Голан үстіртіндегі бір жыл бізге не береді?
2024 жылғы қаңтарда парламенттің қос палатасы Біріккен ұлттар ұйымының миссияларына қатысу үшін Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің бітімгершілік контингентін жіберу туралы президенттің ұсынысын мақұлдады.
Əрине, Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына 20 жылдан бері қатысып келеді. Бірақ «бұл əн басқа əннен өзгерек». Өйткені Қазақстан əскерилері бітімгершілік миссияға алғаш рет дербес аттанып барады.
Биыл қаңтарда БҰҰ Қазақстанға тəуелсіз бітімгершілік миссиясын жасақтауға мандат берген. Бұл Қазақстан əскерилері бітімгершілік операцияларға өз еліміздің көк туы астында қатысады дегенді білдіреді. Қазақстанның тұңғыш тəуелсіз бітімгершілік контингенті Голан үстіртіне жіберілетін болды. Əскерилеріміз БҰҰ-ның миссиясын орындауға биыл наурыз айында аттанып, онда бір жыл қызмет атқарады. Алғаш рет өз туымыз астында барғалы отырмыз демесек, Қазақстан əскери қызметшілерінің бітімгерлік миссияға қатысудан тəжірибесі мол. Атап айтқанда, кейінгі 20 жылда 600-ден аса қазақстандық əскери қызметкер Біріккен ұлттар ұйымының бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемесіне атсалысқан.
Алдымен Біріккен ұлттар ұйымы бітімгершілік миссиясының маңызы туралы айта кетейік. Бұл қызмет 1948 жылы мамырда «Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік шарттарының орындалуын бақылау органы» деген атпен құрылған. БҰҰ 29 мамырды халықаралық бітімгершілік күні деп белгілеген. Ұйымның қауіпсіздік кеңесі бейбітшілікті сақтау бойынша алғашқы миссиясын 1948 жылы бекітті. Сол жылдан бері бейбітшілік пен тыныштықты сақтау үшін БҰҰ туы астында əлемнің əр түкпірінен келген миллионнан аса əскери қызмет етті. Тіпті 3700 əскери қызметкер осы жолда өмірін қиды.
Бірақ халықаралық ұйымның осы бағыттағы жұмысы əлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға зор үлес қосып келеді. Мысалы, миссия мемлекеттер арасындағы атысты тоқтатуға, ондаған жылдар бойы жалғасқан қақтығыстардан кейін күйреу алдында тұрған елдерді қалпына келтіруге күш салады.
Қазақстан бітімгершілік миссияларға белсенді қатысып жүр
Қазақстан – Біріккен ұлттар ұйымының бітімгерлік күштеріне əскер жіберетін Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет. Біздің əскердің бітімгерлік миссияларға тұрақты түрде қатысып келе жатқанына 20 жылдан асты. Қазақстан 2000 жылы НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы аясында бітімгерлік қызметін бастады. Сол жылы Қазақстанның бітімгерлік батальоны құрылған.
2003 жылдың тамызында 27 адамнан тұратын «Қазбаттың» инженерлік-саперлік жасағы Иракқа аттанды. Иракта бес жыл қызмет атқарған қазақстандық бітімгерлер 4,5 миллионнан аса оқ-дəрі, миналар, зымырандар мен снарядтарды залалсыздандырды. Сондай-ақ террористік шабуылдардан зардап шеккен жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетті. 6700 текше метрден аса суды тазартты. Бес жылда операцияға қатысқан құрам 10 рет жаңарып, барлығы 270-тен астам əскери қызметші Ирактағы миссияға қатысты. 2000 жылдан бері қазақстандық бітімгерлер 8 бітімгершілік миссияда қызмет атқарған.
Ирактан бөлек, 2014 жылдан бастап Кот-д' Ивуар, Батыс Сахара, Ливан, Орталық Африка Республикасы жəне Малидегі БҰҰ миссияларына біздің əскерилер қатысты. Аталған елдерге штаб офицерлері мен əскери бақылаушылар ретінде 60-қа жуық қазақстандық əскери қызметші (оның алтауы əйел) барды. 2018 жылы қазақстандық рота Ливанға аттанды, олар алғаш рет БҰҰ мандаты негізінде əрекет етті, бұл еліміздің бітімгершілік əлеуетін нығайтудағы аса маңызды қадам болды. Бес жылда ұлттық бітімгерлік контингентінің жеке құрамы сегіз мəрте жаңарып, жалпы 500-ден аса əскери қызметші жұмыс істеді. Қазір Батыс Сахарада біздің алты бітімгер қызмет атқарып жүр, оның екеуі əйел.
Сондай-ақ қазіргі уақытта Ливанда – 9, Батыс Сахарада – 6, Мали мен Орталық Африка Республикасында – 2 əскери қызметшіміз жүр. Жалпы Қазақстанның 19 əскері БҰҰ бітімгершілік миссиясының құрамында қызмет атқарып жатыр. Қазақстандық əскери қызметкерлердің БҰҰ аясындағы жұмысына халықаралық мамандар жоғары баға беріп отыр. Бұл Қазақстан қарулы күштерінің əлемдік рейтингтерде жоғары көтерілуіне оң əсер етіп, БҰҰ-ның Қазақстанға тəуелсіз бітімгершілік миссиясын жасақтауға мандат беруіне жол ашты.
Қазақстандық контингент Голан жотасына барады
БҰҰ Қазақстанға бітімгершілік миссияны өз бетінше орындауға, өзінің əскери техникасы жəне қару-жарағын алып, резерв ротасы ретінде «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді қадағалау жөніндегі күштері» миссиясына қатысуға мандат берді. Қазір аталған өңірде 12 елден барған мыңнан астам əскери қызметші жұмыс атқарып жатыр. Қазақстандық əскерилер төрт операцияға қатысады. Атап айтқанда, Голан биіктерінде, Оңтүстік Судан Республикасында, Абьейде, сондай-ақ Палестина мен Израиль арасындағы бітім шартының орындалуын бақылайды.
Голан үстірті – стратегиялық əрі даулы аймақ. Негізінен таулы жерлер болып келеді. Ливан, Сирия, Иордания жəне Израильмен шектесіп жатыр. Қазір Израиль бақылауында. Израиль 1981 жылы Голан жотасын өз меншігі деп жариялаған, бірақ кейін БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі бұл шешімді жарамсыз деп тапты.
Қазақстанның бітімгершілік қызметі тарихындағы алғашқы ұлттық контингент онда 1 жыл қызмет атқарады, одан кейін құрам жаңарады. Қазақстан бітімгершілік миссиясына жіберетін рота құрамында 139 əскери сарбаз болады. Олардың ішінде əртүрлі əскери персонал бар. Ол бітімгершілік, барлау, инженерлі-саперлік, техникалық жəне медициналық бөлімшелерді қамтиды. Демек, қазақстандық əскерилер ешқандай шиеленіске араласпайды, соғысқа қатыспайды. Бірақ аталған өңір даулы аймақ екенін ескерсек, мүлде қауіп жоқ деп айтуға да келмейді. Мұны қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов та жоққа шығармайды.
Қорғаныс министрлігі бұл шараға ел бюджетінен шамамен 8 миллион доллар қаражат бөлінетінін айтты. Оның көбі қару-жарақ пен керекті əскери техниканы тасымалдауға жұмсалады. Ротамен бірге 15 брондалған дөңгелекті көлік, 6 жол талғамайтын көлік, 4 камаз жəне бір шағын автобус жеткізіледі. Техникалар БҰҰ талабына сай таңдалған. Оның бəрін Алматыдан Ақтауға жеткізіп, одан əрі ұшақпен миссия орнына тасымалдайды. Жолға жұмсалатын 8 млн доллар резервтік бюджеттен аударылады. Билік мұның көп сома емес екенін айтып отыр. Əскер Голан жотасына жеткен соң, қалған шығынның бəрін БҰҰ көтереді.
Қазақстан əскерлері бітімгершілік операцияға баруға қарсы емес. Тіпті бір орынға 50 сарбаз таласқан көрінеді. «Миссиядан өту кезінде бітімгерлік контингентінің əскери қызметшілеріне ай сайынғы жалақысы үш есе көп төленетін болады. Бұдан өзге, БҰҰ бюджетінен олар ай сайын 1448 доллардан аса қаражат алады. Миссияда қызмет аяқталғаннан кейін əскери қызметшілер шипажайларда емделе алады жəне негізгі демалысқа жыл сайын қосымша 14 тəулік қосылады» деп хабарлады қорғаныс министрлігі. Ал қаза тапқан əскеридің отбасы 60 жалақы көлемінде ақша алады. Сондай-ақ БҰҰ 77 мың АҚШ долларын төлейді.
«Қазақстан əскерилерінің БҰҰ-ның бітімгершілік миссиясына дербес қатысуы – ұйымның біздің мамандарға оң баға бергенін білдіреді. Біріншіден, бұған дейін де бітімгершілік миссиялардан қалыс қалмай келе жатырмыз. Екіншіден, бұл тұрғыда азды-көпті тəжірибеміз бар екенін көрсеттік. Мысалы, 2018 жылдары Ирактағы миссияға қатысқан «Қазбат» сарбаздары алты жылда 4,5 миллион жарылғышты тазалаған. Мұның бəрін бітімгершілік қызметті ұйымдастырушы органдардың ескеретіні анық. Демек, бізге біршама жақсы баға берілді деп есептеуге болады.
Сондай-ақ мұндай бітімгершілік миссияға қатысуға өзіміз мүдделіміз. Голан жотасы – əртүрлі атыс-шабыс қимылдары болып қалу ықтималдығы бар аймақ. Онда біздің əскерилердің қызмет етуі шын мəнінде нағыз тəжірибе болады. Өйткені онда əр елден барған əскери бөлімдер жүр. Сондықтан саны аз болса да, онда қызмет еткен офицерлер мен əскерлер біршама тəжірибе жинайды. Онда барғандар елге келген соң да ұзақ мерзім əскери қызметті жалғастыратын адамдар, сондықтан бұл біздің əскерге біршама тиімді деп есептеймін», – дейді əскери шолушы Амангелді Құрметұлы.
Қуан Өмірхан