Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:09, 13 Сәуір 2023

Ғиният денсаулығыңа емес, қалтаңа қарайды

None
None

Өткен жылдың аяғында еліміздің медициналық қызметіне көңілі толмаған халық Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттан отставкаға кетуін сұрады.

«Жалпы, денсаулық сақтау жүйесі мәселе көп туындайтын әлеуметтік сала. Бұл туралы президент те айтты. «Қазір министрлік, оның ішінде мен де осы мәселелерді шешуге тырысып жатырмыз. Отставка, тағайындау мәселелерін мемлекет басшысы шешеді. Сондықтан мұндай шешім қабылданса, мен дайынмын», деген министр отставкаға кетпек түгілі жақында осы қызметіне қайта тағайындалды. Халықтың пікіріне құлақ салса, ең болмаса былтыр жыл аяғындағы халық наразылығы ескерілер еді...

Өкінішке қарай, ескерілмеді. Ал медициалық қызмет барған сайын халықтан алыстап барады. Халық наразылығын ескермейтін, ел пікіріне пысқырмайтын сала міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында халық қалтасын қағып, тек қорға қаржы аударғандарға ғана қызмет көрсететін безбүйрек салаға айналып барады. Рас, о баста медициналық сақтандыру қорына ақша аудара алмайтын жұмыссыздар мемлекет есебінен сақтандырылады деп анық айтылған. Яғни «Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарын 15 жеңілдік жасалған санатқа бөліп, оның ішінде жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендерді анықтады. Олар ақша төлемейді, бірақ «сақтандырылған» деген мәртебесі бар. Егер азамат жеңілдік жасалған санаттардың біріне жататын болса, бірақ жүйеде «сақтандырылмаған» деп шығып тұрса, Азаматтарға арналған үкіметке жүгіну қажет. Жалпы, мәртебе автоматты түрде беріледі», – деген болатын. Алайда бүгінгі күні әсіресе ауылдық жерде талай тұрғын медициналық қызметсіз қалып отыр.

Зейнетке шыққанша шыдай тұр

Редакциямызға Қызылорда облысы Арал ауданының түкпірдегі бір ауылынан хабарласқан оқырманымыз: «Кеше ғана ауылға өкпені түсіретін жылжымалы көлік келіпті. Арнайылап аудан орталығына барып қарала бермейміз, ең болмаса ауылға келіп тұрғанда тексеріліп алайын деп бардым. Алайда медициналық сақтандыру қорына қаржы аудармайды екенсіз, сізге қызмет көрсете алмаймыз. Егер соңғы алты айдың әрқайсысына екі мың теңге көлемінде қаржы аударсаңыз, аппаратқа түсіреміз деді. Біздің ауылда мұғалім мен ауылдық амбулаторияның санаулы қызметкерінен басқа жұмыс көзі жоқ. Еріксіз қолдағы малдың сүтін құрт-ірімшікке айналдырып, күнімізді көріп келеміз. Одан жырмыштап, медициналық қорға қайдан ақша аударайын?! Кері қайттым. Екі жылда зейнеткерлікке шықсам, тегін қарайды дейді ғой. Соны күтерміз. Айтпақшы, қолдағы азын-аулақ малын қарап отырған балам барса да, аппараттарына түсірмей кері қайтарыпты. Ауылдан оған не жұмыс тауып берем? Тұрақты жұмысы жоқ жұмыссызға қайдан қаржы тауып құямыз қорларына. О баста жұмыссыздар мемлекет есебінен тегін қарала береді дегені қайда бұлардың?» – дейді. Не айтарымды білмедім. Мәселені анықтап алу үшін ауылдық амбулаторияның дәрігеріне де хабарластым. «Аты-жөнімді айтпай-ақ қойыңызшы, жұмысымнан айрылып қалғым келмейді, бірақ ауданнан келген тапсырма солай болды. МӘМС қорына қаржы аударғандарды ғана түсірді, рас» – дейді.

Ақша жинап, айыппұл салғыш мекеме

Ау, сонда о бастағы уәде қайда?! Қит етсе басты мақсатымыз – халыққа медициналық қызметті қолжетімді ету деп ұрандататындардың тірлігі неге басқа?! Тіпті МӘМС-ті қойып, «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының да көздеген мақсатына сенсек, аузыңды ашып, көзіңді жұмасың. «Азаматтардың өмір сүру ұзақтығын 2020 жылғы 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайту» дейді. Мәселен, ауылдағы қаншама жұмыссыз жандарға медициналық сақтандыру қорына ақша аудармадың деп медициналық қызмет көрсетпесек, аурудың қалай алдын аламыз?! Ал аурудың алдын алып, дер кезінде медициналық қызметпен қамтамасыз етіп отырмасақ олардың өмір сүру жасын қалай ұзартамыз?!

Жыл басында МӘМС қоры өткен жылы алматылық емдеу мекемелері 1 млрд теңгенің қызметін кемшіліктермен көрсеткенін айтқан. Нәтижесінде, қаладағы емдеу мекемелеріне 1 млрд теңге айыппұл салынған көрінеді. Жалпы емханалар көрсеткен қызметтен 93 мың кемшілік анықталып, 800 млн теңге айыппұл төлеген. Бұл бір ғана Алматы қаласы бойынша тіркелген заңсыздықтар. Ал сонда жалпы республика көлемінде тіркелген құқық бұзушылықтар қаншама?! Сақтандыру қорына ақша жинау үшін құрылған МӘМС енді айыппұл салғыш мекемеге айналған сияқты.

Тегтер: