Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:12

Германия Абу-Даби келіссөздерінің нәтижесіне күмәнмен қарайды

О
Фото: AP

23-24 қаңтар күндері Абу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина өкілдері арасында өткен үшжақты келіссөздердің нәтижесіне Германия саясаткерлері мен сарапшылары күмән келтіріп отыр.

Неміс партияларының өкілдері Абу-Дабидегі алғашқы келіссөздерге қатысты пікір білдірді. Саясаткерлердің көбі нақты өзгеріс байқалмағанын, ал кейбірі аз да болса үміт бар екенін айтты.

Христиан-демократиялық және христиан-социал одағының (ХДО/ХСО) Бундестагтағы сыртқы саясат жөніндегі сарапшысы Юрген Хардт Rhenische Post газетіне берген сұхбатында:

«Тағы да Украинаға қатысты келіссөздер нәтижесіз аяқталды. Бұл жолы да Ресейдікі шектен тыс талаптар шынайы өзгерістерге кедергі болды. Келіссөздер жүріп жатқан сәтте Ресей Украинадағы бейбіт халық пен азаматтық инфрақұрылымдарға шабуыл жасауды жалғастыруда», - деді.

Оның пікірінше, Путин бейбітшілікті емес, Украинаның тізе бүккенін қалайды.

Хардттың пікірін ХДО/ХСО фракциясы төрағасының орынбасары Норберт Рёттген де қолдап:

«Путинмен келіссөз арқылы бірдеңеге жетуге болады деген ой – бұл тек қиял. Путин бұл соғысты өзі бастады және өзін жеңіске жетіп келе жатыр деп есептейді», - деді.

Ол сонымен қатар Ресей президентінің экономикалық және саяси тұрғыда соғысты тоқтатуға қабілетті еместігін де айтты:

«Ол өз экономикасын құрдымға жіберді. Елде қос таңбалы инфляция мен жоғары пайыздық мөлшерлемелер бар. Ол Қытайға тәуелді, мұнай секторы тоқырауда. Майдандағы миллион сарбазды қоғамға қайта әкеле ала ма өзі?» - деді ол ARD телеарнасындағы бағдарламада.

«Жасылдар» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Агнешка Бруггер де келіссөздер әзірге еш нәтиже бермегенін айтты. Ол Еуропаны Путинге қысымды күшейтуге және Украинаға көбірек көмек пен сенімді қауіпсіздік кепілдіктерін беруге шақырды.

Потсдам университетінің профессоры, әскери сарапшы Зёнке Найтцел болса, Путин бұл келіссөздерді Дональд Трамппен болашақта қандай да бір мәмілеге келу үшін жол іздеудің бір түрі деп бағалап отыр:

«Бірақ мен Путиннің бұл соғысты аяқтауға ниетті екенінің ешбір белгісін көріп тұрған жоқпын. Ол тек соғысты тоқтатқаннан гөрі бітім арқылы көбірек ұта алатынын түсінгенде ғана қандай да бір келісім болуы мүмкін», - деді ол ARD арнасында.

Ал Бундестагтағы Солшыл партия фракциясының тең төрағасы Зёрен Пелманн келіссөздерге біршама оң көзқарас танытты:

«Бұл – үміттің кішкене шоғындай.  Иә, келіспеушіліктер әлі де көп және кей жағдайда мүмкін еместей көрінеді. Бірақ диалог жалғасуда», - деді ол.

Айта кетейік, АҚШ-тың арағайындық етуімен Ресей мен Украина делегациялары арасындағы келесі тікелей келіссөз 2026 жылғы 1 ақпанда Абу-Дабиде өтеді.