Германияда Жаңа жыл түні пиротехникадан ондаған полицей жарақат алды
Германияда Жаңа жыл түні қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде ондаған полицей пиротехникалық заттардан жарақат алды.
Бұл туралы Deutsche Welle (DW) агенттігі хабарлады.
Берлин: 21 полицей жарақат алды, 400 адам ұсталды
Берлин қаласында түнгі кезекшілікке 4300 полиция қызметкері тартылған. Оларға қарсы бірнеше мәрте петарда мен ракеталар лақтырылған. Пиротехникамен жасалған шабуылдар мен күдіктілердің қарсылығы салдарынан 21 полицей жеңіл жарақат алған.
Алдын ала мәлімет бойынша, қалада шамамен 400 адам уақытша ұсталып, бірнеше килограмм заңсыз пиротехника тәркіленген.
Гамбург пен Лейпцигтегі жағдай
Гамбург қаласында кемінде 10 полицей жарақат алған. Жергілікті биліктің мәліметінше, олар алған жарақаттарына байланысты қызметін жалғастыра алмаған.
Ал Лейпциг қаласында полицейлермен қатар жедел қызмет өкілдері де пиротехникалық шабуылға ұшыраған. Қала орталығында бірнеше өрт оқиғасы тіркелгенін агенттік тілшілері хабарлады.
Соңғы жылдары Германияда жедел қызметтерге қарсы пиротехникалық шабуылдар жиілегендіктен, полиция Жаңа жыл түні күшейтілген режимде жұмыс істеген. Соған қарамастан, Берлин полициясы биылғы түн алдыңғы жылдармен салыстырғанда салыстырмалы түрде тыныш өткенін атап өтті.