Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:45, 03 Наурыз 2022

Герданың сыйы

None
None

Байтақ дала төсінің еңсесін баса тұтасқан күздің сұр бұлты алып қаланың төбесін жауып, меңіреу күйге түсірген.

Жазық далада кеудесін тауға соқпаған, бетін жартас қақпаған, еркінсіп көшкен бұлт жөңкіле аунайды. Бұлт астында бұғып қалған қаланың бұрыстау шеткі көшелерінің бірінен ауық-ауық үрген иттің даусы құлаққа шалынады...

***

Сергек жатқан сұры ит иесінің айтағын естіп, орнынан еліріп атып тұрды. Ит көзі сол сәтте-ақ өзінің меншікті кең қорасына қалбалақтай еніп келе жатқан бөтен адамға түсті. Ол адамды ит иесі қораға итеріп кіргізіп, есігін жауып тастады. Ал ит сырықтай бойын меңгере алмай ілгерінді-кейінді кетіп, жасқаншақтап тұрған адам баласының көзіндегі үрейді бірден таныды. Сұр ит жәй ит емес еді. Тұрқы ұзын, жоталы, кең кеуделі, апайтөс, иттің нағыз сырттаны болатын. Гүрілдеген зор даусымен-ақ кісінің төбе құйқасын шымырлатып, түршіктіретін.

Міне, сол сұр ит қарсы алдында иіні түсіп, қарусыз, жалаң қолмен тұрған пенденің өзіне аса қауіпті жау емес екенін сезсе де, иесінің алғашқы «талап таста» деген бұйрық айтағы құлағына жаңғырыға қайталанып, «жауына» найза тістерін білей сақылдатып, арсылдай ұмтылды. Сол бойда қарақшыдай қалбиып тұрған қауқарсыз жанды кеудесімен соғып қалпақтай ұшырып, тау құлатар екпінімен үстінен аршындай ырғып өтті. Содан соң жауын оп-оңай жайратып тастағанына әулекілене маңғазданып иесіне қарап бір-екі әупілдеп қойды.

 Ал бұл тұста бейсауат адам қас-қағым сәтте өзінің итке қалай таланып қалғанын толық түсініп үлгірмесе де, тағы да айналып келіп талап тастайды-ау деген үреймен орнынан жандәрмен, сүріне-қабына тұрып жатты. Өзінің итке оңай «олжа» бола салғанына намыстанған адам, тізесінің дірілін басып, ширақ қимыл көрсетті. Сұр ит адамның бұл қалпын ұнатпаған сыңаймен ызбарлана ырылдап тағы ұмтылды. Ит өзіне қарсы нысанасыз тепкіленіп жатқан адам аяғының балтыр тұсынан аузын арандай ашып сойдақ тістерін қарпыта салып жіберді. Бірақ қарымды жағын қанша қарыстыра басып тістегенімен қызыл етке дарыта алмады. Бұл адамның киген киімі соншалықты қалың, қаудырлаған қатты болып шықты. Осыдан кейін ит ашуы бойын кернеп, басындағы қанын қайнатып көзіне құйды. Көзі қанталаған ол алдындағы адамға шабуылын жиілете түсті. Адамды екі-үш мәрте сүріндіріп, құлатқанымен қайта тұрып кете берді. Талай рет адам денесінің аузы жеткен тұсынан тістеп әлектенгенімен, қан дәмін ала алмай меселі қайтты. Алғашқы арпалыста әлсіздік танытып, осал көрген адамы да дәл қазір ес шақырып, күш жиып, ұрысқа бойын үйретіп алған. Ол да соқталдай денесін тәртіпке келтіріп, ширақ қимылдап, иттің талауына тегеурінді қарсылық көрсетіп жүр...

Сұр иттің бұлай айтаққа делебесі қозып, ерекше ынталанып, қызбалықпен өршелене адамға шабуының көп себебі бар. Бұл жерде оның  иесіне деген адалдығы, өзіне артқан міндетті орындауға құлшынған құлқы болса да, тағы бір жағынан өзінің соңғы мезеттердегі хал-күйіне налып, әлдебір құмарлығын бассам деген есірік дәмесі болды. Қорада қамалып, байлау көрген сұр иттің ойнақтап жүгіріп, итше сарып, өз тұқымдасын иіскемегеніне қаншама заман өтті. Ол ит тіршілігінің жосықты мәнінен, аңсары ауған қызықтың бәрінен шетқақпай болып зеріккен, зарыққан күйзелісін, ыза-ашуын алдына келген осы бір бейсауат жаннан алып, шер-құмары қанғанша жағаласып, таласып-тартысып тарқатпақ болған.

Ит пен адамның алысып та, арбасып та айла-тәсіл жарыстырып, күш сынасқандарына бірталай мезгіл өтті. Сұр ит көптен бері бұлай сирақ сермеп, сіңір созып, қатты-қайырым әркет жасамаған болатын. Сондықтан болар тоқ қарын, көбеңсіген ауыр денесін жер тартып, салақұлаш тілі аузына сыймай салақтай берді. Ендігі шарпысуларда итке де құлақшекеден, бүйірден тиген әлеуетті соққылар жиілей түсті. Бұл ауырсынулар тіс, тырнақ, таяқ тиіп көрмеген «ақсүйек итке» оңай соқпады. Бірақ майданнан тайқып кетуге иттік қиястығы жіберер емес. Қайта бір қапысын тауып қауып тастауға өзелене ұмтылады. Сондай шабуылдың бірінде ит өзінше айлаға көшіп, адамның ашық бетіне ауыз салмаққа, қос аяқтай секіріп шапшыды. Дәл сол сәтте, кіндік тұсынан тиген қатты бір соққы оның қолқа-жүрегін солқ еткізді. «Қаңқ» еткен ащы даусы өз құлағын тесіп барады. Содан ары көзі қарауытып, төңкеріліп құлап бара жатқанын сезбей де қалды...

… Сұр иттің өткен бір кезеңдегі бұла заманы, болмысы өзгермеген ортасы, күшік шағы көз алдынан көш керуеніндей шұбырды. Ол бір «итарқасы қияндағы» ауыл еді. Сұр иттің күшік кезі сонда өтті. Бар жағдайын жасап, аузындағысын бөліп беретін, еркелетіп ойнайтын шопан үйінің қарадомалақ баласы оны «Құтпан» деп шақыратын. Енесі өзге бір шет жұрттың ит тұқымы шата ит болатын. Сонысымен тақыр жүнді сұр қаншық шопан иттерінен бөлектеніп тұратын. Ал құтпанның дене тұрқы енесінен әлеуетті, зор болып туса да, сыртқы кескін-кеспірі енесінен аумай-тұғын.

Сол Аюсай аталатын жайлаудағы бақытты күшік шағы баянды өтті. Сонда жүріп көзін ашып, бауырын көтерді. Иесін танып бөтенге үруді үйренді. Ұяластарымен асыр салып ойнап, бойынан асатын жайлаудың соны шөбіне аунап рахаттанды. Аюсайдың қойнауын кернеген мол қарақатының, алуан түрлі гүлді шөптерінің иісі тұмсығын тұшындырып, тамырына дейін балқытушы еді. Міне сол көрген түстей болған «ит басына іркіт төгілген» бақытты өмірі ұзаққа бармады. Пешенесіне жазылған тайқы тәлейі оны әлдебір қатігез адамның қолына түсіріп, ұяластарынан бөліп даладан «ит өлген жердегі» қалаға қарай ала жөнелді. Одан бері бұл қалада адамның мезгіл өлшемімен он жылын өткізіпті. Оны санасымен есептей алмасада шау тартып қалғанын сезеді. Құтпанның қалаға келген соң шақыратын аты да «Герда» болып өзгерді. Басында жат дыбыс болып естілсе де, бірте-бірте оған да құлағы үйір болды. Осылай жылдар жылжып өтіп жатты.

Герданың биік дуалдармен қоршалған зәулім үйдің босағасына байланумен есейіп қалған шағы болатын. Бір күні оның санасын сілкінткен тосын оқиға болды. Жақын маңынан шыққан жойқын жарылыс даусынан шошынып қатты үріп, дыбыс шығарды. Содан аңдаусызда оқыс шыққан өз даусынан өзі шошыды. Артынша рахаттанып дүңк-дүңк етіп ұзақ үрді. Ал анығында сұр ит күшік дәуренінде құлағында қалған, көрші шопанның «ақтабан» төбетінің даусына өз даусын ұқсатты. Содан күшік кезі есіне түсті. Сол күшік күнінде өзін таламақ болған бөтен ауылдың итіне «гүр» етіп дөңайбат танытып, біраз жерге қуып тастағаны көз алдына елестеді. Соның себебін енді топшылап ұққандай болды. «Ит атасын таныды» деген осы шығар. Герданың ешбір ит баласы армандамаған, білмей өткен құпияның бетін ашқанына масаттанып, айқұлақтанып үргені сол екен.

Сұр иттің Ақтабанның нәсілінен болғанына мақтанатын себебі де жоқ емес. Ақтабан ит жергілікті халықтың ең асыл, мықты тұқымы. Ол тұрқы алпауыт ірі, жалпақ бел, дөңқабақ, салпы ерін, қатты, қалың жүнді нән төбет болатын. Ауылда ел орынға отырып, қой қораланған соң ақтабан ит өзіне арнайы дайындалған түнгі қонағасысын жеп болып, бүлк-бүлк желіп, қора шетінен аулақ дөңес бетке көтеріліп, тайдай болып көлбеңдеп жол торып, күзетке шығатын. Ол көп иттей шулап, жөн-жосықсыз дыбыс шығармайтын. Бір қатердің қаупін сезсе ғана Аюсайдың тау-тасын жаңғыртып, орманын сілкінтіп дүңк-дүңк етіп аз үретін. Осы даусынан-ақ жаулары сескеніп алыстан қашатын.

Жұрт Ақтабанның «қорбаңбайды» да шошытып қуып салғанын аңыз ғып айтушы еді. Ақтабанның ауылы жайлаған Аюсайдың екі қапталы етегіне дейін ентелеп тұрған қалың қарағайлы орман болатын. Бір күні сол сай тағанындағы ашық алаңқайда отырған ауылға тосынан түн ортасында аю шабады. Ауыл үсті шошынған, үріккен малмен сапырылысып, азан-қазан болады. Ал аюға қарсы ақтабан бастаған шопан ауылының тайыншадай төбеттері өре түрегеледі. Бұндай тегеурінді батыл қарсылықты күтпеген аю қайта орманға қашады. Осылайша дала төсінде ешкім бетінен қақпаған тау тағысы, ақырған айбарлы аюды тірсектей тістеп қуған Ақтабанның батылдығы ел ауызында қалады. Ақтабанның ерлігі бұл ғана емес. Беймезгіл шақта бейсауат адамның бөгде жүрісінен секем алса да оны ат үстінен оңай жұлып алып, аударып тастайтыны тағы бар. Ондай кезде құлаған адамды тарпа бас салып талап та тастамайды, әдетте албаты үріп мазаламайтын сенімді ит бір-екі әупілдеп иесіне хабар таптырып, өз жөніне кете береді. Ал жай күндері ауыл балалары жатқан жерінен құлақтап үстіне секіріп мініп алсада ожар мінез танытпайды. Мені мазаламаңдар дегендей жылыстап тұрып кетеді. Міне сұр иттің ақтабан төбетке өзін ұқсатып қуануының бір себебі сол болатын.

Осы тұста Герданың ессіз қиялы тағы бір қыр асып қиянды шарлап кетті… Өзінің осы уақыттарға дейінгі өмір кешкен ұзын сонар ит өмірінен білген-түйгені мол екен. Оны бүгінге дейін ескермей, санатқа қоспай, санасын сілкіп аршымай келіпті.

Адам баласы тұңғыш ит атасын досы, көмекші серігі етіп еркін табиғаттан таңдап алған заманнан бері ит атаулы адамның жолдастық мейірімі мен үмітін ақтауға тырысып келе жатқан жоқ па. Ит еш уақытта иесін алдамайды, күмәнданбайды, жазғырып, кінә тақпайды. Ол пешенесіне жазылған жаратылысы, дағдысы болып қалыптасып қалған. Ал қазіргі мынау төрт аяқты хайуанның екі аяқты адаммен итше таласуы қандай сұмдық! Адамдар арасындағы қайшылық, иттердің арасындағы ырылдауық таластан әлдеқайда қатал, жауыздыққа толы болып кеткендей ме, қалай? Адамдар бұрын ақымақтық жасағанда «ит болдық»деп, тәубеге келмеуші ме еді. Бұлай болғанда иттер адамға дос болғанша, қасқырмен жолдас болып, еркін табиғатта тіршілік кешуі дұрыс таңдау болмас па. Ендеше ит қорлық көріп жүріп қасқырдың жолын кескенді де қою керек!...

Герданың бір өмірі осылайша бір сәттік уақытта көшкен бұлттай санасынан сырғып өтіп жатқан мезетте иесінің даусынан есін оқыс жиып, көзін ашты. Өзін жекпе-жекте жеңген бейсауат адам әлі осында – қорада тұр. Бұл жолы сұр ит оған ашуланбады да, кектенбеді, қайта ит көзімен есіркеп қарады. Тіптен бейсауат  адам күшік кезіндегі ауыл адамдарына ұқсайды. Өз иесіндей салқын қанды, ызбарлы, суық жүзді емес. Ол жүрек түкпірінде мейірім тұнып, көзімен айналасына жылу шашып тұрғандай сезілді. Иттер адамға дос саналып, қанша қадірленсе де өздерінің орны адамның алдында қашанда есікте екенін анық түсінеді. Ал мына бейбақ сорлының итпен алысып, ақ тер, көк тер болып жұлысатын басына не күн туды екен?..

***

Атағы мол, дақпырты зор үлкен қаланың сан алуан жұмыстарына жегілген, тынымсыз тірлікпен тырбанған қара халық таңнан қаракешке дейін қыбыр-жыбырын бір тоқтатпайды. Ауылдан қалаға үмітін арқалап, көңілі тасып жеткен Ермекті де сол қайнаған тірлік ортасы қарсы алды. Алғашқы келген екі айда оңай табыла кеткен қара жұмыстың ең ауырын істеді. Қиын жұмысқа шаршап жүріп көндікті. Әйтсе де адал еңбегінің өтеуі болмай, ақшасы құрғыр қолына тимей діңкесі құрыды. Өзінен бұрын келіп, қаланың бір-екі көшесін бұрын тоздырған көнекөз ауылдасы «кейде осылай алаяқтар сан соқтырып алдап кетеді» деп оны өмір заңдылығына балап көңіл жұбатты. Ермек осы екі айда қолындағы бар ақшасын жаратып болған еді. Содан не болса да жігіттердің ақылымен аз күн күндік жұмыс істеп ақша таппақ болды. Ол үшін күндік жұмыс істеуге жалданатын жігіттер тұратын қаланың белгілі көшесінің бойында тұру керек. Ел аузында бұл жер «5-пятак» деп аталады.

Алғашқы бірнеше күн жолы болып төккен терінің ақысын алып, көңілі қош тапты. Шаршап жүріп істесең де ақшаң қолыңа түсіп тұрса ол да бақыт екен. Ермектің сол шаттығы үшінші күні бүгінгі сорақылыққа ұласып қалды. Таңертең ерте тұрып күндегі дағдысы бойынша атаулы көшенің бойында жұмыс іздеп жәутең көзденіп тұрған болатын. Мұнда бүгін жұмысқа жалдануға ниеттенген кісі қарасы мол екен. Көбі жас жігіттер, арасында егде жастағылары да төбе көрсетеді. Осы кезде дәу джип машинаны тізгіндеген екі жігіт «бізде жұмыс бар» деп көпшілікке жар салды. Мұны естіп жұмыс таба қойсақ деп асыққан ала-құла шоғыр екі жігітті қоршай қалды. Олардың қырағы көздері талғап тұрып, жүзі солғын, жүдеу-жадау қараша топтың арасынан басқаларға қарағанда жінтікті көрінген, бойы ұзын, жілік майы азаймаған Ермекті тез танып, «сен барасың» деп нұсқап көрсетіп ала жөнелді. Содан қаланың шеткі аудандарының біріндегі ауласы тай шаптырым зәулім коттедждің қақпасына келіп тоқтады. Алдымен Ермекке өз киімінің сыртынан қаптатып қалың тұтас қыстық киім кигізді. «Бұл не үшін?» деген Ермектің сұрағына дәуқара «пайдасын қазір көресің» деп қысқа қайырды. Содан кейін Ермекті ауланың бұрышындағы кең ит қораның есігіне бастады. Қора ішіндегі дәу сұр иттің тұрқын көрген ермек есіктен аттауға жүрегі дауаламай қалт тоқтай қалған еді, «ішке кір» деген қатқыл бұйрықпен бірге бүйірден соққан әлеуетті жұдырықтың екпіні оны сұр иттің алдына бірақ апарды. Осылай не болғанын аңғармай қалған, есі шыққан Ермекті сұр ит келіп тарпа бассалып талап жатты...

***

Ит есінен танып құлаған кезде жігіттердің бірі Ермекке келіп «саған итті ұрып жық демедік, жұмысыңды дұрыс істемедің. Ит өлсе төлем төлейсің» деген болатын. Бірақ көп уақыт өтпей-ақжаны аяулы Герда басын көтерді. Ит есін жиғанда Ермек те қуанды. Жақын адамы өлім аузынан аман қалғандай уайымынан сейіліп, сергіп қалды. Ол шаршаған, зорыққан күйін сезініп, иттің қарсы алдына отыра кетті. Ал Герда көзін ашқанда Ермектің көзімен шарпысып, түйісіп тоқтады. Енді Ермектің назары итке біржолата ауып тесіле қалды. Герданың көз жанарынан әлде бір сәуле ұшқын шашып тұр. Бұл көз Ермекті тексере тінтіп, сұрақ қоя қарайды. Сол алымды, аңғарымды, мұңлы, ойлы көз әлдебір қиырды шарқ ұрып шарлап келіп тыным алып, тынығып жатқан секілді. Ермектің көзіне алғашқы көрген сұр иті қазір қайта туғандай мүлде басқа ит болып көрінді. Қанталаған кекті көз, ашу-ыза жоқ. Ермектің ауылындағы өз иттері секілді моп-момақан, тіптен бала кезіндегі өз күшігі Құтпанға ұқсайды...

Осыдан кейін Ермекті Герданың «қамқоршылары» көліктеріне мінгізіп, қолына әуелгі келіскен сомадан молырақ ақша ұстатып «пятагына» қайта әкеліп тастады.

Ермек жалдамалы шағын пәтеріне келіп, өрекпіген көңілі орнына түскен соң, бүгінгі бастан кешкен тосын жағдайды санасына салып қайта ойлады.

«Ойпырмай, мынау бетпақ, сезімсіз екеу мені неге итке сонша талатып, сорымды қайнатты осы?», – деп назаланды ол.

«Жоқ, тіптен олардың не ойлағаны белгісіз, істеген істерін ақылыңмен талдап түсінбейсің. Өздері итке талатып қойып, анда-мұнда бір мойын бұрып қарағаны болмаса, назарын да салмай тұрды ғой. Жүздерінен осы оқиғаға бір қызығушылық, құмарлық сезімдерін де байқамағаным қалай?», – деп ойлады.

Ермек бүгінгі «ит жағаластың» соңғы сәтіндегі, итті ұрып жыққан кезін есіне алды. Алғашында иттен қорқып қалса да, біраз жағаласқан соң бойы үйренген. Содан ауылдағы талай иттің үнін өшірген жырындылығы ес қатып, жағаласқан «жауын» жеңуге амал ойлаған. Осылай арпалысып жүргенде қолына қатты кірпіштің ұшталып сынған бір бөлігі ілігіп, соны орайы келген бір жолы иттің кіндік тұсынан қадап ұрған. Ит содан сеспей қатып құлаған. Осы тұста Ермектің даңғой, бөспе бір мінезі ұстай қалды.

– Аталарымыз аю соғып алдық деп аңыз айтушы еді. Менің күш-қайратымның одан несі кем? Сұр итіңде кішігірім аюдай бар-ау! Мен секілді әлеуетті жігіттер ғана сұлатар оны. Ауылдасым Есбол «қалада әр алуан жұмыс көп. Екі қолға бір күрек табылады» деуші еді, сонысы рас екен-ау. Ақшасын молырақ берсе осы «ит талауды» да кәсіп етіп, ақша тапса болатын секілді. Әй, бірақ, ауылдағы ағайын «қалада қандай жұмыс істеп жатырсың» десе? не деймін. Жасырып қалғанмен «ел құлағы – елу» деген, біреу болмаса, біреу сөз тасып, шындықты жеткізсе, ел-жұртқа масқара боламын ғой! – Ермектің осылай есірік дәмемен қиялдап кеткен ойын мойнына асыла кеткен үш жасар ұлы бөліп жіберді. Осы сәтте Ермекке де желік бітіп, баласын мойнынан асырып, құлата аунатып «мен сені талап тастайын ба? міне, қылтаңнан қауып алдым, енді желкеңнен тістейін» деп баламен балаша ойнап кетті. Ол баласының бұған мәз болып сақылдай күліп қуанғанын көріп, одан сайын ойынға беріле кірісті. Ермек енді төрт аяқтап итше секіріп, аунап баласын тістеген болып жағаласа берді. Осы кезде ас үйден келіншегі кіріп келді.

– О, несі әкем! Мына үйге ит кіріп кеткен бе? Дардай адам итше таласып ойнағаны қайткені. Басқа ойын құрып қалғандай, – деп ол қабағын шыта қарады. Ал Ермек болса «мынау менің бүгінгі істеген жұмысымды біліп қойған жоқ па өзі» деп келіншегіне қадала қалды. «Әй, бірақ мұндай «жұмбақ» жұмыс оның үш ұйықтаса түсіне де кірмес» деп күдікті ойынан тез сейілді. Содан келіншегі, баласы үшеуі кешкі асқа отырды...

… Ермек әлі «пятакта» тұр. Ертеңгі жұмысын бұйырған тағдыр-тәлейінен көрсін!

Тегтер: