Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:42, 27 Қараша 2025

Гонконгтағы өрттен 44 адам қаза тапты

Гонконг
Фото: japantimes.co.jp

2025 жылдың 26 қарашасы Гонконгта Тай По ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйлер кешенінде басталған өрт бірнеше адамның өмірін жалмады.

Ресми мәліметке сәйкес, кемінде 44 адам көз жұмған, тағы 279 адам әлі табылған жоқ. 

Өрт қалай басталды?

Алдын ала деректерге қарағанда, өрттің ошағы Wang Fuk Court деп аталатын тұрғын үйлер кешенінің сыртында жүргізіліп жатқан құрылыс-әрлеу жұмыстары кезінде пайда болған. Тергеу барысында белгілі болғандай, ғимараттың қаптауында тез жанатын материалдар қолданылған, ал құрылыс құрылғылары өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес орнатылмаған.

Полиция өрттің осылай жылдам таралуын “немқұрайдылық” деп бағалап, құрылыс мердігер компаниясының үш өкілін қамауға алды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Құтқару жұмыстарының қиындығы

Өрт шыққан сәтте тұрғындардың басым бөлігі үйлерінде ұйықтап жатқан. Бірнеше минут ішінде жалын 20 қабатты екі ғимараттың сыртқы қаптауымен тез жоғары көтеріліп, адамдардың эвакуациялануын қиындатқан.

Құтқарушылар сағаттар бойы жалынды ауыздықтай алмай, тұрғындарды терезелер арқылы алып шығуға мәжбүр болды. Кейбір адамдар шатырға қарай қашқанымен, қою түтін мен жалын оған жол бермеген.

Өрттен аман қалған тұрғындардың айтуынша, қалың түтін бірнеше секундтың ішінде дәліздерді жауып қалған. Көпшілік баспалдаққа жете алмай, өз пәтерлерінде тұншығып, терезелерді ашуға тырысқан.

Куәгерлер не дейді?

Оқиға орнында болған тұрғындардың бірі өрттің қаншалықты тез таралғанын айтады:

“Басында шағын өрт сияқты көрінді. Бірақ шамамен 2-3 минуттың ішінде жалын 10-қабатқа дейін көтеріліп кетті.”

Тағы бір куәгер:

“Өрт дабылы кеш қосылды. Кейбір подъездерде мүлде жұмыс істемеген. Сол үшін көп адам уақытынан бұрын шыға алмады.”

Бұл кінәні одан әрі ауырлата түседі — қауіпсіздік жүйелерінің істен шығуы  бірнеше адамның өліміне себеп болуы мүмкін.

 Жергілікті билік із-түзсіз жоғалған 279 адамды табу үшін барлық күшті жұмылдырып отыр. Ғимараттың кей бөліктеріне кіру әлі қауіпті болғандықтан, іздеу жұмыстары баяу жүруде.

Гонконг билігі төтенше жағдай жариялап, зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Өрттен кейін мердігер компанияның үш қызметкері — объект басшысы, қауіпсіздік инженері және техник — қамауға алынды. Оларға “қауіпсіздік талаптарын қасақана бұзу” және “адам өліміне алып келу” баптары бойынша айып тағылуы мүмкін.

Алдын ала сарапшылар пікіріне сүйенсек:

  • ғимараттың қаптамасы жанғыш материалдан жасалған,

  • өрттен қорғаныс жүйелері (дабыл, су бүріккіштер) дұрыс жұмыс істемеген,

  • құрылыс алаңы дұрыс қоршалмаған.

Қоғам реакциясы

Әлеуметтік желілерде қайғылы оқиғаға байланысты наразылық күшейіп келеді. Тұрғындар биліктен:

  • тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін толық тексеруді,

  • кінәлілерді қатаң жазалауды,

  • зардап шеккендерге толық өтемақы беруді талап етіп жатыр.

Көпшілік қаладағы ескі ғимараттардың қаптау жұмыстары ұзақ жылдар бойы сын көтермейтінін айтып жүр. Сарапшылар Гонконгтағы  қаптама материалдардың қауіптілігіне бірнеше рет назар аударған еді.

Тегтер: