Гонконгта Boeing ұшағы теңізге құлады

Гонконг халықаралық әуежайында болған әуе апаты салдарынан екі адам қаза тапты.
South China Morning Post басылымының хабарлауынша, оқиға дүйсенбі күні таңертең, Дубайдан ұшып келген Boeing 777 жүк ұшағы қонған сәтте орын алған.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ әуежайдың солтүстік ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, көлікпен соғысқаннан кейін теңізге құлаған.
Бастапқыда екі адамның із-түзсіз жоғалғаны хабарланған еді. Кейін олардың бірі, 30 жастағы ер адам, теңізден табылып, сол жерде қаза тапқаны анықталды. Екіншісі, 41 жастағы адам, ауыр халде ауруханаға жеткізілгенімен, жарақаттан көз жұмды.
Экипаж аман қалды
Ұшақтағы төрт экипаж мүшесі зардап шекпеген. Қазір апаттың себептері мен техникалық жағдайды Гонконг авиациялық билігі тексеріп жатыр.
Ұшу-қону жолағы уақытша жабылды
Гонконг халықаралық әуежайының солтүстік ұшу-қону жолағы тергеу аяқталғанша уақытша жабылды.
Апат орнында құтқару және техникалық қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр.