Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 29 Желтоқсан 2023

Ғылым-білімнің бір жылы: хиджабтан баспанаға дейін

С. Нұрбек. Ғ. Бейсембаев
Фото: из открытых источников

2022 жылдың маусымында білім және ғылым министрлігі екіге бөлінді. Бұл қажеттіліктен туған шешім болатын.

Себебі оқушылар мен студенттердің саны демографиялық жарылыс есебінен жылдан-жылға артып келеді.

Бейсембаев
Фото:ҚР үкіметінің баспасөз қызметі

Бейсембаевтың бір жылы

Қаңтардың басында оқу-ағарту министрі қызметіне кіріскен Ғани Бейсембаевты «қарапайым мұғалімнен бастап өскен, білім саласын жақсы біледі, өзі қазақы адам (осындай да мақтау бола ма!)» деп мақтай қарсы алғандар болды. Бірақ қанша жерден ышқынғанымен, оның педагог мәртебесі бекітіліп, жалақылары көтеріліп жатқан тұсқа дөп түсіп, сүйкімі артып шыға келген Аймағамбетовтің көлеңкесінен шығуы оңай болмайтыны түсінікті болған.

Бейсембаев Аймағамбетов сияқты өзінен бұрынғы министрлерден қалған кемшіліктерді тізіп жатпады. Сірә, дайындығы аз болған шығар. Бірден жұртты таңғалдыруға күш салды. Келе салып оқу жылын 30 мамырға дейін ұзартып тастады. Әуелде «5 күндік оқуға көшкен кезде 34 оқу күнін жоғалттық, ол сағаттар басқа күндерге үлестірілді де, балаға түсетін салмақ артты. Осы жүктемені азайту үшін оқу жылын ұзарттық». Дегенмен сөзі қызу талқығы түсіп, жұрт жаппай қарсы шығып кеткен соң, райынан тез қайтты. Тиянақ оты жоқ, әрекеті Абай айтатын «лап бергіш, к...ті айналғыш, қайта ойланғыштың» кері болды.

Оқу жылы аяқталар тұста екіұшты сөйлеп, сөзін қайтып алған министр жаңа оқу жылы басталар тұста тағы да сөзінен жаңылды. Хиджаб дауы. Көпшілікке сөзін өткізе алмаған министр бұл жолы да райынан қайтуға мәжбүр болды. Бір жаздың өзінде екі рет сөзінен танған, екі рет қате шешім шығарған министр имиджін қалай түзеймін деп жүріп ұмытып кетті ме екен, 5 қыркүйекке дейін шығуға тиіс оқу жылын бастау туралы бұйрықты қазанда бірақ шығарды. Ал тарихта болмаған бұл құбылысқа таңданған мұғалімдер бірінші рет оқу жылын бұйрықсыз бастап жатты. Қызметін қызықтап, далаңдап сөйлеп, «жаңалық ашуға» құштар министр мұғалімдердің соры болатынын көріп тұрғанымыз бірінші рет емес еді.

Осындай ұсақ-түйекпен қолы бір босамаған Бейсембаев жұртты елең еткізердей, ең болмаса «жаңақазақстандық» реформа жасауға да асыға қоймады. Өзі ескірген, жарамсыз деп таныған білім бағдарламасын енді қалай өзгертер екен деп күткенімізбен, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті, вице-министр кезіндегі сияқты «жұмыс тобы құрылды, қаралып жатыр, әзірленіп жатыр» дегенді қайталаумен келеді. Бейсембаев дайындап болғанша оқушылар тағы біраз жыл министрдің өзі «жарамсыз» деп таныған бағдарламамен оқи тұратын сияқты.

Білім саласында реформа жасаудың оңай болмайтынын түсінді ме екен, онсыз да имиджі шатқаяқтап тұрған министр, тіпті тышқаншылап кеткендей әсер қалдырды. Білім сапасын қалыптастырудың басқа, «қағаздағы» формасын дұрыс деп тапты ма, әйтеуір министрлік осы жылы мектептерден 65 пайыз білім сапасын көрсетуді талап етіп, әбігерге салды. Ұстаздар тағы да шу көтеріп, министрліктің мұнысын «табиғат заңына қарсы шығу» деп бағалады. Осындай қиын-қыстау кезеңде күні өтіп жатқан министр жыл соңына қарай болымсыз жетістігінің өзін таудай қылып көрсетіп, ұпай жинауға көшті. PISA-2022 нәтижесі бойынша 81 елдің ішінен ТОП-50-ге кірдік деп сүйінші сұрады. Оның да шикіліктері шығып, тек бір бағыт бойынша ТОП-50-ге кіргенін айтып, дабыл қаққан ұстаздар аз болған жоқ.

Бүгінде Қазақстан бойынша мектептерде 280 мың балаға орын жетпейді. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 миллионға жетуі мүмкін. Президент осы мәселені реттеу үшін «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 2025 жылға дейін 1000 мектеп салуға тапсырма берді. Жобаны үйлестіру, мониторингілеу және әдіснамалық сүйемелдеу оқу-ағарту министрлігінің құзыретінде. Жоспар бойынша осы жылдың соңына дейін 132 мың оқушыға арналған 154 мектеп пайдалануға берілуі керек болған. Ал қазіргі есеп бойынша 95 344 орындық 109 мектеп пайдалануға берілген. Биылға берген уәделі 154 мектептің өзін соңына жеткізе алмай отырған министр енді екі жылда қалған 846 мектепті уақытында салып шығады дегенге сену қиын.

Мектептерді цифрлық қамту мәселесі де Бейсембаевтың басын аз ауыртқан жоқ. Қазығұрт ауданында интернеттің сапасыздығынан қыр жағалап жүрген мектеп мұғалімдерінің фотосы тарап, Бейсембаев та, басқасы да әбігерге түскені, одан кейін сырттай сабырлы көрінетін Смайыловтың өзі айқайға басып, Бейсембаевқа дүрсе қоя бергені кеше ғана. «Жыл фотосы» деп атауға тұрарлық суреттен кейін де бұл бағытта әлдебір өзгеріс бола қояды дейтіндей қимыл байқалған жоқ. Президент Тоқаев айтып келе жатқан қала мен ауыл мектептеріндегі білім теңсіздігін жою осы цифрландырумен тікелей байланысты. Осы бағытта оқу-ағарту министрлігі ЦДИАӨМ-мен бірлесіп мектептердегі интернет жылдамдығына қойылатын талаптарды бекіткен, инвентаризация жүргізген, Starlink технологиясына қосылу үшін интернет жылдамдығы төмен мектептердің тізімін жасаған. Соған қарамастан, нәтиже жақсарып кете салған жоқ, елдегі 7,7 мың мектептің 2,7 мыңында интернет талапқа сай емес. Яғни қыр жағалаған ұстаздар мен оқушылар министрдің жүйкесін келер жылы да жұқартады деген сөз.

Жаңа министрдің «жаңашылдығынан» шаршаған ұстаздар қауымының жайы өз алдына әңгіме. «Бейсембаев келгелі қағазбастылық еселеніп кетті, комиссиядан бас көтере алмаймыз, аттестацияның жаңа талаптарына қарасақ санат алу мүмкін емес, балалардың қабілеті мен қажеттіліктері ескерілмейді» деп қарсылықтарын ұдайы айтып жүрген бірқатар педагогтар ақырында министрдің отставкаға кетуін талап етіп, президентке ашық хат та жазды. Ал министр бұған қатысты конструктивті жауап қайырмады. Жұрттың назарын басқа жаққа аударғысы келді ме, әлде өзге мұғалімдерді өз жағына шығарғысы келді ме, награда үлестірумен айналысатынын мәлімдеді. Алайда педагогтарға санатына қарай Ы.Алтынсарин медалі мен алғыс хаттарды үлестіру туралы идеясы да, басқа бастамалары секілді наразылыққа ұшырап жатыр. Атқарып жатқан жұмыстарының тұла бойы тола қарсылыққа тап боп жатқанымен шаруасы болмаған Бейсембаев басын бұған еш қатырғысы жоқ. Нәтижесін келер жылы көреміз.

Биыл ұстаздарды қуантқан бір нәрсе болса, ол жалақының 25 пайызға артқаны шығар. Бірақ бұл да Бейсембаевтың сүйкімін арттыра алмады. Біріншіден, бұл бұрын бекітіліп қойған жоспарлы шешім. Екіншіден, дәл осы шешім шығып жатқан қарсаңда елеусіз қалған әлеуметтік педагогтар шу көтерді. Бір мектептегі 1000-2000 баланың тұрмысына қатысты жұмысты жалғыз атқаратын «соц педагогтар» министрдің бұл әрекетін алалаушылық деп бағалады. Айтпақшы, биыл бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ беріле бастады. Техникалық және кәсіптік білім беру саласында оқитын студенттердің стипендиясы көбейді. Бұл да бұрын шешіліп қойған ұйғарым болғандықтан, Бейсембаевтың үлесіне жазылар ұпай емес.

Қысқасы, антистатистика жүргізсе, бір жылы осылай өткен Бейсембаевты «Жыл министрі» деп атауға әбден болады.

Саясат Нұрбек
Фото: gov.kz

Саясат Нұрбектің бір жылы

Ғылым және жоғары білім министрлігін Аймағамбетовтен бөліп әкеткен, ведомствоны бір жарым жылдан бері басқарып келе жатқан Саясат Нұрбек жақында ғана: «Осы жылдағы нәтижеміз – үш ұлттық жоба, екі мемлекеттік бағдарламаны бір стратегияға жинап, жаңа құжат әзірлеп шықтық», – деп сұхбат берді. Бірақ әлі таныстырып үлгерген жоқ, министрліктің ресми сайтынан да ештеңе таппадық. Бір жарым жылда бітірген шаруасы ретінде айтып отырған стратегиясын келер жылы кеңінен талқылап қалармыз. Әзірге министр басқа бір мәселе бойынша мақтана тұрсын – ғылымға бөлінетін қаржы артыпты. «2023-2025 жылдары ғылымға бөлінетін ақша 650 миллиард теңге болады, бұл тәуелсіздік алғалы 30 жылда болмаған», – деп жарияға жар салған Нұрбек кейіннен: «Ғылымды басқару жүйесін өзгерту қажет, себебі бөлінген ақша шашылып жатыр, оны мойындауымыз керек. Біз АҚШ, Ресей, Қытайдағыдай іргелі ғылымды дамыта алмаймыз. Белгілі бір бағыттарды нақтылау керек» деп, жуас сөйлей бастады.

Қазір Қазақстанда 22 мың ғалым бар. Әрі олардың орта жасы қартайып барады. Потенциалды мамандар шетел асып жатыр. Аталған мәселелерді шешу, сапалы кадрлар санын арттырып, жастарды ғылымда ұстап қалу – президент берген тапсырманың бірі. Бағыттарын нақтылап үлгермеді ме, министр ғалымдарды материалдық тұрғыда қолдағанды дұрыс көріп, жас ғалымдарға баспана алу үшін жеңілдетілген несие берудің бағдарламасын жасады. Бірақ бұл жеңілдік барлық жас ғалымдар үшін бірдей қолжетімді емес екен. Тізімге ғылым және жоғары білім министрлігіне бағынышты 53 мекеме ғана енгізілген. Демек, басқа мекемеде, министрлікте жұмыс істейтін, ғылымға еңбегі сіңіп келе жатқан жас ғалымдар мұндай мүмкіндіктен шет қалады. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки осы мәселеге қатысты сауалымызға созылып жүріп жауап берді. Пилоттық жоба болғандықтан ғана осы министрлікке қарайтын мекемелердің жас ғалымдарына үй беріледі екен. Жарияланғанына бір айдай уақыт енді болғанына қарамастан, берілетін үйлердің лимиті бітіп қалған. Демек, Нұрбек баспана мәселесін де түбегейлі шешпеген. Оның үстіне Ахмед-Заки әр министрлік өз жас ғалымдарын түгендесін деген сыңайда жауап беріпті. Сонда Саясат Нұрбек салалық ғылымдарға көңіл бөлгісі келмей отыр ма екен?

Ғалымдарды даурықтырған тағы бір жайт – Ғылым және жоғары білім министрлігінің қызметкерлеріне арнап жазылған ұсыныс.Саясат Нұрбек ғалымдарға тарихи оқиғаларға, мысалы, отаршылдыққа, 1920-30 жылдардағы аштық, репрессия, қазір қоғам арасында даулы болып тұрған мәселелерге қатысты материалдар жазбау, БАҚ өкілдеріне сұхбат бермеу туралы нұсқау берген. Егер министрлік қызметкерлері қандай да бір ғылыми жұмыс жазатын болса, басшылықпен келісіп барып жариялау, сұхбат берген жағдайда мәтінді мұқият тексертіп алу тапсырылған. Мұны белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдері цензура, азаматтардың сөз бостандығына қол сұғу деп бағалап жатты. Нұрбек бұл тақырыпты ары қарай асқындырып алып бәлеге қалам деген болар, үнсіз ғана жатты да қойды.

Жаңа министрліктің жаңа министрі президент Қасым-Жомарт Тоқаев берген бір тапсырманы асыра орындауға тырысып жатыр. Жоғары білім алуға қолжетімділікті арттыру мәселесі. Министр қолжетімділік дегенді грант санын шамадан тыс арттыра беру ғана деп түсінген секілді, мемлекет есебінен оқитын орын санын бір-ақ жылда көтерді де тастады. Нәтижесінде, биыл өтініш берген 94 мың баланың 73 мыңы грантқа түсті. Сарапшылар мұның соңы жақсылыққа апармайды, бәсеке мен сапа мәселесі назардан тыс қалып қояды дегенді айтты. Бұлай жалғаса берсе, саны бар, сапасы жоқ, дипломы бар, жұмысы жоқ жастардың саны артып кетуі бек мүмкін дейтіндер де аз емес. Соған қарамастан, Саясат Нұрбек келер оқу жылында гранттарды 90-95 мыңға дейін көбейтпекші. Гранттың көбеюі сапаның түсуінен бөлек жатақхана мәселесін де күрделендіре түседі. Жақында ғана болған трагедия – арзан ғой деп хостел жағалаған студенттердің қазасы жақын арада ұмытыла қоймайды. 2026 жылы студенттердің саны 1 миллионға жетеді деген болжам бар. Қазірдің өзінде «әне-мінелеп» келе жатқан министрлік ол уақытқа дейін академиялық инфрақұрылымды демографиялық болжамдарға сәйкестендіріп үлгеруі екіталай. Бүгінде бір ғана Алматыдағы 35 университеттің жатақханаларында 37 мың орын ғана қарастырылған. Ал қажеттілік бұдан 5-5,5 есеге артық.

Жатақханадан бөлек оқу ғимараттарында да орын жетіспеушілігі артып келеді. Саясат Нұрбек: «Тапшылықты азайту үшін оқу форматын онлайн-офлайн, яғни гибридті түрге ауыстыруды қарастырып жатырмын», – дейді. Тіпті арнайы «Coursera қазақ тілінде» жобасын жасады. Алайда сабақтардың қазақша аударма деңгейі нашар. Әрі бағалау, тестілеу жүйесі академиялық негізде қолдануға жарамсыз. Демек, жоба әзірше өз мақсатын орындауға қауқарсыз. Бірақ министр бұған алаңдаушылық білдіре қоймайды, жетілмеген жобаға алғашында 2 млрд 460 млн теңге бөлінсе, алдағы уақытта одан бірнеше есе көп қаржы жұмсамақ. Себебі отыз жылда ғылымға мұндай ақша бөлініп көрген жоқ. Оған министрдің өзі де таңғалып жүр.

Баян Мұратбекқызы