізінде жалақыдағы ең аз гендерлік алшақтық Люксембургте тіркелген, онда бұл көрсеткіш шамамен 1 пайыз. Бізге нақ осындай тәсілді ұстанбасақ та, гендерлік теңдік жайын қозғағанда еңбекақы теңдігі де сырт қалмауы тиіс», – дейді әлеуметтанушы.
Бұл ретте «Аналитик» талдау және сараптау орталығының деректеріне сүйенсек, Қазақстанда әйелдердің ерлерден 25-27 пайызға аз табыс табатынын байқаймыз. Және бұл соңғы үш жылда тұрақты үрдіс болып қалыптасқан. Ranking.kz агенттігінің мәліметінше де, 2023 жылы елдегі ер адамдардың жалақысы әйелдерге қарағанда 22 пайызға жоғары болған.
Абзалында, біз бәсекеге қабілетті ел болу үшін де гендерлік саясатты нықтауымыз қажет. Ал мамандар гендерлік теңдік жетілуі үшін алдымен осы үш мәселені жетілдіргеніміз жөн екенін айтып отыр.
Қарлыған Сайлауова