Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:47

Гомельдегі ыдыс-аяқ шығаратын зауыт Ресейге әскери дрондар жеткізіп отыр

Дрон
Фото: investigatebel.org

Беларусьте тұрмыстық мақсаттағы ыдыс-аяқ пен пластик өнімдер өндіретін «Завод Сантэкс» кәсіпорны санкцияларды айналып өтіп, Ресей армиясына Қытайда жасалған дрондар мен олардың бөлшектерін ірі көлемде жеткізіп отырған.

 Бұл туралы 4 желтоқсанда «Киберпартизандар» хактивистерімен бірлескен зерттеуін жариялаған Беларусь тергеу орталығы хабарлады.

Тергеу деректеріне сәйкес, Гомель қаласындағы фабрика Қытайда шығарылған дрондарды, сондай-ақ құжаттарда сипаттамасы көрсетілмеген тауарларды Ресейдің «Рустакт» компаниясына жөнелткен. «Сантэкс» бұл компаниядан 14 млрд рубльден астам (152 млн доллардан көп) қаражат алған. Украина әскери барлауының дерегінше, «Рустакт»  Ресейге  FPV-дрондардың негізгі жеткізушілерінің бірі, олар Украинадағы соғыста белсенді қолданылып жүр.

Тергеу орталығының мәліметінше, компанияның 95% үлесі Минскіде туған, 2000-жылдары Ресейге қоныс аударған Павел Никитинге тиесілі. Ол Ресей Қорғаныс министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне және «Росгвардияға» қызмет көрсететін шамамен 20-ға жуық компанияның иесі немесе құрылтайшысы саналады. Сондай-ақ зерттеушілер 2018 жылы «Сантэкс» зауытының қосымша иесі ретінде Павел Никитиннің егізі – Егор Никитин тіркелгенін анықтаған.

Беларусь тергеушілерінің есебі бойынша, 2022-2023 жылдары «Сантэкс» санкцияларды айналып өтуге көмектесіп, Қытайдың DJI компаниясы шығарған 309 дронды Ресейге 2 млн доллар сомасына сатқан. Жалпы алғанда, 2022 жылдан 2025 жылға дейін Беларусьте тіркелген 14 компания Ресейге 20 мыңнан астам дронды, жалпы құны 34 млн доллардан асатын көлемде экспорттаған.

Сонымен қатар, зерттеу деректерінде «Сантэкс» арқылы Никитин Чехия, Италия, Польша және АҚШ-та жасалған батыстық компоненттерді де Ресейге жеткізуді жалғастырғаны айтылған, бұл Мәскеуге қарсы санкциялар енгізілгеннен кейін де тоқтамаған.

Ресейлік «Рустакт» компаниясы 2024 жылдың желтоқсанынан бері ЕО мен Швейцария санкцияларының тізімінде тұр. Компания жасап шығаратын ВТ-40 дрондары («Судоплатов» деп те аталады) Ресейдің құпия дрон технологиялары орталығы – «Рубиконның» өзегін құрайды. Осы орталық пен оның өнімдері Ресей әскерінің Курск бағытындағы қарсы шабуылдарында, сондай-ақ Курск облысы мен Покровск үшін болған шайқастарда қолданылғаны хабарланған.

Тегтер: