Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:40

Германияда әскерге шақырылатын мыңдаған жастың Ресей және Қазақстан азаматтығы бар екені анықталды

Солдат
Фото: De Telegraaf

Германия билігі 2008 жылдан кейін туған жастарды әскерге шақыру жүйесін қайта енгізуді жоспарлап отыр.

 

 Die Welt басылымы анықтағандай, болашақ әскерге баратындар арасында Германия азаматтығымен қатар Ресей немесе Қазақстан паспорттары бар мыңдаған жастар бар. Олар «Конституцияға адалдық» бойынша қосымша тексеруден өтеді.

Федералдық статистика агенттігі ұсынған деректерге сәйкес, 2022 жылғы мамыр айында Германияда 2008 жылы туған 340 859 ер бала бар. Олардың 56 693-і қос азаматтыққа ие.

Соның ішінде:

  • 3 691 жас — Ресей паспортын,

  • 1 620 жас — Қазақстан паспортын,

  • 14 463 — Түркия,

  • 4 141 — Польша,

  • 3 857 — Италия,

  • 1 888 — Сербия,

  • 1 640 — Марокко азаматтығын алған.

2026 жылдан бастап — жаңа шақыру тәртібі

Желтоқсанда Бундестаг әскерге шақыру ережелерін жаңартуды бекітуі тиіс. Жоспар бойынша: 2026 жылдан бастап Германиядағы барлық 18 жастағы азаматтар анкета толтырады, кейін олар дәрігерлік тексерістен өтіп, әскерге жарамдылық санаты анықталады, егер әскер қатарына ерікті түрде баратындар жеткіліксіз болса, шақыру лотерея арқылы жүргізіледі.

Анкета толтыру кезінде азаматтар өздерінің қос азаматтығы барын міндетті түрде көрсетуі керек. Қорғаныс министрлігі бұл талапты «сенімсіздік белгісі емес», «Германия алдындағы міндеттемелерді түсіндіру үшін қажет» деп түсіндіреді.

Қос азаматтық қауіп тудыра ма?

Die Welt жазғандай, Украинадағы соғыс жалғасып жатқанда Ресей азаматтығы бар жастардың әскерге шақырылуы қауіп-қатерлер туғызуы мүмкін. Қорғаныс министрлігі болашақ ерікті қызметкерлердің барлығы «Конституцияға адалдық» бойынша тексерістен өтетінін растады.

Юрист Фердинанд Вебердің пікірінше, қос азаматтығы бар кейбір жастар қауіптің жоғары деңгейіне байланысты әскерге мүлдем қабылданбауы мүмкін.

Ал Германия Сыртқы істер министрлігі Германия–Ресей қос азаматтығы бар адамдарды Ресейге бармауға бұрыннан ескертіп келеді. Оларды Ресей армиясына шақыруы мүмкін.

Неге Германия әскерді күшейтуде?

«Әскери қызметті модернизациялау туралы» заң жобасы тамыз айының соңында билік коалициясы — ХДО/ХСС және социал-демократтар тарапынан қолдау тапқан.

Бұл құжат 2011 жылы тоқтатылған жалпыға ортақ міндетті әскери қызметті толық қалпына келтіруді қарастырмайды, тек армияға еріктілерді тартуды күшейтуді көздейді.

Бундесвер құрамындағы әскери қызметкерлер саны қазір шамамен 180 мың, бірнеше жылдан кейін 260 мыңға дейін ұлғаюы тиіс.

Себебі ретінде:

  • Ресейдің Украинаға қарсы соғысы,

  • алдағы жылдары РФ тарапынан НАТО-ға қауіп төнуі мүмкіндігі көрсетілген.

Тегтер: