Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:45, 30 Желтоқсан 2024

Германия Сирияны қалпына келтіруге 60 миллион еуро бөледі

Сирия көшесі
Фото: unn.ua

Берлин Сириядағы гуманитарлық ұйымдардың қызметіне қаржы бөледі. Атап айтқанда, бұл қаражат мектептерді қалпына келтіруге жұмсалады.

Германияның федералды үкіметі Сирияға көмектесетін бірнеше жобаларға қатысады. Бұл мақсаттарға 60 миллион еуро бөлінеді. Алайда ақша Сирия билігіне тікелей жіберілмейді, деп мәлімдеді Германияның экономикалық ынтымақтастық және даму министрі Свенья Шульце Redaktionsnetzwerk Deutschland (RND) басылымына берген сұхбатында.

Шульценің айтуынша, Сириядағы Башар Асад режимі құлағаннан кейінгі гуманитарлық жағдай қиын – ел халқының 90 пайызы кедейшілікте өмір сүріп, гуманитарлық көмекке тәуелді. 2011 жылдан бері азаматтық соғыс кезінде жергілікті инфрақұрылымның көп бөлігі қираған.

Берлин қатысатын Сирияны қалпына келтіру жобалары үкіметтік емес және халықаралық ұйымдар арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, 25 миллион еуро БҰҰ-ның балалар қорына (ЮНИСЕФ) бағытталу керек, ол басқалармен қатар мектептерді жөндеумен айналысады. Сонымен қатар, қаражат соғыстан зардап шеккен балаларға көмек ретінде жұмсалмақ. Жергілікті мектептерді салуды қолдауға 6 миллион еуро бөлінеді.

Тағы 19 миллион еуро Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасына (БҰҰДБ) жұмсалады, ол басқалармен қатар, ел ішінде қоныс аударғандар үшін жұмысты ұйымдастырады. Сириялық әйелдер құқығын қорғайтын ұйымдарды қолдайтын БҰҰ қоры 3 миллион еуро алса, қалған 7 миллионы  жергілікті үкіметтік емес ұйымдарға бөлінеді.

Шульценің айтуынша, қазіргі уақытта Берлин елдегі биліктің Хайят Тахрир аш-Шам тобына ауысуы аясында Сирияда не болатынын болжай алмайды.

«Бірақ дамуға мүмкіндік бар, енді біз оны қолдау үшін барлығын жасауымыз керек», - деді Германия министрі.

Бұрынғы бүлікші топтар Сирияның Қорғаныс министрлігін бақылауға алғысы келеді

24 желтоқсанда Сирияның қазіргі жетекшісі, «Хайят Тахрир аш-Шам»  тобының жетекшісі, Әбу Мұхаммед әл-Джулани деген атпен танымал Ахмед аш-Шара мен көтерілісші топтардың бұрынғы жетекшілері келісімге келген. 

Өткен аптада Сирия премьер-министрі Мұхаммед әл-Башир Қорғаныс министрлігі қайта құрылатынын және бұл процеске бұрынғы көтерілісшілер топтары, сондай-ақ Башар Асад армиясынан кеткен офицерлер қатысатынын мәлімдеді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, қазір Ахмед аш-Шараның алдында көптеген қарулы бұрынғы бүлікші топтар арасындағы қақтығыстардың алдын алу міндеті тұр.

Тегтер: