Германия барлау ісіне байланысты Ресейдің әскери атташе орынбасарын елден шығарып жатыр
Германия билігі Берлинде Мәскеу пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен әйел адам ұсталғаннан кейін Ресей елшілігіндегі әскери атташе орынбасарын елден шығару туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы Германияның Сыртқы істер министрлігі 22 қаңтар, бейсенбі күні Ресей елшісін шақырып, ресми түрде хабарлаған.
Германия СІМ-нің саяси директорының қатысуымен өткен кездесуден кейін Ресей тарапына елшілікте аккредитациядан өткен әскери атташе орынбасары 72 сағат ішінде Германия аумағынан кетуі тиіс екені жеткізілген.
«Федералдық үкімет Германия аумағында тыңшылыққа, әсіресе дипломатиялық мәртебе жамылған барлау әрекеттеріне төзбейді», — делінген Германия СІМ мәлімдемесінде.
Әскери атташе орынбасарын елден шығару туралы шешім сол күні Германияның федералдық прокуратурасы 56 жастағы Германия азаматы Илона В.-ны қамауға алғаннан кейін қабылданды. Тергеу деректеріне сәйкес, украиналық тегі бар бұл әйел Германияда Wiener&Partner консалтингтік компаниясын басқарған және немістің танымал бизнес өкілдері мен саясаткерлерімен тұрақты түрде кездесіп жүрген.
Тергеу нұсқасы бойынша, Илона В. Германияда Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысты әскери сипаттағы ақпараттарды әдейі жинап, оларды Ресей елшілігіндегі байланыс тұлғасына беріп отырған. Атап айтқанда, ол 2023 жылы Берлиндегі Adlon қонақүйінде өткен НАТО конференциясына қатысушылар туралы мәліметтерді жинағаны айтылып отыр.
Немістің Der Spiegel апталығының жазуынша, бұл байланыс тұлғасы елшілікте «әскери вице-атташе» ретінде тіркелген Андрей М. болған. Тергеушілердің пікірінше, ол Ресейдің арнайы қызметтері мүддесі үшін жұмыс істеп, Илона В.-ның кураторы қызметін атқарған.
Ал The Insider басылымының мәліметінше, Андрей М. бұған дейін Псковтағы 76-десанттық дивизияда, кейін Ресей Қарулы күштері Бас штабының Бас басқармасының (2010 жылға дейін — ГРУ) 162-әскери-техникалық ақпарат орталығында қызмет еткен. Ол — ГРУ полковнигі, әрі бұл жайт Германия үшін «дерлік құпия болмаған» деп жазады басылым.
Федералдық прокуратура Илона В.-ны шетелдік барлау мүддесіне агенттік қызмет атқарды деп айыптауда. Тергеу дерегінше, ол Ресей елшілігімен байланысын 2023 жылдан бері сақтап келген. Осы уақыт аралығында Германияның қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарының орналасуы, дрондарды сынау жұмыстары және Украинаға дрон жеткізу жоспарлары туралы ақпараттарды бірнеше рет бергені айтылып отыр.
22 қаңтар күні күдікті әйел тергеу кезеңіне қамауға алынды.