Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:40

Германия жағалауы маңынан алғаш рет Ресейдің «зомби-танкері» өтті

1
Фото: DPA

Германия билігі Балтық теңізі арқылы Ресей мұнайын тасымалдаған Tavian танкерін алғаш рет тіркеді. Бұл кеме халықаралық теңіз ұйымы (IMO) берген жеке сәйкестендіру нөмірі заңсыз өзгертілген, «зомби-танкер» деп аталатын санатқа жатады.

Мұндай кемелер Ресейдің санкцияларды айналып өтетін «көлеңкелі флотына» қосылады.

Германияның Кемелер қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік қызметі (Dienststelle Schiffssicherheit) 30 желтоқсанда DW басылымына берген жауабында күдік IMO 1095337 нөмірін пайдаланған Tavian танкеріне қатысты екенін растады. Ведомствоның мәліметінше, бұл нөмір заңсыз қолданылған. Мамандар Tavian – бұрын Tia деп аталған, IMO 9147447 нөмірі бар ескі танкер екенін айтады. Ол әлі де пайдаланылып жүрген әлемдегі ең ескі кемелердің бірі саналады.

Бұл жағдай Германия жағалаулары маңында «зомби-танкердің» алғаш рет пайда болуы ретінде тіркелді. Танкер туралы алғаш рет 18 қарашада Ұлыбританияның теңіз саласына маманданған Lloyd’s List журналы жазған. Басылым дерегінше, Tia танкері 2024 жылдың тамызында АҚШ санкцияларына ілінген, ал қазір қолданылып жүрген IMO нөмірі жалған.

Lloyd’s List мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың мамырында кеме Қытайдың Чжоушань портынан Arcusat атауымен, Гайана туы астында шыққан. Кейін батысқа бет алып, транспондерін өшірген. Шілдеде Оман шығанағында қайта пайда болып, бұл жолы Камерун туын көтеріп, Tavian атауын қолданған. 15 қазанда Ресейдің Приморск портына кірген.

Германия Кемелер қауіпсіздігі қызметі танкердің Германия жағалаулары маңынан халықаралық сулар арқылы өткенін, сондықтан оны тоқтатуға құқықтық негіз болмағанын хабарлады. Дегенмен, 10 желтоқсанда Германия федерал полициясы мен төтенше жағдайларға жауап беретін Havariekommando кемелері Tavian-ға жақындаған. Сол сәтте танкер капитаны радио арқылы неміс тарапымен байланысып, сақтандыру туралы мәлімет берген.

Kieler Nachrichten газетінің жазуынша, танкер 27 жыл бұрын құрылған және техникалық жағдайы өте нашар. Приморск портында оған шамамен 100 мың тонна Ресей мұнайы тиелген. Кеме 1998 жылы Оңтүстік Кореяда Германияның Reederei Nord компаниясы үшін жасалып, бастапқыда Nordmark деп аталған. Содан бері атауын 12 рет өзгерткен. Газет дерегінше, IMO нөмірі Қытайдың Чжоушань портында тұрған кезде қолдан жасалған болуы мүмкін.

Алаяқтықты нақты дәлелдеудің жалғыз жолы — кемедегі немістің MAN компаниясына тиесілі қозғалтқышты тексеру. Ондағы бөлшектердің барлығы сериялық нөмірлермен белгіленген. Алайда мұндай тексеру танкер Германия немесе ЕО-ның басқа портына кірген жағдайда ғана мүмкін. Егер факт расталса, кемені тәркілеуге болады. Осы себепті Tavian батыс порттарына соқпай өтуге тырысады.

VesselFinder мен MarineTraffic деректеріне қарағанда, соңғы күндері кеме Эгей теңізінде болған, 30 желтоқсанда Сенегал бағытына бет алған. Ашық дереккөздерде танкердің атауы кейде Arcusat, кейде Tavian деп әртүрлі көрсетіледі.