Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:40

Германия: Мәскеу ымыраға дайын болмаса, нәтиже болмайды

О
Фото: AP

Германия үкіметі Украина, АҚШ және Ресей арасындағы соғысты тоқтатуға бағытталған үшжақты келіссөздерге сақтықпен қарайтынын мәлімдеді.

 Берлиннің ұстанымынша, тұрақты әрі ұзақмерзімді бейбітшілік тек Мәскеу нақты ымыраға баруға дайын болған жағдайда ғана мүмкін.

Бұл туралы Германия федералдық үкіметінің ресми өкілінің орынбасары Штефан Майер мәлімдеді.

 «Жалпы алғанда, үшжақты кездесулерге қол жеткізілгенін біз құптаймыз. Алайда Ресейдің өз максималистік талаптарынан қаншалықты бас тартуға дайын екені жөнінде әлі де күмән бар», — деді ол.

Берлин бірнеше рет Украина мәселесі бойынша кез келген ықтимал бейбіт келісім ұзақмерзімді және орнықты бейбітшілікке бағытталуы тиіс екенін атап өткен. Германия билігінің пікірінше, егер мұндай келісім Ресей үшін тек уақытша тыныс алып, кейін соғыс қимылдарын қайта бастауға мүмкіндік беретін құралға айналса, онда оның еш мәні болмайды.

 «Егер бейбіт келісім түптеп келгенде Ресейге тек күш жинап, кейін жаңа шабуылдарға көшуге жағдай жасаса, онда ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмаймыз», — деді Майер.

Украина, АҚШ және Ресей өкілдері арасындағы келіссөздер 23 қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында басталған. Ресей президентінің кеңесшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, қауіпсіздік мәселелері бойынша «үшжақты жұмыс тобының» консультациялары жоспарланып отыр.

Аталған кездесулер бұған дейін Ресей президенті Владимир Путиннің Мәскеуде АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен жүргізген келіссөздерінен, сондай-ақ Украина президенті Зеленскийдің Давоста АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескенінен кейін өтіп отыр.