Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:02, 30 Қаңтар 2024

Ғиният коронавирустың әсерінен шыға алмай жүр

Ғиният Ажар
Фото: из открытых источников

2020 жылы үкімет фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын қабылдады. Аталған жобаға сәйкес, 2025 жылға дейін 30 жаңа ірі фармацевтикалық өндіріс іске қосылып, дәрі-дәрмек өндірісінің көлемі 230 млрд теңгеге, экспорт көлемі 75 млрд теңгеге дейін өседі деп жоспарланған.

Ізін ала президент жолдауында да нысаналы көрсеткіш беріліп, 2025 жылы ішкі нарықтағы отандық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесін 17 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту тапсырылған. Алайда соңғы жылдары өндіріс көлемі азаймаса көбейіп жатқан жоқ. Пандемия кезінде сұраныс артып, дәуірлеген отандық өндіріс қазір қайта бәсеңдеп қалған.

Мәселен, 2022 жылы дәрі-дәрмек және фармацевтикалық препараттар өндірісі 18,2 пайызға қысқарды. 2021 жылы отандық компаниялар 198,7 млрд теңгенің өнімін шығарса, 2022 жылғы көрсеткіш 162,6 млрд теңгеге дейін төмендеген. Ал өткен жылдың 11 айында 144,3 млрд теңгенің тауары өндірілген. Осылайша, Қазақстанның өнеркәсіп өніміндегі фармацевтика өндірісінің үлес салмағы небәрі 0,3 пайызды құрап отыр. Ұлттық статистика бюросы ұсынған осы ақпараттарға қарап оң өсім жоқтығын байқауға болады. Бұл туралы фармтехнолог маман Жанерке Дәулетқызы:

«Өндіріс көлемінің артып, артынша бірден төмендеп кетуіне эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуы әсер етті. Себебі коронавирустық инфекцияның қаупі сейілген соң сұраныс та азайды. Әрине, ковидтің алғашқы толқынында дәрі-дәрмектерге сұраныстың еселенуі отандық нарықты өсірді. Ішкі нарыққа жан біткендей болды. Тіпті вакцина өндірісі де жолға қойылды. Дәл осы екпе шығару ісі 2021 жылғы фармацевтикалық өндірістің статистикасын көтеріп жіберді деуге де болады. Сәйкесінше, вакцина шығару тоқтаған соң, өндіріс көлемі де бірден кеміп кетті», – дейді.

Иә, қоғамда талай-талай шуға себеп болған вакцина да, оның Қазақстанда өндірілгені де есімізде. 2020 жылы желтоқсан айында Қарағанды фармацевтикалық кешені ресейлік Спутник V вакцинасын шығаруды бастады да, 2022 жылдың сәуірінде өндіріс тоқтатылды. Аталған аса ірі мемлекеттік тапсырысты орындаған ҚФК 2021 жылы дәрілік заттар өндірісі бойынша Қарағанды облысын үздік үштікке дейін көтерді. Осы кезде өңірдегі өндірістің жалпы көлемі 47,6 млрд теңгеге жетті. Ал вакцина шығару аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш бірден 2,5 есеге төмендеп, 19,1 млрд теңгені құрады. Сол кездегі денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов халықты коронавирусқа қарсы вакцинамен қамтамасыз етуге бюджеттен 50 миллиард теңге қарастырылғанын, оның 15 миллиарды Қарағандыдағы фармацевтика кешеніне бөлінетінін хабарлады. Бұл әртүрлі өндірушілерден вакцина сатып алуға қарастырылған мемлекет қаржысының үштен біріне тең. Сол кезде көпшілік бұл компанияның Қайрат Боранбаевқа тиесілі екенін айтқан. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Боранбаевтың ҚФК-сы 2021 жылы мемлекетке 3 млрд 68 млн теңге салық төлеген. Салыстыру үшін, кешен 2020 жылы салыққа небәрі 367 млн теңге берген. Мұның өзі вакцина өндірісінің қандай қарқынмен жүргенін көрсетеді. Осындай үлкен өндіріске қауқарлы техникалар мен тоңазытқыштар вакцина өндірісі аяқталған соң басқа өнім шығаруға бағытталды ма, жоқ па, білу үшін КФҚ-ға хабарластық. Кәсіпорын өкілінен тек «коммерциялық ұсыныстарға байланысты мәселелер бойынша почтаға жазыңыз» деген жауап алдық. Ал министрліктің айтуынша, Қарағанды фармацевтика кешені бұрынғыдай дәрі-дәрмек өндірісімен айналысып жатыр.

Десек те, вакцина өндірісі тоқтай салысымен құлдырай құлаған фармөндіріс статистикасы ешкімді алаңдатпайтын сынды. Себебі денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният та, вице-министр Жандос Бүркітбаев та Қазақстанда фармацевтикалық нарықтың көлемі өсіп келеді дегенді жиі айтады. Үкімет отырысында да, басқа жиындарда да: «Жалпы, елімізде фармацевтика саласында өндіріс көлемінің өскенін атап өткен жөн. 2021 жылы фармацевтика өнеркәсібі оң серпін көрсетті, бұл ретте фармацевтикалық өнімнің көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 124% құрайды. Биылғы қаңтар-сәуір айларында фармацевтикалық өнім көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5% өсті» деп 2021 жылғы өсімді айтып марқайып жүрген министр одан кейінгі динамиканы ашып айтпайтыны қызық. Бірде логистиканы, бірде шетелдік компаниялармен келісімін айтатын ол ішкі өндірісті назардан шығарып алғандай. ДСМ-ның бізге берген мәліметтеріне сүйенсек, қазір елімізде 159 отандық тауар өндіруші жұмыс істейді. Оның ішінде – 42-сі дәрілік заттар, 117-сі медициналық бұйымдар өндіруші. Олар жалпы алғанда 1 000-ға тарта дәрілік зат пен 1 800 медициналық бұйым шығарады. Бір естіген құлаққа көңілді «тойдыратын» сандар секілді. Алайда елде 7,5 мыңға жуық дәрілік препарат пен 11 мыңнан астам медициналық бұйым тіркелгенін ескерсек, сырттан алатын тауарымыз өзіміз өндіргеннен әлдеқайда көп. Дәріге келгенде де шетелдік өндірушілердің тұрақты клиентіміз. Елімізде жеткілікті шикізат базасы бар болса да, түрлі тұжырымдамалар қабылданып, қаржы бөлініп жатса да фармөндірісте сондай серпіліс байқалар емес. Бұл туралы медицина маманы, фармтехнолог Мұрат Аширов былай дейді:

«Дәрі өндірісін дамытудың алғышарты, процестің маңызды элементі – шикізат өндіру. Алайда Қазақстанда толық циклге қажетті жеке негіздердің өндірісі дамымаған. Мысалы, елімізде медициналық шикізат ретінде пайдалануға жарамды 6 мың өсімдік түрі бар. Ал біз соның 50 шақтысын ғана пайдаланамыз. Өйткені флорамыз бай болғанымен, дәрілік өсімдіктердің таралуы мен өсуі, оның экологиялық аспектілері зерттелмеген. Осылайша, ресурстың басым бөлігі игерусіз жатыр. Оған қоса, бізде технолог мамандар тапшылығы да бар. Ол да бүгінгі ахуалға әсер етуші факторлардың бірі. Тек соңғы жылдары ғана мамандар саны артып келеді. Ресурс, кадр болған күнде де, қаржы көзін табу мәселесі тағы бар».

Маман айтып отырған шикізат, кадр, ғылыми-зерттеулер мәселесінен бөлек, ішкі өндірістің тұрақты дамуына кедергі болып тұрған факторлар туралы министрмен болған кездесуде кәсіпкерлердің өздері айтқан болатын. Олар: ведомствоаралық және сектораралық өзара қарым-қатынастың жүйесіздігі; отандық тауар өндірушілер өнімінің нарыққа шығуын қиындататын, саланың инвестициялық тартымдылығын төмендететін кейбір заңнамалық олқылықтар; баға белгілеу мәселесі. Әсіресе соңғы тақырып көптің жырына айналған. Елде дәрі-дәрмектің бағасы мемлекет тарапынан реттеліп, жарты жылда бір рет шекті бағалар белгіленеді. Кәсіпкерлер шетелдік серіктестерімен доллар арқылы есептесетіндіктен, теңге құнына қарай бағаның көтерілуі орын алып отыратынын айтады. Сондықтан да дәрі-дәрмек тапшылығына жол бермеу үшін шекті бағаларды қайта қарастыру қажеттілігі жиі сөз болып жүр. Кәсіпкерлер ТМККК және МӘМС шеңберінде де, коммерциялық сегментте де дәрілік заттарға бағаны қатаң реттеудің болуы отандық фармацевтикалық өндірістің дамуын тежеп тұр деген пікірде. Баға жөнінде нақты ұсыныстарын жасап жатқандар да бар. Мысалы, 2023 тамызда «СК-Фармация» ЖШС дәрі-дәрмектерге үстеме бағаны өзгертуді ұсынған. Қазіргі уақытта кәсіпорын 3-7 пайызға дейінгі үстемені қолданады. Олар бұл көрсеткішті көбейтуге ниетті. Компания дәрі-дәрмекті жеткізу, сақтау, тасымалдау, елді мекендерге, әсіресе шалғайдағы елді мекендерге жеткізу қосымша шығын екенін жеткізіп, үстеменің өсуі дәріханалардағы бағаларға әсер етпейтініне сендіріп отыр.

Ал министрлік кәсіпкерлермен өтетін әр жиналысты «ұсыныстар берілді және оларды үкімет деңгейінде шешетін боламыз, стратегиялық шешімдер әзірленетін болады» деп аяқтайды. Бір жағы «жоспар 2025-ке дейін ғой» деп асықпайтын да секілді.

 

           Баян Мұратбекқызы