Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:42, 22 Тамыз 2023

Ғимараттың сәні – интерьер-дизайнердің еңбегі

None
None

Рамазан Мырзаханұлы Жаңақорған ауданының тумасы. Қазіргі таңда Алматы қаласында интерьер дизайны саласында табысты кәсіп жасап отыр.

Үш жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан Hickmet Design дизайн студиясы тұрғын үйлер мен коммерциялық ғимараттардың ішкі дизайнын жасаумен айналысады. Қазіргі таңда кәсіпкер Рамазан 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Студияда дизайнерлер, техниктер, сату мамандары мен СММ менеджерлер еңбек етуде.

Ең қызығы, кейіпкеріміз әуел баста, бизнесті бастаған кезде ешқандай қаржы салмаған. Әдетте кәсіпкерлер кәсіп бастау үшін жиналған ақшасын құяды немесе несие алады. «Үйімді, көлігімді саттым» деп жататындар да бар. Ал Рамазан «ақырын жүріп, анық бас» деген қағиданы ұстанады. Айтуынша, алғашқы тапсырыс берушілері алдын ала төлем жасаған, ал өзі сол шағын ғана қаржымен шығатын барлық шығындарды өтеген.

— Жазу, сызу маған кішкентай күнімнен жақын болатын. 11 сыныпты аяқтап, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетіне Бейнелеу өнері және сызу деген мамандық бойынша оқуға түстім. Бірақ бұл мамандық жаныма жақын емес екенін түсінген соң оқудан шығып кеттім. Сөйтіп, келесі жылы кешенді тестілеуден өтіп, графика мамандығы бойынша қайта оқуға тапсырдым. Арада 4 жыл өтіп, оқуымды оқып жүрген едім. Алайда соңғы бесінші курста бір себептермен оқуымды жалғастыра алмай, шығып кеттім. Ақыры дипломсыз қалдым. Бірақ өзіме және өз күшіме сенуді тоқтатқан емеспін. Ештеңеге қарамастан, дизайн саласындағы ізденістерімді жалғастырдым, – дейді кейіпкеріміз.

Осылай жүргенде 2020 жылы карантин уақытында Рамазанға жиһаздарды орналастыру үшін интерьер дизайн жасауға ұсыныс түседі. Келіскен кәсіпкер тапсырыс бойынша алдымен оқыту орталығының кеңсесін, одан соң оқу орталығының өзінің интерьерін жасайды. Жобаны сәтті аяқтаған ол жаңа тапсырыстар қабылдауға, жарнама жасауға көшеді. Осылайша, Hickmet Design дизайн студиясы дүниеге келіп, қызметкерлері де, қызмет алушылары да көбейе бастайды.

— Кәсіп болған соң тапсырыс берушілермен ұсақ-түйек мәселелер болып тұратыны рас. Бірақ жаңадан жүрген бизнеске қаржылық қиындық ауыр тиеді екен. Есімде, бір кездері 6,5-7 миллион теңге қаржылық минус болды. Соған қарамастан, жұмысты жалғастырдым. Ақыры тынымсыз еңбек арқылы бұл қиындықтан да шықтық. Қазіргі таңда айлық айналым – 15 млн теңге. Осы үш жыл ішінде мыңға жуық клиентке қызмет көрсеттік, – деп нәтижелерімен бөліскен Рамазан болашақта кәсібін үлкейткісі келетінін де айтты.

Сөзінше, алдағы уақытта компания деңгейіне жетіп, айлық айналымды 100 млн теңгеден асыруды жоспарлап отыр. Рамазан бүгінгі таңда құрылыс компаниясын ашсам деген арман жолында еңбектеніп жатыр.

Тегтер: