Ғибраты мол, сыйлы азамат еді...

(Мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің
туғанына 90 жыл толуына орай)
Ұмытпасам, 1969 жыл болу керек, Целиноград облыстық комсомол ұйымының кезекті пленум жұмысына Қазақстан жастар одағы орталық комитетінің бірінші секретары Өзбекәлі Жәнібеков келіп қатысты.
Ол тұста мен Қорғалжын аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқаратынмын. Сол жолғы іссапарында Өзбекәлі аға Қорғалжын мемлекеттік қорығын, әсіресе ондағы қоқиқаздарды (фламинго) көргісі келетінін білдіріпті. «Таңертең барады» дегесін, тездетіп елге оралып, аудандық партия комитетінің бірінші секретары Ақтан Төлеубаевқа хабарладым.
Ертеңінде қорық директоры, аупартком хатшысы үшеуміз Өзекеңді Сабынды ауылында қарсы алып, сол жерден Теңізге бір-ақ тарттық. Жол үстінде Өзаға атақты қобызшы Дәулет Мықтыбаев, белгілі композитор Кенжебек Күмісбеков, Қазақ Республикасына еңбек сіңірген әртіс, әнші Рабиға Есімжанова және басқа да дарындардың осы өңірден шыққанын тізіп келіп, «Дудар-ай» операсындағы Мәриям Жагорқызы жайлы әңгіме қозғады. Оның қай жерде жерленгенін сұрады. Теңізден қайтар жолда Рекина жерленген қорымға тоқтадық. Сол жерде Өзекең интернационал достықтың символы болған Мәриям мен Дүйсенге аудан орталығында арнайы жеке стелла орнату керек екенін, оның макет жоспарын жасауға қаржылай көмектесетінін де жеткізді.
Айтайын дегенім, сонда Өзекең өзін музыкаға ғана емес, сонымен қатар архитектура-сәулет өнеріне де жақын екенін көрсетті. Тағы бір байқағаным, ол ата салт-дәстүрлерін терең танып, оны қатты қадірлейтіні еді. 1970 жылы Алматыда комсомолдың 50 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Соңы мерекелік тойға ұласты. Кешкісін облыстық, қалалық, аудандық комсомол комитеттерінің хатшылары қатысқан «Голубой огонек» атты ресми шара ұйымдастырылып, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтарға ас берілді.
Бір қызығы, әдеттегідей табақ-табақ ет тартылды. Сонда Өзекең: «Ата салтымызда қадірлі қонақтарға ұсынылатын кәде бар», – деп, қойдың басын қасында отырған БЛКЖО (ВЛКСМ) орталық комитетінің бірінші секретары Е.Тяжельниковтың, ал жамбасын Кеңестер Одағының екі мәрте Батыры, ұшқыш-ғарышкер В.Севастяновтың алдына қойды. Артынша бәрі білсін деді ме, «Астан алып отырыңыздар, бізде асату деген де дәстүр бар», – деп сөзін әрі қарай жалғастырды.
Кеш соңында әнші Нұрғали Нүсіпжановтың орындауында композитор Бақытжан Байқадамовтың «Комсомолдар жыры» орындалды. Әсем әнге бәріміз қосылып бірге шырқадық. Қысқасы, бұл өткен мерекелік салтанат барлық қатысушыларға ерекше қуаныш-құрмет сыйлап, ұзақ уақыт есте сақталар кереметтей тамаша әсер қалдырды.
Ежелгі де қарт Торғай алғаш рет жеке облыс болып құрылғанда Өзбекәлі Жәнібеков облыстық партия комитетінің идеология жұмысы жөніндегі секретары болып сайланды (Торғай облысы бір таратылып, қайта ашылған-ды). Әдетте жаңадан ұйымдастырылған елді мекенде атқарылар жұмыс пен міндеттің көп болатыны айдан анық. Әсіресе облыс орталығы болған Арқалық қаласында тұрғын үй, мектеп, балалар бақшасы, аурухана, мәдени-сауда орындарын салу, басқа да әлеуметтік мәселелермен айналысатын мекемелер ашу бірінші кезекте тұрды.
1972 жылы қалада медучилище, кооператив техникумы, кейін Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институт ашылды. Сол жылы Өзекеңнің тікелей араласуымен Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының бір топ түлектері Арқалыққа қоныс аударып, облыстық қазақ драма театры өз жұмысын бастады. Олар алғаш театр шымылдығын «Айман-Шолпан» спектаклімен ашты. Сонда Өзекең жас актерлар мен көрермендерді қызу құттықтап, «Театр киімілгіштен басталады» деп астарлап айтқаны ойыма жиі оралады. Бәлкім, залда сырт киіммен отырғандар болған-ау, сірә?.. Естуімше, көптен бері аталмай келген Наурыз мейрамы Өзекеңнің ұсынысы бойынша ресми түрде қайтадан тойлана бастайды.
Негізі, Торғай өңірі ән-жырға, түрлі көркем шығармаға, шежірелерге, басқа да ұлттық қолөнеріне бай өлке. Мәселен, тек бір «Шертер» халық аспаптар оркестрінде сыбызғы, қылқобыздан бастап, бұрындары көріп, естімеген қазақтың көне музыкалық аспаптары көп болатын.
Әлі есімде, бірде облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Б.Шелоков шақырды.
– Бименде, облысымыздың Ленин орденімен марапатталу құрметіне арналған мәдени шаралар жоспары аясында бізге белгілі ақын-жазушылар келеді. Солардың бірі, жерлесіміз Ғафу Қайырбеков пен Сырбай Мәуленовтің Аманкелді және Жанкелді аудандарындағы оқырмандарымен кездесу кештерін өткізу жауапкершілігі саған жүктелген. Бұл Өзбекәлі Жәнібекұлының тікелей тапсырысы, – деді.
Сол жолы Арқалыққа Өзекең торғайлық дарындарды ғана емес, сонымен бірге Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановты шақырыпты. Сонда белгілі композитор мен атақты ақын екеуі «Арқалықтың ақ таңы» әнін жазды. Бір қуанарлық сәт, бүгінде бұл лирикаға толы сазды әуен танымал әнші Жұбаныш Жексенұлының репертуарынан берік орын алып, тамаша орындалып жүр.
Жалпы, Өзаға жайлы ел аузында үлкен сүйіншілікпен айтылып жүрген есті әңгімелер көп. Ол туралы 2018 жылы баспадан шыққан «Өмір өрісі» атты екінші естелігімде толық жазғаным бар. Сол кітапта жарияланған бір қызық әңгімені баяндайын. Бірде Өзекең іссапармен Жанкелді ауданында жүргенде байлаулы тұрған төбет иттің тамақ ішетін ыдысын көріп, соны үй иесінен сұрап алады. Сөйтсе, әлгі ағаш аяқ өте құнды көне қазына екен. Этнография-археологиялық комиссияның сараптамасы бойынша ол сонау Алтын Орда дәуірінен қалған, сақтардың хандары пайдаланған бағалы дүние көрінеді. Қазіргі күнде осы ескі көз жәдігер бұйым кезінде Өзекеңнің нұсқауымен арнайы жоба бойынша салынған Арқалықтағы үшқабатты өлкетану мұражайының төрінде тұр.
Міне, осындай дүниетанымы терең, өзінің бар саналы ғұмырында халқына аянбай еңбек еткен ұлтжанды азамат Өзбекәлі Жәнібековтің есімі егемен еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтан көшелерінің біріне берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Меніңше, мемлекет және қоғам қайраткері, көп жылдар Қазақстан компартиясы орталық комитетінің секретары болған ол бұл құрметке әбден лайық ірі тұлға. Өзекеңнің туып-өскен Түркістан облысында оның есімімен аталатын мектеп, көше, жастар сарайы бар екенін білемін. Әйтсе де астаналық ономастика кеңесіне жоғарыда жазылған пікірімді жеткізу орынды деп ойлаймын.
«Жақсының аты өлмейді...» деуші еді дана халық. Көпшіліктің көңілінен жылы орын алған марқұм Жәнібектің Өзбекәлісі киелі жер, қасиетті Арыстанбап кесенесінде жерленген. Қайран ардақты да аяулы аға, бақұл бол… Жатқан жерің жарық болғай...