Германия әзірге Палестина мемлекетін мойындамайды

Берлин Франциядан айырмашылығы – Палестинаны ресми мойындауға асықпайды. Германия үшін басты басымдық – Израильдің қауіпсіздігі.
Германия үкіметі Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін жақын арада мойындауды жоспарламай отыр. Бұл туралы үкімет өкілі Штефан Корнелиус мәлімдеді.
Корнелиустың айтуынша, тек келіссөздер арқылы ғана израильдіктер мен палестиналықтар үшін тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуға болады.
Үкімет өкілі Германия үшін Израильдің қауіпсіздігі ең маңызды мәселе екенін атап өтті. Сол себепті Берлин Палестинаны мойындауға қатысты шешімді «қысқа мерзімде» қабылдамайды.
Қазіргі таңда Германия үкіметінің басты назарында – Газа секторындағы атысты тоқтату, ХАМАС жасағы ұстаған тұтқындарды босату, қозғалысты қарусыздандыру және аймақтағы бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету секілді маңызды мақсаттар тұр.
Айта кетейік, Франция президенті Эммануэль Макрон жуырда Палестина мемлекетін ресми мойындайтынын мәлімдеді. Бұл шешім Израиль мен АҚШ тарапынан қатты сынға ұшырады. Ал ХАМАС қозғалысы бұл қадамды қолдап, өзге елдерді де Францияның үлгісін ұстануға шақырды. Қазіргі таңда әлемнің 142 елі Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындағанымен, Германия бұл қадамды «бейбіт келіссөздер нәтижесінде жүзеге асатын соңғы кезең» деп санап отыр.