Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:50

Германияда қайтыс болған қазақстандық экс-судьяның енесіне іздеу жарияланды

Сайлыбаева
Фото: zhasalash.kz

Германияда жұмбақ жағдайда көз жұмған экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның енесі – Наталья Донцоваға халықаралық іздеу жарияланды. 

Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров растады.

Оның айтуынша, қылмыстық іс Германияның құқық қорғау органдарымен тергелуде, ал күдікті ретінде марқұмның күйеуінің анасы – Донцоваға кісі өлтіру бабы бойынша айып тағылған.

«Германия СІМ берген ақпаратқа сәйкес, Дармштадт қалалық соты Наталья Донцованы кісі өлтірді деген күдікпен айыпталушы ретінде танып, оған Германия мен Еуроодақ елдерінде іздеу жариялау туралы ордер берген. Қазір оның нақты қайда екені белгісіз, сондықтан ол халықаралық іздеуде», - деді СІМ өкілі.

Айта кетейік, Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германияның Бенсхайм қаласының шет жағынан табылған. Ол бұрын Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық сотының судьясы қызметін атқарған. Қайғылы оқиға Қазақстанда да, Германияда да үлкен резонанс тудырып отыр.

Германияда із-түзсіз жоғалып кеткен Наталья Донцова – таяуда өлі күйінде табылған экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның енесі екені анықталды. Қазір Германияда 49 жастағы Донцованы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

4 маусым күні ол екі жасар немересін балабақшадан алып, үйіне апарған, содан кейін жоғалып кеткен. Бала аман-есен, жақындарының қамқорлығында.

БАҚ мәліметінше, Донцова Талдықорғанда туған, 2018 жылы Ресейдің ЛДПР партиясына мүше болып, сол жылы Мәскеу мэрі қызметіне үміткер болатынын жариялаған.

«Көптеген пікірлес азаматтардың өтінішімен өзімнің конституциялық құқығымды пайдалануға шешім қабылдадым. Яғни, сайлау және сайлану құқығымды. Биыл қыркүйекте өтетін Мәскеу мэрі сайлауына кандидат ретінде қатысуды жоспарлап отырмын», - деп жазған ол сол кездегі әлеуметтік желідегі парақшасында.

Маусым айында Донцова Мәскеу қалалық сайлау комиссиясына тиісті құжаттарын тапсырған. Алайда сайлауда жеңіске жете алмаған.

Наталья Донцованың педагог-психолог, қаржы саласы және құқықтану мамандықтары бойынша үш жоғары білімі бар.

Еске салсақ, 7 маусымда Германияда Қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаева мен оның енесі Наталья Донцованың жоғалғаны туралы хабар тараған болатын. 16 маусымда Бенсхайм қаласының маңынан әйел адамның денесі табылды, алдын ала мәлімет бойынша, бұл – Айгүл Сайлыбаева.

Ал Донцоваға кісі өлтіру бабы бойынша айып тағылып, Германия мен Еуроодақ аумағында іздеу жарияланған. Оның қазіргі уақытта қайда екені белгісіз. Марқұмның туыстарының мәліметінше, Айгүл Сайлыбаева күйеуі Александр Донцов пен енесі Наталья Донцованың тарапынан ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген.