Германия канцлері Олаф Шольц Киевке сапарын аяқтады
Германия канцлері Олаф Шольц 2 желтоқсанда Киевке сапарын аяқтап, әлеуметтік желіде Ресей президенті Владимир Путинге арнап пост жариялады.
"Путинге Киевтен жолдауым:
Біз ұзаққа барамыз. Украинаға қолдауымыз азаймайды. Украина халқын қанша қажет болса, сонша қолдаймыз", – деп жазды Шольц.
Одан алдын Украина президенті Владимир Зеленский Шольцтің жақында Путинге хабарласқанына разы емес екенін білдіріп, Батыстың басқа лидерлерін Ресей президентіне телефон соқпауға үндеді.
Шольцтің Киевке сапарын қорытындылаған баспасөз мәслихатында Зеленский Германия канцлерінің Ресей президентіне телефон шалу жоспары барын білгенін айтты, бірақ оның пікірінше, мұндай қоңыраулар "Украинаны мықты ете түспейді", тек "Путинді мойындау толқынын" бастайды.
Зеленский "кейбір мәселе бойынша" Шольцпен келіспейтін тұстар бар деп айтты.
"Taurus зымырандарын жеткізу мәселесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз", – деді Украина президенті.