Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:09, 07 Қыркүйек 2021

Ғибрат

None
None

Екі құнажын жайлы ертегі 

     Бұл ертегінің ерекшелігі – «Ерте, ерте, ертеде...» деп басталмайды.

Бірақ ертегі демеске тағы да лаж жоқ.

Әңгіме-ертегі екі құнажын жайлы болмақ.

Жо-жоқ, бұл әлгі мұқым қазаққа кредитке екі сиыр алып, біреуінің сүтін ішіп, екіншісін сатсаңдар байып шыға келесіңдер деген «ертегіге» де еш қатысы жоқ. Дей тұрғанмен әдемі ертегі сияқты мұнда да мұратына жеткен жандар туралы сөз қозғалады.

     Сенбейсіз бе? Онда оқып көріңіз.

        Сағымбай ақсақал бүгін күндегісінен ерте тұрып алған. Мазасыз.

Елең-алаңнан етектегі Кескентерек өзенін бойлай біраз жүрді, жаны байыз таптырар емес. Не істесе де, түндегі көрген түсі ойынан кетпей қойды. Неге жорырын білмей дал. Күн ұзаққа өз ойымен іштей арпалысқан ол тағы бір түн асырып, ертесіне кемпіріне түсін айтқан болған. Бірақ жорытпады. Өйткені өз түйгені бар.

        Шалының емеурінінен-ақ жан толқынысын толық ұғып, «Әкем түсіме кіріп жүр, «бұл жер саған мекен болмайды, қоныс ауыстыр» деді-сін естіген бойда қамдана бастамаса да, қайда көшер екенбіз деген бір ой мазалай берген. Ауыт-ауыт Сәкеңнің аузына қарап қояды. Ол кісі аса бір ыждағаттық таныта қоймаса да, ұшар құстай қомданып жүргенін байқау аса қиын да емес-тін.

       Осы түстен соң екі-үш апта өткесін бе, етек жақтағы ескі базды жығып, үйден әрірек тау-төбе қылып үйіп тастағанына: «Жайында тұрған базда нең бар?» – дей бере, сөзін мүлдем естімегендей сыңай танытқанына қарап «бір ойлағаны бар болар, орынсыз тірлік қылмайтын азамат қой» деп, үнсіз ығына жығыла салған. Сөйтіп жүргенде арада айлар өте шықты. Бәрі де ұмытыла бастаған сыңайлы еді.

        Бір түні қайдан келгені белгісіз бір алапат тасқын болып, айналаны қызыл су бассын… Сенсеңіз, әлгі етекке қарай сүріліп тасталған ескі баздың арқасында ғана бұлар аман қалған сияқты. Жеті-сегіз сиыры, азын-аулақ ұсақ жандығы түгел суға кетті. Сонда ғана мұның ойына осыдан біраз бұрын шалының жорытпаған түсі келген.

        Бала-шағасының аман қалғанының өзіне шүкіршілік еткен Сағымбай  ақсақалдың сағы сына қоймады. Суға кеткен сонша малдың өзін садақа дегендей қырқа жақты қамшысымен нұсқап, «біздің қоныс мына жер болады» деген күйі көшінің басын осы төбеге – Шөладырға әкеп тіреген. Бұл 2004 жылдың көктемі еді.

       Тігерге тұяқ қалмаған соң амалсыз бар ұятты жиып қойған Нұрқия апа совхоз директоры боп тұрған кластасы Көнекбаев Омархан Есілбайұлына барып жағдайды айтып көмек сұрайды. Ұят демекші, ес біліп етек жапқалы ер-азаматы тұрмақ, өзі кісіден бірдеңе сұрап не дәметіп көрмеген жандар үшін бұл, әрине, ауыр болатын.

       Бірақ сұрайтын да жөні бар. Адал еңбегінің өтеуі. Он жеті жасында осы ауылға келін боп түсе салысымен қарына шелегін іліп, сауыншылыққа кіргеннен зейнетке кеткенше бүгежеңдеп жүріп бір күн жұмыстан қалған емес. Соның салдарынан белі бүгіліп, бүкір тартты. Не бір күн ауруханаға жатып, не ине дегеніңді шаншытып көрмеген жан. Керек десеңіз, осы күнге дейін бір дәрі де ішіп көрмепті.   

        Ел іші. Бәрін көзімен көріп отырған деректір кластасы апайға екі құнажын жетектетіп жібереді. Сондағы қуанышты көрсеңіз. Апаның сөзімен айтқанда: шалы жетектеп, бұл кісі артынан айдап, кері тартқан екі құнажынды осы жерге әрең жеткізген. Сол екеу жетектеген екі сиыр басы 15-ке жеткенде бұлар қатты қуанған. Әр зейнетақыларына бір бұзаудан сатып алып қоса берген қос қария сиыр басы 30-ға жеткенде тағы бір қуанды. Енді қалған уақытта қуануға да уақыттары болмаған сияқты. Бұл күнде шаруашылықтағы 200 басқа жеткен сиырдың 90-ы сауын. Яғни 90 бұзауы тағы бар. Бірақ қазақ балапанды күзде бір-ақ санайды. Мінеки, ертегіге бергісіз әдемі әңгіменің әлқиссасы – осы.

       Бұл күнде әлгі екі құнажын адал еңбектің арқасында 300 бас сиырға айналған. Оның сыртында бірер үйір жылқы тағы бар. Қариясы бар қазақтың шаңырағы болғасын сәлем берер келімді-кетімді кісісіне қонақасылыққа шалынатын ұсақ жандықтың да үйірі көрінеді ана баурайдан. Сол құт болған екі құнажыннан соң, Құдай бұлардың қолын ешкімге жайғызбапты. 2012-18 жылдары Әлиев Бағдат Байшалұлы Кербұлақ ауданының әкімі болып қызмет атқарған уақытында мал шаруашылығын жүргізу үшін көмек ретінде 100 гектар жер телімін береді, болды. Ол кісіден кейін бұларды елеп-ескерген де ешкім болмапты. «Аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайдының» кері. Кім көрінген мақсатсыз алып жатқан мемлекеттік субсидиядан да жұрдай.

       83-тен асқан Нұрқия анамыздың айтқанындай, қожалық басшысы болып отырған ұлы Ержан да әкесі сияқты алақан жаюды ар санайды. Субсидияның әңгімесі көп. Соңында үнемі біреу жүгіріп жүруі керек дейді. «Оның да «шәпкесі» мен «пәпкесі» бар дегендей… Қазір онсыз тағы ештеңе шешілмейтін заман ғой. Жұмыс күші болса қат. Жұмысшы жоқ. Екі-үш шақырым жерде отырған ауылдан сиыр сауатын екі-үш қатын табылмайды. Малшы табу одан да қиын. Көбіне өзіміз жүгіреміз», – деген Ерекең:

 ––Осыншама үлкен шаруашылық болған соң, техника тағы керек. Онсыз шаруа өне ме? JOHN  DEERE комбайнын лезингке алған болатынмын. Шаруашылыққа қажетті қосалқы агрегаттармен қатар: трактор, КамАЗ, кран т.б. алдым. Бәрі керек. Сенсеңіз, жеті жылда 200 миллиондай шығын шығарыппын. Лезингі бар, пайыздары бар, қосалқы бөлшек, жанар-жағармай – бәрі ақша. Тиісті міндеттемелерін орындай алмаған шаруашылықтардың лезингке алған техникаларын қайтарып алып қойып та жатты. Соны көріп отырып намысқа тырысып, күн-түн демей жұмыс жасадым. Облыс көлемін аралап жүріп, «Джоныммен» талайлардың егінін орып беріп те ақша таптым. Өзім жүрдім. Шүкір, биыл барлығынан да құтылып, бір жеңілдеп отырған жайымыз бар, – деп бір тоқтады.

— Мен жоқта осында тұрған техникаларға керек саймандарды алуға қалаға, базарға осы кісі бүкшеңдеп өзі барады, – деп те бір күлдіріп қойды. Апаны айналаның бәрі таниды. Әсіресе қосалқы бөлшек сататындар. Бірде тіпті ешкіммен ақылдаспастан Алматыға барып, жүк тиегішті де өзі айдатып келіпті. Осы!

     Құдайына қараған қария қайырымдылық жағынан да қарап қалмапты. Жылда мешіттің 4-5 тонна көмірін мойнына алған. Мұнда жаңадан салынып жатқан мешіттің де ыдыс-аяғы мен керегінің біразын алып беремін деп, өз мойнына алып отыр екен. Осы айналаның тұрмысы төмен отбасылары мен жетім-жесірлеріне киім-кешек, ара-арасында сүт-майын беріп тұрады. Арнайы мал сойып, етін де таратып жатады.

       Қаскелең жақта бір науқас баланың керек дәрілерін мойнына алған. Дәрі-дәрмегінің өзі 60 мыңнан асқан кездері де бар. Жо-жоқ, бұл қылған қайырымдылығын санамалағаны емес, әншейін біз сұраған соң, балаларының айтқаны...

— Апа, болды, жетер! Демал енді, – деп, қаладағы қызы да үйіне алып кетіп, аяқ-қолын жылы суға да малып қойса керек. Болмапты.

— Қой, ауылыма барайын. Бұл менікі емес екен.

— Шалымның шаруашылығының бір бұрышына тіреу болсам да, көзім тірісінде шатқаяқтатпауға тырысамын. Сағымбайымның көзі ғой, бұл шаруашылық, – дейді.

      Алла ғұмыр берсе, алдымызға қойған арман-мақсаттарымыз да жетерлік. Малдың генетикалық сапасын арттыру үшін осы саладағы ғалым мамандармен де байланысымыз бар. Сүт саууды, жылына сиыр басына 4000-5000 литрге дейін жеткізсек. Ол үшін сапалы мал азығын жаздай жақсылап дайындау және т.б. Әрине, мұның бәрі заманауи технологияға байланысты. Ал ол тағы да қаржыға келіп тіреле беретіні белгілі ғой. Үкімет тарапынан жеңілдетілген несиелер болғанда әлдеқашан-ақ қол жеткізер едік, амал қанша?

Міне, қырда қалған қарапайым еңбек адамының ел дамуына қосып жатқан елеулі де ескерусіз үлесі.

       Жаз айларында тонналап өткізетін табиғи таза сүтінің де, етінің де тимеген еріндері жоқ шығар. Есесіне бұлардың еріндеріне ешкім су тамызуға асығар емес. «Ауылдағының аузы сасық» деген сол болар. Сол өкінішті.

       Біз қоштасып жолға шықтық. Таудан соққан самалмен жеткен 99 түрлі өсімдіктің өңменіңнен өпкен хош иісі бойыңды балқытқандай… Қыр үстіне салынған екі қабатты зәулім үйдің қасында шүйкедей ғана қария белін тіктеп, ақ жол тілеп, бізге батасын берді.

«Даламның бір-бір бөлшегі,

..........................................

Жусанның иісі бұрқырап,

Аман-сау жүрші, қарттарым»…

Иә, осы арада Сағи ағамыздың сағынышқа толы осы бір жолдары еріксіз еске оралды.

Біз де асыл қариямызға амандық тілеп аттандық.

                                                               Аман-сау жүрші, қарттарым...

Анық-қанық:

Ұсабаева Нұрқия Имақымқызы

Алматы облысы Гвардия ауданы қазіргі (Кербұлақ ауданы) Көксай ауылында 1938 жылдың 18 тамызында дүниеге келген.

Ауылындағы 8-сыныптық орта мектепті 1955 жылы тәмамдаған.

Сол жылы Ұсабаев Сағымбай Мұсаұлына тұрмысқа шығады.

1957 жылы «Красный Восток» қазіргі (Аралтөбе совхозы) колхозына сауыншы болып орналасады.

1992 жылы «Сағымбай» атты жеке шаруа қожалығын құрған.

Шаруа қожалығының деңгейін көтеру үшін неше түрлі: диқаншылық, мал шаруашылығы, елден сүт жинау, тағысын-тағы басқа жұмыстармен де айналысқан.

Бұл күнде төрт қыз, үш ұл – жеті баланы жеткізген ардақты ана.

Ұлдардың үлкені – Нұржан, Ержан және Бауыржан. Барлығы да өз еншілерін алып шаңырақ көтерген. «Ата көрген оқ жонар...» демекші, әкелерінің кәсібін әрі қарай жалғастырып, бүгінгі күні әрқайсысы жеке шаруа қожалығын құрып еңбек етуде.

Қыздардың бәрі тұрмыста. Үлкені – Сара көп жылдар бойы банк саласында қызмет етіп зейнетке шыққан, Талдықорған қаласында тұрады. Екінші қызы – Нұрқайрат Талдыбұлақ ауылында кітапхана меңгерушісі болып қызмет атқарады. Нұрқия апаның оң қолы десек те болады. Осы шаруашылықтың өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген жан. Ләззат есімді қызы Шұбар ауылында тұрады, Ержан бауырының жүргізіп отырған жеке шаруа қожалығының мүшесі. Кенже қызы Әндігүл Қарашоқы ауылында тұрады, медицина саласында қызмет етеді. Бәрі де өз орнында жауапкершілікпен еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген жандар.

Тамырын тереңге жайған бәйтеректей, марқұм Сағымбай атамыз бен Нұрқия апамыздың әулетінде он алты немере, жиырма төрт шөбере бар.

 2010 жылы «Алтын алқамен» марапатталып, 2013 жылы Кербұлақ ауданының құрметті азаматы атанды.

 Бүгінгі таңда Нұрқия апамыз сүтті бағыттағы 100-ге жуық сиырды сауып, қызы Ұсабаева Нұрқайрат екеуі шаруа қожалығының жұмысын алға қарай ілгерілетуге бар күш-жігерлерін салуда.

Еңбекпен көзін ашқан апамыз ешқашан ерінуді білмейді. Жасы келсе де, әлі күнге шаруашылықтың тізгінін нық ұстап, кіріс-шығыстың есебін жүргізіп, ұлдары мен келіндеріне бағыт-бағдар беруден бір жаңылған емес.

Апамыздың қолөнер шеберлігінің өзі бір төбе. Ол кісінің қолынан шыққан текемет, от киіз, құрақ көрпелер, ұлттық ою-өрнекпен тоқылған кестелер мен шілтерлер қазақи болмысты сақтап, үйге ерекше көрік береді. 

Дастархан мәзіріндегі құрт, ірімшік, сары май, иісі бұрқыраған таба наны мен бауырсағы ше? Жаздай бал татитын сары қымызының орны бір бөлек. Бүгінге дейін сепараторын тартып, құрт қайнатып, май шайқап отырғаны.

Салауатты өмір салтын ұстаған апамыздың осы өмірі кейінгі ұрпаққа мол үлгі-өнеге болатынына кәміл сенеміз.

Тегтер: