Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:10

Германия халқының көпшілігі елде міндетті әскери борышты қайта енгізуді қолдайды

ресейлік жалдамалы сарбаздар
Малидің солтүстігіндегі ресейлік жалдамалы сарбаздар. Фото: AP

Германия халқының көпшілігі елде міндетті әскери борышты қайта енгізуді қолдайды. Мұндай қорытындыны Forsa социологиялық институты Stern журналының тапсырысы бойынша жүргізген соңғы сауалнама көрсетті.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 54% респондент Германияда қайтадан әскери борыш енгізуді қолдайды, 41% қарсы, ал 5% нақты пікір білдірмеген.

Жастар қарсы, қарттар қолдайды

Міндетті әскери қызметті қолдаушылардың көбі – 60 жастан асқан азаматтар. Бұл топтың 61%-ы бастаманы құп көрген. Ал 18-29 жас аралығындағы жастардың 63%-ы әскери борышқа қарсы шыққан.

Партиялық ұстаным тұрғысынан алғанда, ХДС/ХСС (христиан-демократиялық одақ) электоратының 74%-ы қайта шақыруды жақтайды. СДП (социал-демократиялық партия) жақтастары арасында бұл көрсеткіш 58%, ал Сол партиясы (Die Linke) сайлаушыларының 80%-ы керісінше, міндетті қызметке қарсы екен.

Украинадағы соғыстан кейін пікір өзгерді

2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін Германияда қорғаныс тақырыбына қызығушылық артқан. Сол уақыттан бері Forsa бірнеше рет қоғамдық пікірді өлшеп отыр. Алғашында елде пікірлер екіге жарылса, 2024 жылдың наурызынан бастап міндетті әскери қызметті қолдаушылардың үлесі тұрақты түрде өсіп келеді.

Заң жүзінде Германияда әскерге шақыру 2011 жылы жойылған жоқ, тек уақытша тоқтатылған. Бұл – ел конституциясында сақталған бап.

Жаңа заң жобасы: 2027 жылдан бастап медициналық тексеру міндетті

Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус Бундесверді күшейту мақсатында жаңа заң жобасын әзірледі. Құжат елде бірден әскери міндетті қайта енгізуді көздемейді, бірақ болашақта әскер жасындағы жастардың дерекқорын қалыптастыруды жоспарлайды.

  • 2026 жылдан бастап барлық жас азаматтарға арнайы анкета жолданады.

    • Ерлер үшін – міндетті түрде,

    • Әйелдер үшін – ерікті түрде толтырылады.

  • 2027 жылғы 1 шілдеден бастап барлық 18 жастағы ер азаматтар әскери қызметке жарамдылығын анықтайтын медициналық тексеруден өтуге міндетті болады — тіпті әскерге өз еркімен барғысы келмеген жағдайда да.

Бұл шаралар Германия Қорғаныс министрлігіне елдің әскери әлеуетін есептеуге мүмкіндік береді. Ал егер ерікті түрде қызметке келушілер саны жеткіліксіз болса немесе елдің қауіпсіздік жағдайы күрделенсе, үкімет толыққанды міндетті әскери борышты қалпына келтіруді қарастырады.

Германияда 2011 жылдан бері кәсіби армия жүйесі жұмыс істеп келеді. Дегенмен, Ресей мен Украина арасындағы соғыс Еуропада қауіпсіздік тақырыбын қайта өзекті етті. Сарапшылардың пікірінше, Германия қоғамындағы бұл пікірталас — елдің қорғаныс саясатындағы жаңа дәуірдің бастауы болуы мүмкін.

Тегтер: