Германия балаларға арналған әлеуметтік желілерге тыйым салуы мүмкін
Мұндай шектеулерді енгізу мәселесі 20-21 ақпанда Штутгарт қаласында өтетін Христиан-демократиялық одақтың (ХДС) партия съезінде талқыланады.
Германия канцлері Фридрих Мерц кәмелетке толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу идеясын қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, 14 жастағы жасөспірімдер күн сайын экран алдында бес сағатқа дейін және одан да көп уақыт өткізеді. Бұл жастардың әлеуметтік мінез-құлқында түрлі қиындықтар мен кемшіліктердің туындауына әкеліп отыр.
Осылайша, Мерц билеуші коалиция құрамындағы Германия социал-демократиялық партиясының ұсынысын қолдады. Партия 14 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді толықтай пайдалануға тыйым салуды, ал 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін арнайы, шектеулі нұсқаларын енгізуді ұсынып отыр.
Германияның әділет министрі Штефани Хубигтің айтуынша:
"Балалар мен жасөспірімдер кибербуллингсіз, үздіксіз салыстыруларсыз және шынайы өмірге сай келмейтін сұлулық идеалдарының қысымынсыз еркін есейе алуы тиіс.
DW басылымының жазуынша, бұған дейін әлеуметтік желілерге жас шектеуін енгізуді Шлезвиг-Гольштейн және Солтүстік Рейн – Вестфалия федералдық жерлерінің басшылары да қолдаған.
Сауалнамаларға сәйкес, Германия тұрғындарының басым бөлігі 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды қолдайды.
Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында әлемде алғаш болып Аустралия 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған еді.
Францияда 15 жасқа дейінгі тұлғаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салуды көздейтін заң жобасы төменгі палатада қабылданып, Сенат қарауына жіберілді.
Мұндай тыйым Испанияда да мақұлданады деп кболжанған. Еуроодақтың бірқатар елдері – Дания, Италия, Австрия, Португалия және Грекия 15 немесе 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді шектеу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Осындай бастама Ұлыбританияда да талқылануда.
2025 жылғы қарашада Еуропарламент балаларға (16 жасқа дейін) әлеуметтік желілерді пайдалануға Еуроодақ көлемінде тыйым салуды, ал 13 пен 16 жас аралығындағы жасөспірімдерге ата-анасының келісімімен ғана қол жеткізуге рұқсат беруді ұсынған болатын.