Германиялық ерлі-зайыпты Калининград маңында белгісіз суасты қайығын байқағанын хабарлады

Германиялық Герд және Анке Шекан есімді ерлі-зайыпты саяхатшы Ресейдің эксклюзивті экономикалық аймағында желкенді яхталарын белгісіз суасты қайығы бақылағанын мәлімдеді.
Бұл туралы Der Tagesspiegel басылымы жазды.
Оқиға маусым айының соңында болған. Неміс туристері мінген Malö 40 Emaloca яхтасы Ресейдің Калининград маңындағы эксклюзивті экономикалық аймақ арқылы өтпек болған. Халықаралық құқық бойынша мұндай аймақ суверен аумақ болып саналмайды, сол себепті кемелердің бұл жерден еркін өтуіне рұқсат беріледі.
Саяхатшылардың айтуынша, олар алдымен қою қара түтінді, кейінірек жақындап келе жатқан сұр түсті суасты қайығының құрылымын байқаған. Қашықтық бір теңіз миліне дейін қысқарғанда, Герд Шекан радио арқылы байланысуға әрекет жасаған, алайда жауап болмаған.
Олар қайықты кері бұрып, суасты кемесін бақылауға тырысқан, бірақ сол сәтте белгісіз қайық кенет тоқтап, немістер бастапқы бағытына қайта бет алған кезде, параллель бағытта оларды қайта қадағалап отырған. Бұл "тыңшылық" әрекет шамамен жарты сағатқа созылып, артынша суасты кемесі бағыт өзгертіп, көзден ғайып болған.
Жол бойында Шекандар бірнеше рет көкжиекте сұр түсті әскери кемелерді байқағандарын, алайда олардың ешқайсысы яхтаға назар аудармағанын айтады. Клайпеда портына жеткен соң, литвалық яхташылар немістерден «Орыстар сіздерге тиіспеді ме?» деп сұраған. Der Tagesspiegel-дің жазуынша, мұндай жағдайлар бұл аймақта «жаңа қалыпты жағдайға» айналып бара жатыр.