Германияда тәжік оппозициясы Ресей консулдығы алдында наразылық акциясын өткізді
Германияның Бонн қаласында тәжік оппозициялық күштер Ресей консулдығының алдында наразылық акциясын өткізді. Шара Мәскеу облысында 10 жастағы тәжік баласы Қобилжон Әлиевтің өліміне байланысты ұйымдастырылды.
Акцияға ондаған адам қатысты, олардың арасында оппозиция өкілдерінің балалары да болған.
Наразылық білдірушілер қолдарына Қобилжон Әлиевтің және Ресей аумағында қаза тапқан немесе өлтірілген өзге де тәжік балаларының суреттерін ұстап шықты. Акция символдық тұрғыдан Ресейдегі мигранттар мен өзге ұлт өкілдерінің қауіпсіздігі мәселесіне халықаралық назар аударуға бағытталған.
Қайғылы оқиға қалай болды?
Қобилжон Әлиев 2025 жылғы 16 желтоқсанда Мәскеу облысының Одинцово ауданына қарасты мектептердің бірінде қаза тапқан. Тергеу деректеріне сәйкес, 15 жастағы жоғары сынып оқушысы Тимофей К. мектеп ғимаратына пышақ пен газ баллонын алып кірген.
Шабуыл күні жасөспірім үстіне «No Lives Matter» («Ешбір өмір маңызды емес») деген жазуы бар футболка киген. Бұл – интернеттегі зорлық-зомбылықты насихаттайтын радикал субмәдениеттердің ұраны ретінде белгілі. Алдымен ол мектеп күзетшісін пышақтап, артынша 10 жастағы Қобилжон Әлиевке шабуыл жасаған. Бала қимылсыз қалғаннан кейін, күдікті өлтірілген баламен селфи жасап, барлық әрекетін камераға түсіргені хабарланды.
Оппозиция кімдерді айыптады?
Бонн қаласындағы митинг барысында тәжік оппозиционерлері Ресейдегі ұлтшыл идеологияның қалыптасуына жауапты деп бірқатар ықпалды тұлғаларды атады. Олардың қатарында:
-
Александр Дугин – Кремльге жақын идеолог;
-
Сергей Миронов – Мемлекеттік Дума депутаты;
-
Александр Бастрыкин – Ресей Тергеу комитетінің төрағасы;
-
Владимир Колокольцев – Ресейдің ішкі істер министрі.
Наразылық білдірушілер бұл тұлғаларды ресейлік ұлтшылдықты қоздырушы, мигранттарға қарсы өшпенділік ахуалын қалыптастырушы идеологиялық және саяси жауапты адамдар деп атады.
Тәжікстанға нақты талаптар қойылды
Акция барысында арнайы мәлімдеме оқылды. Онда Тәжікстан үкіметіне мынадай талаптар қойылды.
Сонымен қатар, мәлімдемеде одан да радикалды саяси талап көтерілді:
Тәжікстан аумағындағы 201-ші Ресей әскери базасы елден шығарылып, оның қару-жарағы мен инфрақұрылымы Тәжікстанның иелігіне берілуі тиіс деген үндеу жасалды. Айта кету керек, бұл база – Ресейдің өз аумағынан тыс жердегі ең ірі әскери базасы саналады.
Әзірге Ресей консулдығының өкілдері наразылық білдірушілермен кездесті ме, жоқ па – белгісіз. Ресми түсініктеме де берілген жоқ. Алайда акцияның Германияда, Еуропа аумағында өтуі бұл мәселенің Ресей мен Тәжікстан арасындағы екіжақты проблема шеңберінен шығып, халықаралық саяси дискурсқа ене бастағанын көрсетеді.