Германияда мектеп бағдарламасынан ГДР тарихын алып тастамақ
Германияның астанасы Берлинде мектептерде Германия Демократиялық Республикасының (ГДР) тарихын міндетті түрде оқыту мәселесі қайта қаралуы мүмкін.
Қаланың білім беру басқармасы жоғары сыныптарда ГДР тарихын міндетті пәндер қатарынан алып, оны факультатив ретінде қалдыруды ұсынды. Бұл бастама қоғамда, әсіресе тарихшылар мен мұғалімдер арасында қатты сынға ұшырады.
Неміс басылымдарының жазуынша, Берлин XX ғасырдағы екі диктатурамен – ұлттық социализм мен ГДР режимімен – тығыз байланысты қала саналады. Соған қарамастан, жаңа оқу жоспары бойынша нацистік кезеңнің тарихы жоғары сыныптарда міндетті түрде оқытылса, ГДР тарихы мұндай мәртебеден айырылуы мүмкін.
Бұл ұсынысқа қарсы Германия тарих пәні мұғалімдерінің одағы мен Социалистік бірлік партиясы диктатурасын зерттеу жөніндегі федералдық қор Берлиннің білім беру сенаторы Катарина Гюнтер-Вюншке ашық хат жолдады. Олар ГДР тарихы гимназиялардың жоғары сыныптарында міндетті тақырып ретінде қалуы тиіс деп есептейді. Қазіргі таңда бастауыш және орта буын сыныптарда ГДР тарихы мен Германияның бірігуі әлі де міндетті бағдарлама аясында оқытылады.
Сын айтушылардың пікірінше, егер бұл тақырып мектептен ығыстырылса, оқушылар ГДР кезеңін тек көркем фильмдер, телесериалдар немесе интернет материалдары арқылы үстірт түсінумен шектелуі мүмкін. Мысалы, ZDF арнасында көрсетілген «Kudamm 77» сериалында Батыс және Шығыс Берлин арасындағы шекараның адам тағдырына қалай әсер еткені бейнеленеді, алайда мұндай туындылар жүйелі білімнің орнын баса алмайды деген пікір бар.
Берлин сенаторының баспасөз хатшысы мұғалімдер жолдаған петициядан кейін бұл мәселе қайтадан мұқият қаралатынын мәлімдеді. Осылайша, ГДР тарихының мектеп бағдарламасындағы болашағы әзірге белгісіз күйінде қалып отыр.