Германияда АҚШ-тың Венесуэладағы операциясына қарсы жаппай наразылық акциялары өтті
Германияның бірқатар қалаларында АҚШ-тың Венесуэлада жүргізген әскери операциясына және ел басшысы Николас Мадуроның ұсталуына қарсы жаппай наразылық акциялары өтті. Акциялар 3 қаңтардан бастап ұйымдастырылып, 5 қаңтар күні де жалғасады.
DW мәліметінше, 4 қаңтар, жексенбі күні Германияның бірнеше ірі қаласында жүздеген адам АҚШ президенті Дональд Трамптың әрекеттеріне қарсылық білдіріп, Венесуэламен ынтымақтасу ұранымен көшеге шыққан.
Мюнхен, Нюрнберг және Дюссельдорф
Мюнхен полициясының дерегіне сәйкес, Бавария астанасында өткен шеру мен митингке шамамен 400 адам қатысқан. Қатысушылар қала көшелерімен бейбіт түрде шерулетіп өткен.
Ал Нюрнберг қаласында 120 адам, Дюссельдорфта 240-қа жуық адам наразылық акциясына жиналған. Дюссельдорфтағы шерушілер АҚШ-тың бас консулдығына дейін жүріп барып, сол жерде митинг өткізді.
Гамбург пен Берлиндегі акциялар
Гамбургте 4 қаңтар кешінде 500-ге жуық адам АҚШ-тың Венесуэладағы әрекетіне қарсы көшеге шықты. Қолдарында «Венесуэлаға қол сұқпаңдар», «Қару емес, бостандықты таңдаңдар» деген жазуы бар плакаттар ұстаған шерушілер АҚШ бас консулдығына қарай бет алған. dpa агенттігінің хабарлауынша, бұл – Гамбургтегі алғашқы акция емес: 3 қаңтарда да қалада 300-ге жуық адам наразылық білдірген.
Берлинде 3 қаңтар күні Бранденбург қақпасының маңына жүздеген адам жиналды. Der Tagesspiegel газетінің жазуынша, шерушілер Германия үкіметі мен БҰҰ-ны АҚШ-тың Венесуэладағы әскери операциясын ресми түрде айыптауға және Мадуроны босатуға күш салуға шақырған. Журналистердің бақылауынша, жиналғандар арасында солшыл көзқарастағы белсенділер көп болған. Кейбір плакаттарда Ресей мен Палестина туларын көруге болады.
DW дерегіне сәйкес, 5 қаңтар күні Берлиннің Александерплац алаңында тағы бір ірі акция өтуі тиіс. Сол күні Бремен, Дрезден, Дуйсбург және Германияның өзге де қалаларында осындай наразылық шаралары жоспарланған.
АҚШ операциясы және Мадуроның ұсталуына қатысты деректер
Еске салайық, 2026 жылғы 3 қаңтарда Венесуэла басшысы Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес АҚШ-тың «Дельта» арнайы жасағы жүргізген операция барысында ұсталып, алдымен АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Гуантанамо базасына, кейін Нью-Йоркке жеткізілген.
АҚШ билігі Мадуроға «наркотерроризм», қару сақтау және венесуэлалық дипломатиялық паспорттарды заңсыз сату баптары бойынша ресми айып тақты. Айыптау актісінде ол АҚШ-та террористік ұйым деп танылған Cartel de los Soles қылмыстық тобына жетекшілік еткен, сондай-ақ отбасы мүшелері мен серіктестері арқылы Колумбиядағы есірткі топтарымен кокаин өндіру және тасымалдау жөнінде келісім жасаған деп көрсетілген.
Ал The New York Times басылымы аты-жөні аталмаған венесуэлалық шенеунікке сілтеме жасап, АҚШ операциясы кезінде кемінде 40 адамның, оның ішінде әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындардың қаза болғанын жазды. Куба билігі өз азаматтарынан 32 адамның мерт болғанын мәлімдеді.