Германияда Рождество базарында көлік адамдарды басып кетті

Желтоқсанның 20-сы күні Магдебургте Рождество базарына келгендерді көлік қағып, екі адам, оның ішінде бір бала қаза тапты.
Сонымен қатар, Саксония-Анхальт премьер-министрі Райнер Хаселоффтың айтуынша, кемінде 60 адам зардап шеккен. Полицияның мәліметінше, кем дегенде 15 адам ауыр жарақат алған.
Шабуыл жасаған адам Сауд Арабиясынан келген дәрігер
Welt газетінің хабарлауынша, шабуыл жасаған 1974 жылы туған ер адам. Ол 2006 жылы Сауд Арабиясынан Германияға келген дәрігер.
Шетелдік БАҚ-тың жазуынша, 50 жастағы күдікті Талеб А. психиатр және психотерапевт болып жұмыс істейді. Frankfurter Rundschau газеті ол туралы 2019 жылдың наурыз айында былай деп жазған: "Талиб әл-Абдулмохсен 2006 жылдан бері Германияда тұрады. Ол Германияға психотерапевт мамандығы бойынша оқуға шақырылған дәрігер ретінде келген, содан кейін осы жерден баспана сұраған. 44 жастағы ер адам саяси босқын мәртебесіне ие".
Die Welt басылымының жазуынша, ер адам Магдебургтен 50 шақырым жерде орналасқан Бернбургте тұрған. Күдіктінің тұрғылықты жеріне тінту жүргізілді. Басылым жоғарыда аталған ақпаратқа негізделген сипаттамаға сәйкес келетін Taleb Al Abdulmohsen пайдаланушысының әлеуметтік желідегі профилін тапты.
Әлеуметтік желілердегі белсенділік
Der Spiegel басылымының жазуынша, Талеб А. бірнеше жыл әлеуметтік желілерде хабарламалар жариялаумен белсенді болған. Атап айтқанда, Сауд Арабиясынан келген әйелдерге бұл елден қалай аулақ болу керегі жөнінде кеңес берді. Сонымен қатар, оның Германиядан саяси баспана алуға арналған жеке веб-сайты бар.
Неміс баспасөзінің хабарлауынша, полицияда Талеб А.-ның радикалды көзқарастары бар екені туралы ақпарат болмаған.
Күдікті жалғыз әрекет еткен
«Күдікті жалғыз әрекет еткен, сондықтан қазіргі бағалау бойынша, енді қалаға қауіп төніп тұрған жоқ, өйткені біз оны ұстадық. Қазір барлық тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», - деді Райнер Хаселофф. Ол Магдебургтегі оқиғаны «Магдебург қаласы, федералды жер және бүкіл Германия үшін қайғылы оқиға» деп атады.
Сауд Арабиясы Магдебургтегі Рождестволық базардағы қайғылы оқиғаға байланысты Германияға көңіл айтты.