Германия Палестина мемлекетін мойындамайды – Мерц
Германия жақын уақытта Палестина мемлекетін мойындамайды. Бұл туралы Германия канцлері Фридрих Мерц Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен өткізген бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Германия үкіметінің басшысы алдымен бейбітшілік жоспарын біртіндеп жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.
«Соңында не болатынын ешкім білмейді. Сондықтан Германия үкіметі Еуропаның басқа мемлекеттерінен айырмашылығы ретінде Палестина мемлекетін мойындаудан бас тартты. Жақын болашақта да мойындамаймыз», - деді Мерц.
Оның айтуынша, әзірге Палестина мемлекетін құру үшін орттақ шарттар жоқ.
22 қыркүйекте Франция президенті Эммануэль Макрон БҰҰ Бас Ассамблеясының ашылуында Францияның тәуелсіз Палестина мемлекетін мойындағанын жариялаған. Бір күн бұрын мұндай мәлімдемені Ұлыбритания, Канада, Австралия және Португалия жасаған еді. Жалпы алғанда, 22 қыркүйектегі жағдай бойынша БҰҰ-ның 153 мүше мемлекеті және Ватикан Палестинаның тәуелсіздігін мойындаған.