Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Германияда қаза тапқан экс-судья Айгүл Сайлыбаева ісі: күдіктілер Ресейде ұсталды

Айгүл Сайлыбаева
Фото: dzen.ru

Германияда қаза тапқан Қазақстанның бұрынғы судьясы Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты іс бойынша күдіктілер Ресей аумағында ұсталды. Бұл туралы А. Сайлыбаеваның ағасы Қанат Сайлыбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, күдіктілер Мәскеу қаласында анықталып, полицияға жеткізілген. Қанат Сайлыбаев Instagram парақшасында қарындасының күйеуі Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцова ұсталғанын жазды.

«Александр Донцов пен оның анасы Наталья Донцованың Мәскеуде анықталып, полицияға жеткізілгені туралы ақпарат келіп түсті. Қазір оларды Қазақстанға беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Дипломатиялық күрделіліктер мен бірнеше азаматтықтың болуына байланысты бұл рәсімдер ұзаққа созылуы мүмкін», – деді ол.

Қайғылы оқиға туралы не белгілі?

Айгүл Сайлыбаева 3 маусымнан бастап байланысқа шықпай кеткен. Соңғы бес жыл бойы ол Германияда күйеуі және баласымен бірге тұрған.

Туыстары тұрмыстық зорлық-зомбылық болуы мүмкін деп күдіктеніп, Қазақстанның Франкфурт-на-Майн қаласындағы бас консулдығына жүгінген. Кейін неміс бұқаралық ақпарат құралдары Сайлыбаеваның мәйіті Бенсхайм қаласының маңындағы қараусыз қалған карьерден қаптың ішінен табылғанын хабарлады.

Оның мәйітінен қол, мойын және бет тұсынан бірнеше пышақ жарақаты анықталған. Сол кезеңде 49 жастағы енесі Наталья Донцованың да із-түзсіз жоғалғаны белгілі болды.

Экстрадиция мәселесі

Қазіргі таңда күдіктілердің Қазақстанға экстрадициялану ықтималдығы қарастырылуда. Алайда құқық қорғау органдары мен дипломатиялық арналар арқылы жүргізілетін рәсімдер күрделі әрі ұзақ болуы мүмкін.

Айгүл Сайлыбаеваның өлімі Қазақстан қоғамында үлкен резонанс тудырып, шетелде жүрген отандастардың қауіпсіздігі мен тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды. Тергеудің қалай өрбитіні алдағы уақытта белгілі болмақ.