Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:15

Германия Қытайды халықаралық құқықтық тәртіпті бұзды деп айыптады

Йоханн Вадефуль
Фото: Nikolay Doychinov/AFP/Getty Images

Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефул Қытай үкіметін халықаралық құқық пен ережелерге негізделген әлемдік тәртіпті бұзуға талпынып отыр деп айыптады.

 Бұл туралы ол Берлиндегі Жапония–Германия орталығында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.

Қытай мен Ресей халықаралық тәртіпті қайта жазғысы келеді

Вадефулдың айтуынша, Қытай мен Ресей халықаралық құқық нормаларын елемей, жаһандық тәртіпті өз мүдделеріне қарай өзгертуге тырысып жатыр.

«Қытай көрші елдеріне қатысты барған сайын агрессивті саясат жүргізіп отыр және Мәскеуді қолдап отыр», — деді ол.

Неміс министрінің пікірінше, Пекин сырт көзге көпжақты ынтымақтастық институттарын қорғап жүргендей көрінгенімен, іс жүзінде  Оңтүстік Қытай теңізіндегі халықаралық теңіз құқығын елемейді және Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығын ақтап алуға тырысады.

Қытайдың аймақтағы белсенділігі

Германия сыртқы істер министрі Қытайдың Жапония маңындағы теңіздегі белсенділігінің артуы, сондай-ақ Тайвань бұғазындағы шиеленістің күшеюі тек Азияға емес, бүкіл әлемдік құқықтық тәртіпке қауіп төндіріп отырғанын атап өтті.

«Қытайдың Тайвань төңірегіндегі әрекеттері мен әскери қысымы Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы ғана емес, ережелерге негізделген халықаралық жүйенің де тұтастығына нұқсан келтіреді», — деді Вадефул.

Сонымен қатар ол:

«Пекин Ресейдің әскери техникасын қолдап отыр. Бұл – тек Еуропадағы бейбітшілікке емес, Азия қауіпсіздігіне соққы», дейді.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың Ресей дрондары үшін қосалқы бөлшектерді жеткізіп беріп жатқандығы туралы мәлімет таралды.  Бұл туралы The Washington Post басылымы хабарлады.

Басылымның дерегінше, 2025 жылы Ресей армиясы Курск облысын азат ету операциясынан кейін дрон соғысында бастаманы өз қолына алуға жақын болды. Бұл — оптикалық талшық арқылы басқарылатын жаңа ұрыс дрондарының арқасында мүмкін болған.

Мұндай дрондарда сигнал кабель арқылы тікелей беріледі, сондықтан қарсылас радиожеліні бұғаттай алмайды және дронның бағытын бұза алмайды.

The Washington Post Қытайдың кеден қызметі ұсынған мәліметтерге сүйене отырып, былай деп жазады:

  • 2025 жылдың мамырында Ресейге 190 400 шақырым,

  • маусымда — 208 000 шақырым,

  • тамызда — рекордты 524 800 шақырым оптикалық талшық экспортталған.

Atlantic Council ғылыми қызметкері Джозеф Уэбстердің айтуынша, жеткізілген партиялардың құны мен көлеміне қарап, бұл өнімнің әскери мақсатта қолданылып жатқанын анық байқауға болады.

Басылымның есебі бойынша, тамыз айындағы жеткізілімнің өзімен-ақ 26 000-нан астам дронды жабдықтауға болады.