Гендерлік теңдік дегеніміз – әділеттілік қана емес
Гендерлік теңдік – адамзат қоғамын гендерлік сипатына қарай бөліп-жармау, теңдігін қамтамасыз ету, бірдей мүмкіндіктер жасап, әділетті болу концепциясы. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, гендерлік теңдік дегеніміз тек қана әділеттілік емес.
Оның тағы бір маңызды аспектісі – жалпы қоғамды дамыту мен көркейту, тұрақтылықты сақтау. Демек, табиғат болмысынан ер болып туған да, әйел болып туған да жынысына қарамастан әлеуметтік өмірдің қай саласында болмасын, білімде, жұмыс пен карьерада, саясат пен қоғамдық жұмыстарда тең болуға ұмтылуы қажет. Әрине, патриархалды қоғамда, мәдениет пен дінге, тағы да басқа бірқатар факторларға байланысты әлемде гендерлік теңсіздік белгілі бір деңгейде көрініс беріп келеді. Оның айқын мысалы ретінде қыз балалардың білім алуға қолжетімсіздігі, еңбекақы төлеудің екі түрлі курсы, басқару ісі мен саясаттағы әйелдер үнінің ескерілмеуі, мәдени-тұрмыстық таптаурындарды атап көрсетуге болады. Ғасырлар бойы нәзік жандылардың көкжиегінің шектелуі мен қандай да бір қысымға ұшырауы қалыпты дүние саналғаны да жасырын емес. Алайда адамзат қауымының таным түсінігі артып, ағартушылық деңгейі көтерілген сайын әйел затының да ерлермен тең болуы керек екені, олардың кез келген әлеуметтік саладағы потенциалының жоғарылығы, адам құқығы жыныс-жаратылысына қарап шектелмеу керектігі түсінікті бола бастады.
Ал гендерлік теңдік үшін күрестің тамыры өте тереңде жатыр. Жаһандағы әртүрлі елдер мен мәдениеттер бұл тақырыпты проблематика ретінде айшықтап, шешімін іздеген. Ал белсенділік пен жүйелі қадамдар тек XIX және XX ғасырларда батыс елдерінде бастау алып, үдей түсті. Мәселен, демократияшыл рухымен атағы шыққан АҚШ тарихындағы гендерлік теңдік үшін күрес ерте басталып, алғаш әйел адамдарға дауыс беру құқығын талап етуден келіп тарайды. Осылайша, 1920 жылы нәзік жандарға да дауыс беру құқығы берілді. Одан соң тең жалақы талап ету мен әйел затының жұмыс орнындағы құқықтары туралы мәселе алдыңғы орынға шықты. Одан соң Ұлыбританияда XIX ғасырдан бастап әйелдер құқығының теңдігі, білім мен саясаттағы орны, еңбекке орналасудағы мәселелер көтерілді. Сол секілді Швецияда да бұл қозғалыс ерте бастау алып, дамыған. Аталмыш ел гендерлік саясаттағы теңдікті қолдау бойынша өте тиімді тәсілдер қабылдап, жылдам әрекет ететінімен танымал. Әсіресе ата-аналардың еңбек демалысы мен әйелдердің саясаттағы, биліктегі орын үлесі туралы қағидалар осы жерде пісіп жетілген. Францияда француз революциясынан бері теңдік мәселесі аса өзекті. Осы сынды біраз елдер «оянып», гендерлік теңдік үшін күресе бастады. Ол бүгінде өз нәтижесін беріп жатыр деуге де болады.
Әрине, Қазақстанда да гендерлік теңдік мәселесі ұдайы айтылып, шешімдер ізделіп жатыр. Алдымен қыздардың білім алуы нормаға айналып, олардың қоғамдық өмірі мен әлеуметтік маңызы, өндіріс пен карьерадағы, билік пен саясаттағы, ғылым мен басқа да сол секілді салалардағы рөлі артты, салмақ үлесі көбейді. Жақында ғана қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау заң да соның көрінісі. Бүгінде нәзік жандылар медицина, педагогика салаларында жемісті еңбек етіп, кәсіп пен ғылымда өздерін дәлелдеп жүр. Оған қоса, үкіметтегі әйелдер салмағының артуына да тиісті қадамдар жасалып жатыр.
Балауса Ділдәбек